"Әділет" партиясы мектептер мен ЖОО-ларда жаңа Конституцияны түсіндіретін сабақтар өткізуді ұсынды
"Әділет" партиясы фракциясының депутаты Ерлан Сайыр Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова мен Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбекке жолдаған депутаттық сауалда мемлекет басшысының бастамалары мен жаңа Конституцияның негізгі нормаларын халыққа түсіндіру жұмыстарын күшейтуді ұсынды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Депутат Ердан Сайырдың айтуынша, Конституциядағы өзгерістерден кейін Қазақстанда мемлекеттік басқару жүйесінде маңызды өзгерістер болды. Ол жаңа модельдің негізгі қағидаларын халыққа түсіндіру қажет деп санайды.
"Әділет" Фракциясы Мемлекет басшысы Тоқаевтың прогрессивті саяси реформаларын нық бекіту үшін мемлекеттік құзырлы органдар келесі қадамдар жасауы қажет деп есептейді:
- Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, Еліміздің жаңа Конституциясының новеллалары мен нормаларын халық арасында жүйелі түсіндіру:
- Жаңа Конституция құндылықтарын жеткіншек ұрпаққа да, ересектерге де толыққанды насихаттаудың ұтымды, заманауй бағыттарын кешенді түрде ойластыру өзекті.
- "Адал Азамат", "Заң мен Тәртіп", "Таза Қазақстан" концепцияларының бір реттік акция емес, қоғамның дамуы, азаматтармен мемлекет қарым-қатынасының жаңа келбетіне бастайтын терең философиялық бағыт екендігін айқындау.
Осыған байланысты ол мектеп, жоғарғы оқу орындарында, аталған концепциялардың маңызы жөніндегі тақырыптық сағаттар өткізу, әдістемелік курстар ұйымдастыру, аталған концепцияларды насихаттап, іс-жүзіне асырудың жүйесін жасау маңызды екенін атап өтті.
Депутаттар министрліктен жаңа Конституцияның нормаларын халық арасында жүйелі түрде түсіндіру және оның құндылықтарын жастар арасында насихаттаудың заманауи тәсілдерін әзірлеуді сұрады.