Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстан мұнайына сұраныс артты: Еуропада оның бағасы 122 долларға жетті

мұнай
Фото: magnific.com

Әлемдік нарықтағы физикалық мұнай тапшылығы Қазақстан мұнайына сұранысты арттырды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Қазақстан мұнайының қымбаттауына әлемдік нарықтағы физикалық шикізат тапшылығы әсер етіп отыр.

Сауд Арабиясының Янбу портында мұнай тиеу жұмыстарының тоқтауы және East-West мұнай құбырының жұмысына қатысты мәселелер Еуропа нарығында балама шикізатқа сұранысты күшейтті.

Reuters мәліметінше, Еуропада кейбір физикалық мұнай партияларының бағасы барреліне 122 долларға дейін көтерілген. Осыған байланысты мұнай өңдеушілер балама жеткізілім көздерін іздеп, АҚШ, Қазақстан, Алжир және Гайана мұнайына қызығушылық таныта бастаған.

Нарықтағы жеткізілімдердің қысқаруы Қазақстан мұнайына деген сұранысты арттырып, оның бағасына да жоғары қысым қалыптастырып отыр.

Еске салайық, бұған дейін Иран мен АҚШ арасындағы ықтимал келісімнің Қазақстан экономикасына әсері туралы материал дайындаған едік. Онда сарапшылар Иранның әлемдік мұнай нарығына оралуы мұнай бағасын төмендетіп, бұл Қазақстанның бюджеті мен теңгесіне қысым түсіруі мүмкін екенін айтқан. Сонымен қатар Таяу Шығыстағы жағдайдың тұрақтануы Қазақстан үшін жаңа логистикалық және экономикалық мүмкіндіктерге жол ашуы ықтимал екені атап өтілген.

Айым Атамбаева
Сәрсенбі, 16 Қыркүйек, 2026 15:14