Қызылордада жаттықтырушы оқушыны зорлады деп айыпталды: Жәбірленушінің ағасы мен анасы да тергеуге ілікті
Қызылорда облысында 16 жастағы спортшы қыз бұрынғы жаттықтырушысы өзін екі жылға жуық зорлап келгенін айтқан еді. Қыздың шағымынан кейін жаттықтырушы мен оның танысына қатысты іс қозғалған. Кейін жанжалға байланысты спортшының анасы мен ағасы да тергеуге алынған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Қыз не айтты?
Қыздың оқиғасы БАҚ беттерінде жарияланған. Оның айтуынша, жағдай 2024 жылы, өзі 14 жаста болған кезде басталған. Қыз жаттықтырушының өзіне күш көрсеткенін және болған жағдайды видеоға түсіріп, кейін онымен қорқытқанын айтқан.

Оның сөзінше, алғашқы жағдай 2024 жылы хоккей командасымен Талдықорғанға жарысқа барған кезде болған. Қыз демалып отырған кезде жаттықтырушы оған шай әкелген. Сосын қыз не болғанын білмеген. Таңертең оянғанда ғана бәрін түсінген.
Жәбірленушінің айтуынша, ер адам болған жағдайды видеоға түсіріп алған. Кейін сол жазбаны ата-анасына көрсетемін және жариялаймын деп қорқытып, қызды ешкімге айтпауға мәжбүрлеген. Сонымен қатар қыз жаттықтырушычы өзін басқа ер адамдарға да саудалағанын айтқан.
Қыз болған жағдайды жақындарына екі жылдан кейін ғана айтқан. Осыдан кейін жаттықтырушы мен оның танысына қатысты сотқа дейінгі тергеу басталған.
Кейін қыздың туыстары мен жаттықтырушысы арасында жанжал болған. Осы оқиғадан кейін қыздың 18 жастағы ағасы мен анасына адам ұрлау бабы бойынша тергеу басталған.
Тергеу не дейді?
Қызылорда облысының полиция департаменті жаттықтырушыға қатысты сотқа дейінгі тергеудің аяқталғанын хабарлады. Қазір іс материалдарымен танысу кезеңінде.
Полиция кәмелетке толмаған балаға қатысты ақпаратты жариялауға болмайтынын айтып, істің басқа мән-жайларын хабарламады.
Полиция қыздың анасы мен ағасына қатысты тергеу әлі жалғасып жатқанын мәлімдеді.
Айта кетейік, бұған дейін Қызылорда облысында хоккей жаттықтырушысы оқушы қызды екі жыл бойы зорлап келгені туралы жазған едік.
"Ауруханаға өз аяғымен кіріп, табытпен шықты": Қызылордалық ер адам анасының өліміне дәрігерлерді айыптады