Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Актер Нұрсұлтан Жақсыген 2 жыл 3 айға бас бостандығынан айырылды

Нұрсұлтан Жақсыген / Фариза Алмасқызы
Фото: Видеодан скриншот

Алматы облысының Қарасай аудандық соты актер әрі шоумен Нұрсұлтан Жақсыгенге қатысты үкім шығарды. Сот оны кінәлі деп танып, 2 жыл 3 ай мерзімге бас бостандығынан айырды. Үкім жарияланғаннан кейін актер сот залында қамауға алынды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Мұны жәбірленуші, актердің экс әйелі Фариза Алмасқызы әлеуметтік желідегі прақшасында жариялады. Ақпаратқа сәйкес, актер жазасын қауіпсіздігі орташа қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде өтейді.

"Сот Нұрсұлтан Жақсыгенді кінәлі деп танып, оған 2 жыл 3 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады", – деп мәлімдеді Фариза Алмасқызыэ.

Іс Қылмыстық кодекстің 274-бабы 2-бөлігінің 3-тармағы бойынша қаралған. Бұл норма онлайн-платформалар арқылы көрінеу жалған ақпарат таратуға қатысты жауапкершілікті көздейді. Мемлекеттік айыптаушы бұған дейін актерді үш жылға бас бостандығынан айыруды сұраған.

Сот жәбірленуші Фариза Сабырәлиеваның азаматтық талабын ішінара қанағаттандырып, оның пайдасына 5 миллион теңге өндіріп беруді міндеттеді.

Еске салайық, бұған дейін экс-әйелін балағаттаған блогер Нұрсұлтан Жақсыгенге желі қолданушылары бойкот жариялағаны хабарланған еді. Актер әйелін “көшедегі әркімнің біреуі”, “есік көрген қызды ешкім бағаламайды” деп кемсітіп, балағат сөздер қолданған. Сондай-ақ ол бұрынғы жарының тұрмыстық және жеке өмірін мазақтап, ар-намысына тиетін пікірлер жазған.

Осыдан кейін Фариза Алмасқызы экс күйеуінің үстінен арыз түсіргенін мәлімдеді. 

“Бүгінде Н.Жақсыген үстінен 2 баппен 2 қылмыстық іс қозғалды. Қылмыстық кодекстің 115-1-бабы және 274-бап 2-бөлігі, 3-тармағы бойынша іс қозғалды. Адвокатым екеуміз бұл істе сотқа дейін барып, соңғы нүктесін қоямыз! Заң алдында тиісті жазасын алады!" – деп жазды ол.

Ал актер даулы жазбалардың өзіне қатысы жоқ екенін айтып, олардың жалған парақшалар арқылы жарияланғанын алға тартты.

“Сот сараптама жүргізіп жатыр. Қазір менің атымнан көптеген жалған парақша ашылған. “Бодимассаж жасайды” деген пікірді мен жазған жоқпын, ол жалған. Мен тек балаларды көрсет деген сынды пікірлер қалдырдым”, – деді актер. 

Актер Нұрсұлтан Жақсыгенге қатысты қылмыстық істі Алматы облысы Қарасай аудандық соты қарады. 

Балнұр Рахматуллақызы
Сәрсенбі, 16 Қыркүйек, 2026 12:08