Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Қауіп қатер көп": Депутат Ресейде жүрген қазақстандықтарды соғысқа жіберілуіне қатысты жауап берді

Соғыс қазақстандықтар Ресей депутут
Фото: Видеодан скрин

Құрылтай депутаты Ерлан Саиров Ресей армиясының құрамында Украинадағы соғысқа күштеп жіберілуі мүмкін болған қазақстандықтар туралы ақпаратқа пікір білдірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Депутат Ресейден жұмыс іздеп, соның ішінде OLX-тегі хабарландырулар арқылы жұмыс тапқан қазақстандықтардың соғысқа жіберілуіне қатысты мәселенің қалай шешіліп жатқанын түсіндірді.

“Қазір біздің Үкімет бұл мәселені дипломатиялық жабық арналар арқылы шешіп жатыр. Жағдай өте нәзік болғандықтан, әзірге көпшілікке қандай да бір мәлімет бере алмаймыз. Бірақ бір нәрсені айта аламын: бүгін біздің Үкімет бұл мәселемен дипломатиялық арналар арқылы айналысып жатыр", – деді Ерлан Саиров.

Ол қазіргі күрделі геосаяси жағдай кезінде азаматтар шетелге шығу туралы шешім қабылдар алдында ықтимал қауіптерді ескеруі керек.

"Халықаралық жағдай күн сайын өзгеріп жатыр, қауіп-қатер де көп. Әр азамат қандай да бір қадам жасамас бұрын өте сақ болуы керек. Егер азаматтар басқа елдерге баруды жоспарласа, заң мен тәртіпті сақтап, өз қауіпсіздігіне мұқият болуы қажет", — деді депутат.

Ол “Ресейде қазақстандықтарға жұмыс ұсынып жүрген делдалдарға қатысты қандай шаралар қабылданып жатыр” деген сауалға да жауап берді. Айтуынша, билік қоғамда көтерілген "барлық мәселемен" айналысып жатыр.

Еске салсақ, бұған дейін Ресейге жұмыс істеуге кеткен бір топ қазақстандық елге қайта алмай отырғаны туралы жазған едік. Жігіттердің айтуынша, олар күзет агенттігіне жұмысқа орналасу үшін барған. Алайда құжаттарға қол қойғаннан кейін оларға соғысқа аттануға міндетті екендері айтылған. Желіде тараған видеоүндеуден кейін сыртқы істер министрлігі Ресейдегі соғыс аймағынан қазақстандықтарды қайтару неге қиын екенін түсіндіріп, мәлімдеме жасады. 

Айым Болатқызы
Сәрсенбі, 07 Қазан, 2026 13:13