Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Йемендік хуситтер Сауд Арабиясының қалалары мен мұнай нысандарына шабуыл жасады

Жарылыс
Фото: Reuters

Иран қолдайтын йемендік хуситтер Сауд Арабиясының оңтүстігіндегі төрт қалаға және мұнай инфрақұрылымы нысандарына зымыран соққысын жасады. Шабуыл салдарынан 73 адам зардап шеккен. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Reuters басылымына сілтеме жасап хабарлайды. 

Хуситтер дрондар мен зымырандарды қолдана отырып, ауқымды операция жүргізгенін мәлімдеді. Шабуылдардың нысанасына Хамис-Мушайттағы әскери база, Абхадағы мемлекеттік мұнай компаниясының нысандары, сондай-ақ шекара маңындағы Наджран мен портты Джизан қаласындағы нысандар іліккен.

Әсіресе Джизан қаласына жасалған шабуылға назар аударылды. Мұнда ірі мұнай өңдеу зауыты мен электр станциясы орналасқан. Шабуылдан кейін нысандарда өрт шыққан.

Сауд Арабиясының билігі шабуыл жасалған нысандарда өрт шыққанын растады. Ресми мәліметке сүйенсек, шабуылдардан 73 адам зардап шеккен, олардың арасында әйелдер мен балалар да бар.

Сауд Арабиясы бастаған Араб коалициясының ресми өкілі Турки әл-Мәлики әскерилер хуситтерге қарсы қажетті шараларды қабылдайтынын мәлімдеді.

Ал хуситтердің өкілі Яхья Сари Эр-Риядты қақтығысты ушықтырды деп айыптап, Йемен аумағына жасалған соққыларға қозғалыс жауап беретінін айтты.

Айта кетейік, Сауд Арабиясы қолдайтын Йемен күштері соңғы күндері хуситтердің бақылауындағы аумақтарға шабуыл жасап жатыр. Халықаралық көші-қон ұйымының мәліметінше, Йеменнің батыс жағалауындағы үш күнге созылған ұрыс салдарынан 18,5 мыңнан астам адам үйлерін тастап кетуге мәжбүр болған.

Қақтығыстың шиеленісуі әлемдік мұнай нарығына да әсер етті.

Сейсенбі күні Brent маркалы мұнайдың бағасы барреліне 99,46 долларға дейін көтеріліп, 24 шілдеден бергі ең жоғары деңгейге жетті. Кейін баға аздап төмендегенімен, мұнайдың құны бір күн бұрынғы көрсеткіштен әлі де жоғары.

Еске салсақ, бұған дейін хуситтер Қызыл теңізде Сауд Арабиясының екі мұнай танкеріне соққы жасағаны туралы жазған едік.

Дана Русланқызы
Сейсенбі, 08 Қыркүйек, 2026 21:51