Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Головкин тағы бір лауазымды қызметке сайланды

Головкин
Фото: Ұлттық Олимпиада комитеті

Қазақстан Республикасы Ұлттық Олимпиадалық комитетінің (ҰОК) президенті Геннадий Головкин Ислам ынтымақтастығы спорт қауымдастығының (ISSA) вице-президенті болып сайланды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

ҰОК мәліметінше, сайлау 12 қыркүйекте Сауд Арабиясының Таиф қаласында өтіп жатқан ISSA-ның 15-ші Бас ассамблеясы аясында өтті. Геннадий Головкин 2026-2029 жылдарға арналған Атқарушы комитет құрамына Азия және Еуропа өңірлеріне жауапты вице-президент ретінде тағайындалды.

“Геннадий Головкин жаңа қызметінде Азия мен Еуропадағы Ұлттық Олимпиадалық комитеттердің атынан ISSA жұмысына қатысады. Ол қауымдастықтың алдағы жұмыс бағыттарын белгілеуге, Ұлттық Олимпиадалық комитеттерге қолдау көрсетуге, спортшылар үшін жаңа мүмкіндіктер ашуға және ISSA-ға мүше елдер арасындағы байланысты нығайтуға үлес қосады”, – делінген хабарламада. 

Ал ISSA президенті қызметіне Сауд Арабиясының спорт министрі, елдің Олимпиада және Паралимпиада комитетінің басшысы, ханзада Абдулазиз бин Турки Әл-Фейсал қайта сайланды. Африка және Латын Америкасы өңірлеріне жауапты вице-президент қызметіне Марокко өкілі Наваль Эль-Мутавакель тағайындалды.

Геннадий Головкиннің ISSA басшылығына сайлануы оның халықаралық спорт саласындағы қызметінің жаңа кезеңіне жол ашты. Ол 2024 жылдың ақпанынан бері Қазақстан ҰОК президенті қызметін атқарып келеді.

Ислам ынтымақтастығы Спорт қауымдастығы Ислам ынтымақтастығы ұйымына мүше елдердің Ұлттық Олимпиадалық комитеттерін біріктіреді. ISSA-ның жоғарғы заң шығарушы органы – Бас ассамблея. Қауымдастықтың ұйымдастыруымен өтетін басты спорттық додалардың бірі – Ислам ынтымақтастығы ойындары.

Назархан Уән
Жексенбі, 13 Қыркүйек, 2026 08:30