Тимур Құлыбаевтың Halyk Қоры қаза тапқан әскери қызметкерлердің отбасыларына 25 миллион теңге беріп, Halyk Bank марқұмдардың қарызын толықтай кешіреді
Тимур Құлыбаевтың Halyk қоры Маңғыстау облысында Каспий теңізінің жағалауында өткен оқу-жаттығу кезінде қаза тапқан әр әскери қызметкердің отбасына қолдау көрсету үшін 25 миллион теңгеден бөледі. Ал Halyk Bank мерзімді әскери қызметкерлердің банк алдындағы қарыздарын толықтай кешіреді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Қор мен банк басшылығы қаза тапқандардың туған-туыстары мен жақындарына көңіл айтты.
"Жақын адамнан айырылу – сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес қиын қасірет. Біз қаза тапқандардың отбасыларына қайғырып көңіл айтамыз, ауыр қазаларына ортақтасамыз. Әскери қызметкерлердің туған-туыстарына, достары мен әріптестеріне шын жүректен көңіл айтамыз. Осы ауыр күндері біз қаза тапқандардың отбасыларының жанынан табылып, оларға қолдау көрсеткіміз келеді", – деп атап өтті Тимур Құлыбаевтың Halyk қоры мен Halyk Bank.
Айта кетсек, қайғылы оқиға 24 қыркүйекте оқу-жаттығу кезінде болды. Әскери қызметкерлердің қаза табуына байланысты 25 қыркүйек Қазақстанда жалпыұлттық аза тұту күні болып жарияланды.