Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Сеулде профессор 20 жылдан астам уақыт бойы қазақ тілін оқытып жүр

сеул профессоры
Фото: Ақорда

Оңтүстік Кореядағы Хангук шет тілдері университетінің профессоры Сон Ён Хун ширек ғасырға жуық уақыт бойы корей студенттеріне қазақ тілін үйретіп келеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Оңтүстік Корея астанасы Сеулде қазақ тілін ұзақ жылдар бойы зерттеп, оны корей жастарына үйретіп жүрген ғалымның еңбегі жоғары бағаланды.

Хангук шет тілдері университетінің (HUFS) профессоры әрі Орталық Азияны зерттеу институтының директоры Сон Ён Хун қазақ тілін 20 жылдан астам уақыт бойы оқытып келеді.

Ғалымға мемлекеттік награда Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Корея Республикасына ресми сапары аясында табысталды. Сон Ён Хун бірнеше корей азаматымен бірге II дәрежелі "Достық" орденіне ие болды.

Аталған орден Қазақстан мен Корея арасындағы достық қарым-қатынасты нығайтуға, сондай-ақ сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықтың дамуына елеулі үлес қосқан азаматтарға беріледі.

Сон Ён Хунның айтуынша, қазақ тілін меңгеру – Қазақстанның тарихы мен мәдениетін, Ұлы дала өркениетін және көшпелі халықтың дүниетанымын тереңірек түсінудің бір жолы. Осы себепті ол қазақ тілін жай ғана оқу пәні емес, Қазақстан мен Корея халықтарын жақындастыратын рухани көпір ретінде бағалайды.

Марапаттау кезінде Қасым-Жомарт Тоқаев профессордың көп жылғы еңбегін атап өтіп, оның қазақ тілін өте жақсы меңгергеніне және есте сақтау қабілетінің мықтылығына ерекше тоқталды.

Сон Ён Хунмен қатар II дәрежелі "Достық" орденімен Корея Республикасы Ұлттық жиналысының депутаттары Мэн Сон Гю мен Ли Чжэ-кан, Сеул киберуниверситетінің президенті Ли Сан Гюн және Hyundae General Hospital көпбейінді клиникасының директоры Ким Бу Соп та марапатталды.

Еске салайық, бұған дейін Токио губернаторы Юрико Коикэ Қасым-Жомарт Тоқаевты Жапония астанасында қазақ тілінде "Қош келдіңіз!" деп қарсы алған еді. Кездесу барысында тараптар цифрландыру, Smart City технологияларын дамыту, жасанды интеллектіні қаланы басқару жүйесіне енгізу және мегаполисті орнықты дамыту мәселелерін талқылады.

Айым Атамбаева
Сейсенбі, 15 Қыркүйек, 2026 09:29