Айдарбек Ходжаназаровтың ағасы Қазақстандағы футбол клубын басқарады
Қыркүйекте "Олжа Агро" агрохолдингі Қостанайдың "Тобыл" футбол клубының құрылтайшылары құрамына кіріп, клубтың жаңа иесі атанғаны белгілі болды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Клубтың баспасөз қызметі "Олжа Агро" бас директоры Әлішер Ходжаназаровтың сөзін келтірді. Оның айтуынша, клубта заманауи әрі тұрақты басқару жүйесі қалыптастырылып, инфрақұрылымға, академияға және жас футболшыларды даярлау жүйесіне басымдық беріледі. Ходжаназаров "Олжа Агро" компаниясының клубқа қатысуын ұзақмерзімді жоба ретінде қарастыратынын айтты.
"Тобыл" ФК президенті болып "Олжа Агро" бас директорының кеңесшісі Айдос Дүйсенбиев тағайындалды.
Клубтың медиа-офицері Қасқырбай Қойшыманов Forbes Kazakhstan-ға бұл жағдайды "клубтың сатылуы" деп атау заң тұрғысынан дұрыс емес екенін түсіндірді.
"Белгілі бір сомаға клубты сату туралы мәміле болған жоқ. Әңгіме құрылтайшылар құрамының өзгеруі және жеке бизнестің қатысуымен клубтың жаңа басқару моделіне өтуі туралы", – деді ол.

2026 жылғы 15 қыркүйектегі adata.kz дерегіне сәйкес, "Тобыл" футбол клубы қоғамдық қорының құрылтайшылары қатарында төрт адам бар. Олардың екеуі Айдос Дүйсенбиев пен Рустем Догабаев 7 қыркүйекте бұрынғы екі құрылтайшының орнына енгізілген. Қалған құрылтайшылар Ғабит Лесбеков пен Рома Шамилов.
Айта кетейік, Әлішер Ходжаназаров "Олжа Агро" компаниясының құрылтайшыларының бірі. Екінші құрылтайшысы Дінмұхамед Шахасанов. Әлішер Ходжаназаров мәжілістің бұрынғы депутаты, қазіргі Құрылтай депутаты, Respublica партиясының төрағасы әрі кәсіпкер Айдарбек Ходжаназаровтың ағасы.
"Олжа Агро" – Forbes Kazakhstan нұсқасы бойынша Қазақстандағы ең ірі 75 компанияның бірі. Компания 2025 жылғы рейтингте 40-орында тұр. Оның 2025 жылғы табысы 39,65 млрд теңге, қызметкерлер саны шамамен 4 мың адам болған. Агрохолдинг Қостанай облысында жұмыс істейді және өсімдік шаруашылығы, ет-сүт өндірісі, астық пен майлы дақылдарды сақтау және экспорттау, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу және техника өндірумен айналысады.
Еске салайық, бұған дейін Талғат Байсуфинов 2026 жылғы маусымда Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері қызметінен кетті. Ол ұлттық құраманы әр кезеңде үш рет жаттықтырып, соңғы қызметінде 2026 жылғы әлем чемпионатының іріктеуінде Бельгиямен тең ойынға қол жеткізіп, FIFA рейтингіндегі көрсеткішті жақсартуға үлес қосты. Қазақстан футбол федерациясы маманға атқарған еңбегі үшін алғыс білдіріп, оның отставкасын қабылдаған еді.