"Ұлттың жадын улауға болмайды": Депутаттар тарихи жалған ақпаратқа жедел жауап беретін жүйе құруды ұсынды
Қазақстанның ақпараттық кеңістігінде тарихқа қатысты күмәнді және бұрмаланған ақпараттың таралуына жедел жауап беретін арнайы тетік қажет. Осы жөнінде "Әділет" партиясы фракциясының депутаты Шолпан Каринова мәдениет және ақпарат министріне жолдаған депутаттық сауалында мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Депутаттың айтуынша, бүгінде тарихи сана тек оқулықтар мен ғылыми еңбектер арқылы қалыптаспайды. Әсіресе жастар Қазақстан тарихы туралы ақпаратты TikTok, Instagram, YouTube сияқты әлеуметтік желілерден көп алады. Осыған байланысты тарихи контенттің дереккөзі мен ғылыми негізділігіне мән беру маңызды.
"Ұлттың жадын күмәнді дерекпен, бұрмаланған мәліметпен улауға болмайды" деген Мемлекет басшысының Құрылтай сессиясының ашылуындағы сөзін келтірген Шолпан Каринова тарихи шындыққа объективті көзқарас қалыптастыру мемлекеттік деңгейде жүйелі жұмысты қажет ететінін атап өтті.

Депутат ақпараттық саясат тек мемлекеттік бастамаларды жариялаумен шектелмеуі керек деп санайды. Оның пікірінше, азаматтарға реформалардың мақсатын, нәтижесін және қоғамға әсерін түсіндіретін журналистикаға да басымдық қажет.
"Мәселе жұмыстың жоқтығында емес. Мәселе – оның мәні мен нәтижесін халыққа түсінікті тілде жеткізуде", – деді депутат.
Осыған байланысты "Әділет" фракциясы Үкіметке ұлттық тарихи сананы мемлекеттік ақпараттық саясаттың басым бағыттарының бірі ретінде айқындауды ұсынды.
Сонымен қатар депутат Қазақстан тарихына қатысты контенттің ғылыми негізділігі мен деректілігін қамтамасыз ететін жүйе құруды, тарихи жад пен ұлттық құндылықтарды дәріптейтін заманауи медиа-жобаларды қолдауды және әлеуметтік желілерде Қазақстан тарихын заманауи форматта насихаттайтын жобаларды іске асыруды сұрады.
Фракция тарихқа қатысты жалған және бұрмаланған ақпаратқа жедел жауап беретін тиімді механизм қалыптастыруды ұсынды.
Еске салайық, бұған дейін мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мектеп оқулықтарындағы қателер мен тарихи фактілердің бұрмалануын сынаған еді. Президент оқулықтардан 700-ден астам өрескел қате анықталғанын айтып, оқу материалдарын қайта қарауды тапсырды. Сондай-ақ әдебиет пен мәдениетте мұң-шер тақырыбына шамадан тыс мән берілетінін айтып, "ұдайы жапа шеккен ұлт" кейпінен арылу қажеттігін атап өткен.
Ауылда тұратын математика мұғалімі 3 сағатта шетелдік видеоны қазақша сөйлететін қосымша жасап шықты