Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Анамды отбасыма араластырмаймын": Тәуекел Мүсілім отбасындағы шекара туралы айтты

Тәуекел Мүсілім
Фото: Instagram.com/mussilim

Актер Тәуекел Мүсілім “Әке” подкастына берген сұхбатында анасы мен жары арасындағы қарым-қатынасты қалай реттейтінін айтып, отбасында әркімнің өз шекарасы болуы керек екенін жеткізді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Тәуекел анасының өздерімен бірге тұратынын және осыған байланысты кейде тұрмыстық мәселелер туындайтынын жасырмады. Ол бұған дейін отбасындағы көп нәрсе өзі ойлағандай болуы керек деп есептегенін, кейін жұбайының да жеке пікірі мен қалауы бар екенін түсінгенін айтты.

“Басында бәрі мен ойлағандай болуы керек деп ойладым. Кейін өзімді жұбайымның орнына қойып көрдім. Оның да өз қалауы, өз көзқарасы бар. Ол да біреудің қызы ғой. Осы жағынан қарағанда, көп нәрсені басқаша түсіне бастадым”, – деді актер.

Тәуекел кейде әзілмен жағдайды жұмсартатынын да айтты. Алайда оның сөзінше, бұл “өздерің шешіңдер” деп шетке кету емес. Керісінше, ер адам мұндай жағдайда жауапкершіліктен қашпай, екі тараппен де сөйлесуі керек.

“Мен үндемей кетіп қалмаймын. Анама да түсіндіремін, әйеліммен де сөйлесемін. Өйткені бұл мәселені ер адам өзі реттеуге тырысуы керек”, – деді актер.

Ол әсіресе бала тәрбиесі мәселесінде буындар арасында айырмашылық бар екенін атап өтті. Анасы немерелерін тым еркелетіп жатқанын айтып қалатын көрінеді.

“Анам кейде “балаларың ерке, ойыншықты көп алып бересіңдер” дейді. Сонда мен “Анашым, сіздердің кездеріңіздегі тәрбие қазір дәл сол қалпында жұмыс істемейді” деп түсіндіремін”, – деді Тәуекел.

Актердің сөзінше, баланың ауырып қалуы сияқты жағдайда да үлкендер алаңдап, өз кеңесін айтуы мүмкін. Бірақ ол әр ата-ана осындай кезеңдерді өзі өткеріп, тәжірибе жинауы керек деп санайды.

іБіз бәрін өзіміз шешуге тырысамыз. Себебі әр ата-ана осы кезеңдерден өзі өтуі керек. Бұл – олардың тәжірибесі”, – деді ол.

Тәуекел бұл ұстанымын болашақта өз балаларына да қолданғысы келетінін айтты. Ол жұбайы Махаббатпен ұлдары өскенде олардың жеке отбасына араласпау туралы алдын ала сөйлескенін жеткізді.

“Ертең ұлдарымыз үйленеді, әрқайсысының өз әйелі болады. Сол кезде олардың отбасына араласпайық деп келісеміз”, – деді актер.

Оның айтуынша, отбасы тыныштығы үшін әр буынның шекарасын құрметтеу маңызды. Сонымен бірге ер адам анасы мен жарының арасында бір тарапты ғана қолдамай, екеуімен де сөйлесіп, түсіністік орнатуға тырысуы керек.

Еске салайық, бұған дейін актер Тәуекел Мүсілім әкесімен ашық сөйлесе алмағанын айтып, жан сырын ақтарғаны хабарланған еді.

Балнұр Рахматуллақызы
Сәрсенбі, 07 Қазан, 2026 12:59