"7 жыл тозақта өмір сүрдім": Жақындарынан зорлық көрген қазақстандық қыздар неге үнсіз қалғандарын айтты
Қазақстандық қыздар әлеуметтік желіде отбасы мүшелерінен, туғандары мен жақындарынан зорлық көргені туралы оқиғаны жиі жариялап жүр. Белсенділер мен психолог мамандары жазбалар анонимді түрде жарияланса да, бұл үрдістің жақсы екенін атап өтті. Stan.kz редакциясы әлеуметтік желідегі зорлық-зомбылық құрбандарының оқиғасы туралы жазды. Сондай-ақ “НеМолчиKZ” қорының жетекшісі Дина Таңсәрі мен психолог Айгүл Саққұлақова қыздардың не себепті “жоқ” деп айта алмайтынын, ересектердің неліктен азғындық жасаудан қорықпайтынын түсіндірді.
“Ата-анамыз білсе сені өлтереді” деп қорқытты
Жанар есімді желі қолданушысы 12 жасында әкесінің інісінің ұлы өзіне зорлық көрсеткенін айтты. Айтуынша, жігітпен түйдей құрдас. Бала кезде бірге ойнасында деп үйіне әкеліп тастайтын көрінеді.
“Мен, сіңлім және ағам залда ұйықтайтынбыз. Сол кезде зорлады және бұл жағдай екі рет қайталанды. Қорыққандықтан әкеме айтпадым. Ағам “ата-анамыз білсе сені өлтереді” деп қорқытты. 15-16 жасымда да арам ойын іске асырмақ болды, бірақ мен қашып үлгердім. Қазір 20 жастамын, ата-анам әлі күнге дейін білмейді. Айтсам да, бәрі кеш сияқты”, – дейді Жанар. Сол қорқынышты сәттер есіне түссе қатты жылаймын дейді қыз. Ата-анасына айтпау себебі – ағайындардың арасын бұзамын ба деген ой деп ағынан жарылды қыз.
“Мама, папа” ойнауды ұсынды”
19 жастағы Анель есімді қыз туған ағасы өзін 7 жыл бойы зорлап келгенін айтты. Ағасынан қорыққандықтан ол болған жағдайды анасына айтпаған.
“Ағам өзімнен 6 жас үлкен. Ата-анам тойға кеткен. Сағат шамемен кешкі 6-7 шамасы. Ойын ойнап көшеден келгенмін. Ойымда ештеңе жоқ ағамды құшақтап, жанына жата кеттім. Анам ағама ақша қалдырғанын, шоколад алып беретінін айтты. Қанша уақыт өткенін білмеймін, бірде ағам белімнен сипап, шашымнан сүйе бастады. “Мама, папа” ойнауды ұсынды. 11 жастағы мен ойын дегенге келісе кеттім. Бірде түн болды деді де, мені құшақтап диванға жатып қалды. Сөйтіп мойнымнан сүйіп, белімнен сипай бастады, одан “мама мен папа істейтінді істейік” деді. Киімдерін шешіп, мүшесін көрсетті. Ол үйден мүшеқап тауып алып, ойланбастан арам ойын іске асырды. Ауырғаны соншалық қимылдай алмадым. Жыласам да болмады”, – дейді Анель.
Бұл жағдай 2018 жылдан 2025 жылға дейін жалғасқан. Кейін жігіт оқуға кетіп, қыз университетке түскен. Қазір қыздың ағасы Қытайда, өз отбасы, ұлы бар.
“Онымен жалғыз қалып қойсам тағы да зорлаймын дегені есімде. 7 жыл тозақта өмір сүрдім. “Мамаға айтсаң зорлаймын, сен ешкімге керек емессің, бай алмайды, біреуге айтсаң өзіңді кінәлі етемін” деген еді. Өмірден түңіліп кеткен едім. Қазір өмір сүруге деген талпынысып күннен-күнге артып келеді”, – дейді Анель.
Алайда сол қорқынышты күндер есіне түскенде, “айтуға қорыққаным үшін өзімді кінәлаймын” дейді кейіпкер.
“Атамның інісі қорада зорлады”
Тағы бір желі қолданушысы 1-2 сынып оқып жүргенде атасының інісінен қорлық көргенін айтты.
“Мектепке бара жаттым. Мектеп көрші ауылда болғандықтан апам, яғни әкемнің анасы ерте жіберетін. Таңғы уақыт, қараңғы. Атамның інісі бізбен бірауылда тұратын. Көшеде кетіп бара жатқан жерімнен мені амандасуға шақырды. Содан қалтасынан 5-10 теңгеліктерді шығаріп, берді. “Асханадан тамақ алып жейсің” деді. Сөйтіп менің қолымнан ұстап, өзінің қора жағына қарай апарды. Өкінішке қарай, мен қашып құтыла алмадым. Қазір өз әйелімен ажырасып, екінші отбасымен басқа қалада тұрып жатыр”, – дейді зәбір көрген қыз.
Арам ойын іске асырған соң ер адам қызды болған жағдайды ешкімге айтпа деп көндірген.
