Хуситтердің шабуылынан кейін мұнай бағасы 100 доллардан асты

Йемендегі Иран қолдайтын хуситтер Қызыл теңізде Сауд Арабиясының екі мұнай танкеріне соққы жасағанын мәлімдеді. Осы оқиғадан кейін Brent маркалы мұнайдың бағасы мамыр айынан бері алғаш рет барреліне 100 доллардан асты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Bbc.com-ға сілтеме жасап хабарлайды.
Хуситтердің әскери өкілі Яхья Сари олардың Encelia және Layla атты танкерлерге зымырандар мен ұшқышсыз ұшу аппараттары арқылы шабуыл жасағанын айтты. Оның сөзінше, бұл әрекет Сауд Арабиясына жарияланған теңіз блокадасын бұзуға жауап ретінде жасалған. Сонымен қатар хуситтер теңіздегі әскери операцияларын жалғастыратынын ескертті.
Сауд Арабиясының мемлекеттік ақпарат агенттігі SPA ресми дереккөзге сілтеме жасап, Encelia танкерінің шабуылға ұшырап, кеменің алдыңғы бөлігінде өрт шыққанын хабарлады.
Ал Ұлыбританияның Теңіз сауда операцияларын үйлестіру басқармасы (UKMTO) белгісіз снаряд Сауд Арабиясының жағалауынан шамамен 130 шақырым қашықтықта танкерге тигенін растады. Мәліметке сәйкес, өрт шыққанымен, зардап шеккендер жоқ. Ұлыбританиялық Vanguard компаниясы да Encelia кемесіне соққы жасалғанын хабарлағанымен, Layla танкеріне жасалған шабуыл әзірге тәуелсіз түрде расталған жоқ.
ОқыңызМұнай бағасы күрт өсті
Шабуылдардан кейін әлемдік мұнай нарығы бірден реакция танытты. Brent маркалы мұнайдың бағасы бір күнде шамамен 6% өсіп, барреліне 100 доллардан жоғары көтерілді.
Сарапшылар мұны Қызыл теңіз бен Таяу Шығыстағы тасымал бағыттарына төнген қауіптің күшеюімен байланыстырып отыр.
Қызыл теңіздегі ахуал шиеленісе түсті
Осы аптада хуситтер Сауд Арабиясына қатысты теңіз блокадасын жариялаған еді. Олар стратегиялық маңызы бар Баб әл-Мандеб бұғазын жабамыз деп мәлімдеді.
Бұл бұғаз арқылы әлемдік теңіз саудасының шамамен 15%-ы, сондай-ақ Еуропа мен Шығыс Азия арасындағы контейнерлік жүк тасымалының едәуір бөлігі өтеді.
Қауіптің күшеюіне байланысты бірнеше мұнай танкері бағыттарын өзгертіп, Баб әл-Мандеб бұғазы арқылы өтуден бас тартқан. Ал Қытай мен Үндістанға бет алған Сауд Арабиясының үш мұнай танкері кері қайтуға мәжбүр болған.
Сарапшылар егер Қызыл теңіз бағыты толық жабылса, кемелерге Суэц каналы арқылы ұзақ айналма бағытпен жүруге тура келеді деп болжап отыр. Бұл жеткізу мерзімін бірнеше аптаға ұзартып, тасымал шығындарын арттыруы мүмкін.
АҚШ пен Иран арасындағы шиеленіс жалғасады
Осы уақытта АҚШ әскері Иран аумағындағы әскери нысандарға тағы да соққы жасағанын хабарлады. АҚШ президенті Дональд Трамптың тапсырмасымен зымыран қоймалары, ұшқышсыз аппараттар базалары, әуе қорғаныс жүйелері және басқа да әскери нысандар нысанаға алынған.
Өз кезегінде Иран әскері Кувейт, Иордания және Бахрейндегі америкалық нысандарға шабуыл жасағанын мәлімдеді.
Трамп бұған дейін Иран Ормуз бұғазындағы коммерциялық кемелерге шабуыл жасауды жалғастырса, АҚШ Иранның көпірлері мен энергетикалық инфрақұрылымына соққы беретінін ескерткен еді.
Ал Иран тарапы мұндай әрекет жасалса, аймақтағы мұнай, газ және электр энергетикасы инфрақұрылымына жауап соққы жасайтынын мәлімдеді.
Қазір Катардың арағайындығымен АҚШ, Иран және Оман өкілдері арасында Ормуз бұғазындағы кеме қатынасын қалпына келтіру және әскери қақтығысты тоқтату жөнінде келіссөздер жалғасып жатыр. Алайда әзірге тараптар ортақ мәмілеге келе алған жоқ.
Қазақстандық әйел ұлын 380 мың теңгелік "Жаңа Ұрпақ" лагерінде ұрып тастағанын айтты