Ақмола облысындағы мектепте 5 және 6-сынып оқушыларды біріктіріп жіберген
Ақмола облысы Зеренді ауданындағы Қонысбай ауылындағы мектепте 5 және 6-сынып оқушылары бірге оқитын болды. Оқушылардың ата-аналары әлеуметтік желіде бұған наразылық білдіргеннен кейін аудандық білім бөлімі сыныптарды қайта бөлу туралы шешім қабылдады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Бұл мәселеге жергілікті пабликтердің бірінде жарияланған жазба себеп болды. Онда ата-аналар екі сынып оқушыларының біріктірілгені туралы айтқан.
Жазба астында пікір жазған желі қолданушылардың бірі мұндай тәжірибе басқа ауыл мектептерінде де, атап айтқанда Шортанды және Жарқайың аудандарында бар екенін айтты. Алайда олар бұл тәжірибені құптамайды. Ал кейбір қолданушылар сыныпта небәрі екі-үш оқушы болса, оларды бірге оқытудың еш қиындығы жоқ деп санайды. Сондай-ақ кейбірі осыдан 20 жыл бұрын өздерінің де осындай сыныптарда оқығанын айтты.
Облыстық білім басқармасы мұндай тәжірибенің бұрыннан бар екенін атап өтті. Шағын жинақты ауыл мектептерінде екі-үш оқушыдан тұратын сыныптар жиі кездеседі. Мұндай сыныптарды біріктірген кезде мұғалім сабақ жоспарын әзірлейді. Оған сәйкес сабақтың бір бөлігі бір сыныпқа жаңа тақырыпты түсіндіруге, ал қалған бөлігі екінші сыныпқа арналады.
Зеренді аудандық білім бөлімінің хабарлауынша, шағын жинақты мектептерде сынып-жинақтарды қалыптастыру оқушылардың нақты саны мен қолданыстағы заңнама талаптарын ескере отырып жүзеге асырылады.
Оқу-ағарту министрінің 2022 жылғы 31 тамыздағы №385 бұйрығымен бекітілген Орта білім беру ұйымдары қызметінің үлгілік қағидаларының 97-тармағына сәйкес, шағын жинақты мектептерде жас ерекшелігі әртүрлі оқушыларды біріктірілген сыныптарда оқытуға, оның ішінде жас айырмашылығы 1-2 жыл болатын екі немесе үш сыныпты біріктіруге жол беріледі, – деп түсіндірді ведомство.
Сонымен қатар ата-аналардың пікірін ескеріп, ағымдағы оқу жылында қосымша оқушылардың қабылдануына байланысты білім бөлімі бұған дейін біріктірілген сынып-жинақтарды қайта бөлу туралы шешім қабылдаған.
Басқарманың мәліметінше, оқыту тиісті сыныптардың жұмыс оқу жоспары мен білім беру бағдарламаларына сәйкес жүргізіледі. Сондай-ақ білім беру процесін ұйымдастыру және педагогтердің оқу жүктемесін бөлу мәселесі білім бөлімінің бақылауында екенін атап өтті.
Ауылда тұратын математика мұғалімі 3 сағатта шетелдік видеоны қазақша сөйлететін қосымша жасап шықты
