Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ауылда тұратын математика мұғалімі 3 сағатта шетелдік видеоны қазақша сөйлететін қосымша жасап шықты

мұғалім
Фото: Дәуіт Сұрағанның жеке дерекқорынан

Шетелдік видеоны қазақша көру үшін енді субтитрге үңілу міндетті емес. Ақмола облысында математика пәнінен сабақ беретін мұғалім Дәуіт Сұраған жасанды интеллект көмегімен шетел тіліндегі видеоларды қазақша дыбыстайтын DybysDub браузерлік қосымшасын жасап шығарды. Сервис видеодағы кейіпкерлердің дауысын, интонациясын және сөйлеу мәнерін сақтап, мәтінді қазақша дубляждауға мүмкіндік береді. Ең қызығы – мұғалім алғашқы жұмыс істейтін нұсқасын небәрі 2-3 сағатта құрастырған. Stan.kz тілшісі маманмен сөйлесіп, жобаның қалай пайда болғанын және қазақ тіліндегі цифрлық контентті арттыру үшін технологияны қалай пайдалануға болатынын сұрады.

 

“IT бастапқыда хобби болды”

Дәуіт Сұраған – Ақмола облысы Целиноград ауданындағы Қараөткел ауылындағы мектеп-лицейде математика пәнінің мұғалімі. Негізгі жұмысы сабақ берумен байланысты болғанымен, бос уақытында IT және жасанды интеллект бағытында түрлі жобалар жасап жүр.

“IT саласындағы негізгі қызығушылығым – жаңа технологияларды зерттеп, оларды білім беру мен қазақ тіліне пайдалы бағытта қолдану”, – дейді ол.

Мұғалімнің айтуынша, IT саласына бірден кәсіби маман ретінде келген жоқ. Алғашында технология оған хобби болған.

Студент кезінде графикалық дизайнмен айналысып, Photoshop, графика және видеоға қызыққан. Кейін веб, боттар мен бағдарламалауға ден қоя бастаған. Ал ChatGPT пайда болған соң бұл қызығушылығы нақты жобаларға айналыпты.

“Бұрын код жазу үшін міндетті түрде кәсіби бағдарламашы болу керек деп ойлайтынмын. Кейін жасанды интеллектінің көмегімен бағдарламалауды терең білмей-ақ, өз идеямды кодқа айналдырып, жоба жасауға болатынын түсіндім. Демек жасанды интеллект мен сияқты бағдарламалау тілдерін терең білмейтін адамға IT әлемінің тағы бір есігін ашты”, – дейді Дәуіт Сұраған.

DybysDub қалай пайда болды?

DybysDub идеясы Дәуіттің ойында біраз уақыт жүрген. Алайда оны нақты жобаға айналдыруға Назарбаев университетінің Жасанды интеллект институты Institute of Smart Systems and Artificial Intelligence (ISSAI) әзірлеген ISSAI Voice Studio платформасындағы dubbing функциясы түрткі болған. Мұғалім осы технологияны көрген соң оны адамдарға пайдалануға ыңғайлы форматқа келтіруді ойлаған.

“Осыны адамдарға пайдалануға ыңғайлы етіп жасауға болады ғой" деген ой келді. Содан DybysDub-ты белгілі бір адамның көмегімен емес, өзім жасап шықтым. Әрине, оның ішінде қолданылған жасанды интеллект құралдары мен дайын технологиялардың көмегі бар”, – дейді ол.

Жобаның алғашқы жұмыс істейтін нұсқасын Дәуіт шамамен 2-3 сағатта жасаған. Десе де оның бұл жобаның жылдам жасалуына дейін бірнеше жылдық тәжірибесі бар. Осы уақыт ішінде ол түрлі жобалар жасап, бағдарламалаудағы қателер мен техникалық мәселелерді шешуді үйренген.

DybysDub бірнеше процесті бір жүйеге біріктіреді. Алдымен видеодағы спикерлер анықталады. Кейін олардың сөзі мәтінге айналып, қажет тілге аударылады. Одан соң аударылған мәтін дауыс арқылы дыбысталады.

Демек жүйенің негізгі кезеңдері мынадай:

спикерді анықтау → мәтінді анықтау → аудару → дауыстау.

Дәуіттің айтуынша, дауыс технологиялары кейіпкердің сөйлеу мәнерін сақтауға мүмкіндік береді. Мысалы, “Хәрри Поттердегі” кейіпкерлердің диалогын алсақ, бастапқы видео ағылшын тілінде көрсетіледі. DybysDub іске қосылғанда Рон, Хәрри немесе Сұрыптау қалпағы қазақша сөйлей бастайды. Осылайша көрермен фильмді субтитр оқып емес, бірден қазақ тілінде тыңдай алады.

“Мен оны YouTube-қа браузер кеңейтімі ретінде интеграцияладым. Сондықтан қолданушыға видеоны алдымен жүктеп алып, кейін басқа сайтқа кіріп қайта жүктеудің қажеті жоқ. YouTube-та видеоны көріп отырып, қажет процесті сол жерден іске қосуға болады”, – дейді ол.

Дәуіт DybysDub алғаш рет дұрыс жұмыс істеген сәтті ерекше сезіммен еске алады. Оның айтуынша, ұзақ уақыт ойда жүрген идеяның бір сәтте нақты өнімге айналғанын көру оған ҰБТ тапсырған кезін еске түсірген.

