Ерлан Қарин Джеки Чанмен кездесті
Қазақстанның вице-президенті Ерлан Қарин әлемге әйгілі актер әрі режиссер Джеки Чанмен және халықаралық киножобаның түсірілім тобымен кездесті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Ақорда мәліметінше, кездесуге Джеки Чаннан бөлек шетелдік және қазақстандық продюсерлер Эсмонд Рен, Рүстем Омаров, Игорь Цай және Орынбасар Құдайбергенов қатысты. Тараптар кино саласындағы халықаралық әріптестікті кеңейту және алдағы уақытта бірлескен жобаларды жүзеге асыру мүмкіндіктерін талқылады.
Ерлан Қарин Қазақстанда ірі халықаралық фильмдердің түсірілуі отандық киноиндустрияның дамуына, жергілікті мамандардың тәжірибе жинауына және елдің халықаралық киноөндіріс алаңы ретінде танылуына ықпал ететінін атап өтті.
Кездесуде кино өндірісіне жаңа технологиялар мен жасанды интеллектіні енгізу мәселесіне де назар аударылды. Ерлан Қарин Астанада өткен Astana AI Film Festival туралы айтып, байқауға 125 елден 8 мыңнан астам өтінім түскенін жеткізді.
Кездесу соңында вице-президент Джеки Чанға Қазақстанға деген жылы ықыласы үшін алғыс айтып, түсірілім тобына шығармашылық табыс тіледі.
Еске салайық, 2025 жылғы қыркүйекте Джеки Чан Алматыға келіп, қазақстандықтардың үлкен қызығушылығын тудырған еді. Кейін “Құдайдың сауыты” фильмінің төртінші бөлімі Қазақстанда түсірілетіні белгілі болды.
Биыл мамырда актер бұл жобаның Қазақстандағы алғашқы, бірақ соңғы жұмысы емес екенін айтқан. Ал маусымда Маңғыстау облысында халықаралық киножобаның түсірілімі басталды. Фильмдегі экшн көріністерін қоюға Джеки Чанның өзі атсалысады.
Ал 9 шілдеде Джеки Чан Алматыға келген еді. Онда Armour of God: Ultimatum халықаралық көркем фильмінің ресми басталу рәсімі өтті. Салтанатты шарада ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева актерге Қазақстан мен Қытай арасындағы мәдени байланысты дамытуға қосқан үлесі үшін алғыс білдірген еді.
