Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Құрылтайда шоты бұғатталған қазақстандықтарға күнкөрісіне ақша қалдыру мәселесі көтерілді

Ақша купюра
Фото: Stan.kz

Қазақстанда қарызына байланысты банк шотына тыйым салынған азаматтарға күнделікті қажеттіліктеріне жұмсайтын ақша қалдыру ұсынылды. Ұсынысты “Ауыл” партиясының депутаттары айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Депутаттар Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменовке жолдаған сауалында шоты бұғатталған азаматтар күнделікті қажеттіліктеріне ақша жұмсай алмай қалғанын айтты.

Әділет министрлігінің мәліметінше, атқарушылық істер бойынша 1,5 миллион адамның банк шотына тыйым салынған.

Қазір адамдардың көпшілігі жолақы, байланыс, коммуналдық қызметтер, азық-түлік пен дәрі-дәрмек сияқты күнделікті шығындарын банк картасы арқылы төлейді. Ал шот бұғатталған кезде азаматтар өз ақшасын пайдалана алмай қалады. Депутаттардың айтуынша, бұл жағдай адамның жұмыс істеуіне де кері әсер етуі мүмкін.

“Еңбегімен тапқан ақшасын пайдалана алмайтын адамның жұмыс істеуге деген ынтасы төмендейді. Ал қарызын тұрақты табысы бар адам ғана өтей алады. Бұл – дәлелдеуді қажет етпейтін қарапайым нәрсе”, – деді “Ауыл” партиясының депутаттары.

Қолданыстағы “Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы” заңға сәйкес, борышкердің табысының кемінде 50%-ы және өмір сүруіне қажет ең төменгі қаражат сақталуы керек.

Алайда депутаттар бұл талаптың іс жүзінде толық орындала бермейтінін айтnы. Шотқа тыйым салынған кезде адамның күнделікті қажетіне арналған ақшасына да қол жеткізуі қиындайды.

Осыған байланысты депутаттар банк пен клиент арасындағы кредит шартында борышкердің күнделікті өміріне қажет ең төменгі соманы сақтап қалу туралы талап болуын ұсынды.

Олардың пікірінше, бұл ақша шот бұғатталған жағдайда да автоматты түрде қолжетімді болуы керек. Сонымен қатар азаматтың азық-түлік, дәрі-дәрмек, жолақы және басқа да қажет шығындарына арналған қаражатты пайдалану тәртібі нақты белгіленуі қажет.

Депутаттар бұл ұсыныс борышкерлерді қарызын өтеуден босатуды көздемейтінін айтты. Мақсат – азамат қарызын өтеп жүріп те, ең қажет күнделікті шығындарын жаба алатындай қаражаттың қолжетімді болуын қамтамасыз ету.

Айта кетейік, бұған дейін Қазақстандықтардың банк алдындағы қарызы 25 триллион теңгеден асқаны туралы жазған едік. 

Нұрила Жұмаділлә
Сәрсенбі, 07 Қазан, 2026 12:33