Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Brent мұнайы 107 долларға дейін қымбаттады: Алтын мен мыс бағасы қалай өзгерді?

мұнай
Фото: magnific.com

Қыркүйектің екінші аптасы мұнай бағасының күрт өсуімен басталды. Brent бағасы 107 долларға дейін көтерілсе, алтын мен мыс нарығында кері қозғалыс байқалды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Сауд Арабиядағы East-West мұнай құбыры дрон шабуылынан кейін жабылды. Осыдан соң Brent маркалы мұнайдың бағасы барреліне 107 долларға дейін көтерілді. 14 қыркүйек күні мұнай бағасы бір сәтте 108 доллардан асты.

Мұнайдың қымбаттауы металл нарығына кері әсер етіп отыр. Себебі мұнай бағасының жоғары болуы инфляция тәуекелін қайта күшейтеді. Ал нарық АҚШ Федералдық резерв жүйесінің (ФРЖ) 16 қыркүйекте өтетін отырысында базалық мөлшерлемені 25 базистік тармаққа көтеру ықтималдығын шамамен 86% деп бағалап отыр.

Алтын үш апта қатарынан төмендеген соң унциясы шамамен 4 350 доллар деңгейінде тұрақтады. Күмістің бағасы да 64,2 доллар маңында сақталды.

Бағалы металдар нарығындағы ахуал әзірге әлсіз күйінде қалып отыр. Геосаяси жағдайдың шиеленісуі металдарға деген қорғаныш актив ретіндегі сұранысты айтарлықтай арттыра алмады. Қазір нарық мұнай бағасына, инфляция деңгейіне, АҚШ долларына және Федералдық резерв жүйесінің алдағы саясатына қатысты болжамдарға көбірек назар аударып отыр.

Платина тобына жататын металдар нарығында жағдай әркелкі. Платинаның бағасы шамамен 1 800 доллар деңгейінде болғанымен, оның өсу қарқыны шектеулі. World Platinum Investment Council 2026 жылы платина нарығында сұраныстан гөрі ұсыныс көп болады деп болжамын өзгертті. Бұған Қытайдағы зергерлік бұйымдарға және автомобиль өнеркәсібіне деген сұраныстың төмендеуі себеп болып отыр.

Палладийдің жағдайы бұдан да әлсіз. Оның бағасы шамамен 1 314 доллар деңгейінде. Қайта өңдеу көлемінің артуы мен каталитикалық бейтараптандырғыштарға сұраныстың төмендеуі нарықтағы ұсыныстың сұраныстан асып кетуіне әкелуі мүмкін.

Өнеркәсіптік металдар да өз позициясын жоғалта бастады. Мыс бағасы фунтына 6,40 долларға дейін төмендеді. АҚШ-тың тазартылған металдарға қатысты тарифтерін қайта қарауы мүмкін деген хабарлар нарықтағы тапшылық үшін қалыптасқан баға үстемесінің бір бөлігін алып тастады.

Болат бағасы айлық есеппен әлі де өсім көрсетіп тұр. Алайда нарықта айқын өсу факторы байқалмайды. Қытайдағы металлургиялық кәсіпорындардың небәрі шамамен 8%-ы ғана пайда тауып отыр.

Темір кені де тоннасына шамамен 98 доллар деңгейінде сақталды. Өндіріс рентабельділігінің төмен болуы және шойын балқыту көлемінің қысқаруы нарықтың қалпына келуін тежеп отыр.

Агроөнеркәсіптік секторда астық пен қант көш бастап тұр. Жүгері бағасы 528 центтен жоғары деңгейде саудаланып жатыр. Бұған Украина экспортының бұзылуы және АҚШ Ауыл шаруашылығы министрлігінің (USDA) жаңа болжамдарын күту әсер етуде.

Бидайдың бағасы шамамен 725 цент деңгейінде. Дипломатиялық келіссөздерге қатысты үміттердің артуы нарықты біршама сабырға түсірді. Бұған дейін баға үш жылдағы ең жоғары деңгейге көтерілген еді. Дегенмен Қара теңіз аймағындағы тәуекелдер әлі де сақталып отыр.

Қант бағасы 2026-2027 маусымында тапшылық болады деген болжам аясында өсімін жалғастырып жатыр. Ал Бразилияда рекордтық өнім жиналуы кофе бағасына қысым жасап отыр. Апельсин шырынының бағасы болса, бір айлық көрсеткіш бойынша қайта өсе бастады.

Еске салсақ, бұған дейін хуситтер Қызыл теңізде Сауд Арабиясының екі мұнай танкеріне соққы жасағаны туралы жазған едік.

Нұрила Жұмаділлә
Дүйсенбі, 14 Қыркүйек, 2026 17:29