“Алғашқы рет жұмыс істеп тұрғанын көргенде бірден Reels форматында видео түсірдім. Сол сәттегі ішкі сезімім ҰБТ тапсырған кезімді еске түсірді. ҰБТ-ға кірген кезде де еш қорықпай, өзіме сенімді түрде тапсырған едім және нәтижесінде грант иелендім. DybysDub алғаш жұмыс істеген кезде де сондай сезім болды: ұзақ уақыт ойда жүрген идеяңның бір сәтте нақты жұмыс істейтін өнімге айналғанын көру ерекше әсер береді”, – дейді мұғалім.

DybysDub-ты кез келген адам пайдалана ала ма?

Қазір  сервис көпшілікке толық қолжетімді емес. Дәуіт оны көпшілікке ұсыну үшін Назарбаев университеті және  Institute of Smart Systems and Artificial Intelligence (ISSAI) тарапымен тиісті келіссөздер жүргізу қажет екенін айтты.

“Дегенмен идеяның ауқымы кең. Оның көмегімен білім беру видеоларын, дәрістерді, ғылыми материалдарды және басқа да шетелдік контентті қазақ тілінде көруге болады”, – дейді Дәуіт Сұраған. 

Дәуіт Сұрағанның айтуынша, мұндай технология интернеттегі сапалы контенттің тілдік кедергісін азайта алады.

“Қазір сервис алты шет тілін қолдайды. Сонымен қатар кәдімгі YouTube видеоларымен бірге Shorts форматындағы роликтерді де аударуға мүмкіндік береді. Алдағы уақытта ең алдымен аударма процесінің жылдамдығын арттырғым келеді. Бұдан бөлек, дауыс сапасын, сөйлеу мәнері мен дубляждың табиғилығын жақсартуды жоспарлап отырмын”, – дейді маман. 

Қазақ тіліндегі контентті көбейту үшін не істеу керек?

Дәуіттің айтуынша, қазақ тілінің интернеттегі қолданысын арттыру үшін тек қазақша контент жасауға шақыру жеткіліксіз. Оның өндірісін технология арқылы жеңілдету керек, дейді маман. 

“Қазір бұл бағытта үлкен мүмкіндік бар. Мысалы, қазіргі үлкен тілдік модельдер аударма жасауда өте жақсы нәтиже көрсетіп келеді. Одан бөлек, жасанды интеллект арқылы сапалы қазақша видео, сурет, аудио және мәтіндік контентті әлдеқайда жылдам жасауға болады”, – дейді ол.

Оның ойынша, егер қазақша контент жасау басқа тілдегі контентпен бірдей жеңіл болса, оның көлемі де табиғи түрде артады.

Қазақша технологиялар аудармамен шектелмеуі керек

DybysDub – Дәуіттің қазақ тіліне қатысты алғашқы жобасы емес. Шамамен бір жыл бұрын ол браузердегі Photopea графикалық редакторын қазақшаға аударып, интерфейсін қазақ тілінде қолдануға мүмкіндік жасаған.

Сонымен қатар Photopea ішіне Ziat Express деп аталатын фонды автоматты түрде қиюға арналған плагин қосқан. Мұғалім Telegram-боттар, браузер кеңейтімдері, жасанды интеллект, мәтінді дыбыстау, дауыс технологиялары және автоматтандыру бағытында да түрлі жобалар жасап жүр.

Ал болашақта қазақ тіліндегі сөйлеу технологияларына көбірек көңіл бөлгісі келеді.

“Қазақ тіліне қатысты технологиялар тек аударма немесе мәтінмен шектелмеуі керек. Болашақта қазақ тіліндегі сөйлеу технологияларын, яғни сапалы TTS, STT, дауыс клондау, дубляж және білім беру құралдарын дамытқым келеді. Әсіресе қазақ тілінде адамның табиғи сөйлеу мәнерін, эмоциясын және интонациясын жақсы жеткізетін технологиялар қызықтырады”, – дейді Дәуіт.

Математика пәнінің мұғалімі IT жобаларын өз жұмысымен қатар алып жүру үшін өз уақытын тиімді жоспарлайтынын айтты. Ол кейбір жұмысын автоматтандырып қойған, ал қазіргі жасанды интеллект құралдары уақытын үнемдеуге мүмкіндік береді.

Оған қоса ата-анасы мен мектеп ұжымының қолдауы да маңызды екенін жеткізді. Маманның ендігі мақсаты – технологияны оқушыларымен бірге зерттеп, ғылыми жобалар жасау және оларды халықаралық деңгейге шығару.

“Мен үшін ең үлкен нәтиже – өзім жасаған жобаның жұмыс істеп тұрғанын көру ғана емес, оқушыларымның да бір күні өз идеясын технология арқылы жүзеге асырып жатқанын көру”, – дейді Дәуіт Сұраған.

Айта кетейік, бұған дейін Парижде тұратын француз қызы қазақ тілін үйреніп, мәдениетін дәріптеп жүргені туралы жазған едік. 

Нұрила Жұмаділлә
Сейсенбі, 15 Қыркүйек, 2026 15:21