Димаштың испаниялық жанкүйерінің қазақ әнін үйрену тәсілі жұртты күлкіге қарық қылды
Димаш Құдайбергеннің Испаниядағы жанкүйері қазақ әнін жаттаудың ерекше тәсілін көрсетіп, TikTok қолданушыларының көңілін көтерді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
TikTok қолданушысы Yolinata парақшасында Димаштың әндерінің мәтінін жаттап отырған сәтінен бірнеше видео жариялаған. Ол “Ұмытылмас күн” әнінің сөздерін ресми мәтіннен емес, естілуіне қарай латын әріптерімен жазып алған.
Әйел қазақша сөздерді қалай естісе, дәл солай қағазға түсіріп, әнді түпнұсқада орындауға тырысқан.
Мәселен ол:
“Пай-пай шіркін Ұмытылмас күн – pai pai ser kan, omo tal maskens
Аңсап күткен арманым сен – amsap kur ken arma nam sie
Алаулаған таңдарым сен – alau la jan tandra ram sie”, – деп жазып қойған.
Оның бұл әрекеті көпшілікке қызық көрініп, видео қысқа уақытта ондаған мың қаралым жинады. Желі қолданушыларының көбі бала кезінде шетел әндерін дәл осылай жаттағанын еске алды.
“Біз де ағылшын әндерін осылай қате айтыппыз ғой”, “Бумеранг деген осы шығар, енді шетелдіктер қазақ әндерін осылай үйреніп жүр”, “Бұрын өзіміздің ағылшынымызға күлетін едік, енді қазақшаға күліп отырмыз”, – деп әзілдеді пікір қалдырғандар.
Сонымен қатар қазақстандықтар испаниялық жанкүйерге қазақ тіліне және Димаш Құдайбергеннің шығармашылығына қызығушылық танытқаны үшін алғыс айтты.
Көпшілік ән сөздерін жаттаудың мұндай тәсілі күлкілі көрінгенімен, туындыны түпнұсқа тілінде орындауға деген талпынысы құрметке лайық екенін жазды.
Қазақстанның қай өңірлерінде жаңа жұмыс орындары көп ашылады