“Ол кезде бала көңіл оның жаман нәрсе екенін білмеппін. Жылдар бойы өзімнің ішімде сол сыр жатты. Кейін жасөспірім кезде осыны ойлап қатты күйзеліске түстім. Қазір 22 жастамын, ол жағдайды толық қабылдап, жібердім. Жара жазылғанымен, тыртық қалады екен. Үш ай бұрын өзім қызды болдым. Енді өз қызымның тағдырына алаңдаймын. Себебі жау алыстан келмейді”, – дейді желі қолданушысы.
Айтуынша, сол кездері әке-шешесі Алматыға жұмыс істеуге кеткен.
“3-4 жыл Алматыда жүрді, 2 айда бір келіп-кететін. Бізге апам қарады. Ол кісіге біздің қарнымыз тоқ, аман жүрсеек болды. Мектепке барып-келеміз. “Саған біреу тиісе ме, сабағың қалай” деп сұраған емес”, – дейді балалық шақтағы ауыр естелігі туралы баяндаған келіншек.
“Жауапкершілік болған жерде жаза да болады”
“НеМолчиKZ” қорының жетекшісі Дина Таңсәрінің айтуынша, біздің патриархалды мәдениетте көп нәрсені жылы жауып қою және негізінен қыз балаларды ұятқа қалдырып, айыптау қалыптасқан. Яғни, бізде қыздар туғаннан бастап пәктігіне, тазалығына, ар-намысына, тіпті әулеттің абыройын төгіп алмауға және "дұрыс" болуға жауапты екенін айтады. Бұл ұл балаларға артылатын жауапкершіліктен мүлде өзгеше дейді ол.
“Қарсы келме, сөз қайтарма” деп өсірген бала зорлық-зомбылыққа тап болса қарсылық көрсете алмайды, итеріп тастай алмайды, кейін ата-анасына да айта алмайды. Өйткені бастапқыда-ақ оған осы пәктік, тазалық және осы сияқты нәрселер үшін жауапкершілік артып қойған. Ал жауапкершілік болған жерде жаза да болады. Бала түпкі санасымен өз бойындағы маңызды нәрсені сақтай алмағанын және сол үшін жазаланатынын түсінеді. Оның үнсіз қалатыны да содан. Қазір жастар да, балалар да басқа. Әсіресе, қалада тұратын ата-ана балаларымен ашық сөйлеседі. Қалалық балалар өзіне біреу тиісіп жүрсе немесе біреудің жағымсыз нәрселер жазса анасына айтып береді. Алайда, интернетсіз өскен балаларға әлдеқайда қиын болды. Әсіресе, ауылдарда қыз балаларды туыстарына қалдырып кеткенде, кейін олар үйлеріне оралған соң, ата-анасына болған жағдайды айтуға қорқатын. Өкінішке қарай, мұндай жағдайлар көп болды”, – дейді Дина Таңсәрі.
Ол қазір бұл тақырыптың ашық айтылып, қоғамда талқыланып жатқанының арқасында басқа қыздар да өз басынан өткен жағдайларды айтуға қорықпайтынын атап өтті.
“Олар мұндай жағдайлар туралы жабық немесе жалған аккаунттардан жазады, ең бастысы – үндемей қалмайды. Көптеген әйелдер зорлық көргенін жылдар бойы жасырады, тіпті қартайғанша іште сақтап келеді. Мен бала кезінде зорлық көрген көптеген әжелерді білемін. Егер адам қартайса да бала кезіндегі жағдайды айтса, демек, оны ешқашан ұмытпаған. Демек, олар ауыр естелікті өмір бойы арқалап келген. Сондықтан қазіргі ұрпақ өзін қорлатпайды деп үміттенемін. Ең болмағанда, зорлық-зомбылыққа ұшырайтындардың үлесі бұрынғыдай көп болмайды деп сенемін”, – дейді Дина Таңсәрі.
Неге ер балалар қылмысқа барады?
Белсендінің сөзінше, қазақ қоғамында ер балалар қыз тәрбиесінің ұят пен кінә сезіміне негізделгенін түсінді. Яғни, қоғамда ұл баланы қыздан жоғары қояды және қыздың сөзіне ешкім құлақ аспайды деп ойлады.
“Сондағысы – қыз бәрібір ешкімге айтпайды деген ой. Яғни, өздерінің жазаланбайтынын біледі. Мұндай жағдай бұрыннан болған. Өкінішке қарай, алдағы уақытта да бола береді. Балалар зорлық-зомбылыққа ұшырамас үшін оларды болған жағдайды жасырмай, айтудан қорықпауға және мұндай әрекеттерді ажырата білуге үйрету. Қазір бізде қауіпсіздікке қатысты түрлі курстар, психологтардың парақшалары көп. Онда ықтимал қылмыскерді қалай тануға болатыны, оның қандай әрекеттер жасауы мүмкін екенін түсіндіреді. Әсіресе, қазір зорлық-зомбылықтың көп түрі интернеттен басталады. Өйткені бала интернет арқылы да азғындық сипаттағы әрекеттерге тап болуы мүмкін. Сондықтан ата-аналар мұндай қауіптерді зерттеп, оны балаға дұрыс түсіндіре білуі керек”, – дейді белсенді.
Дина Таңсәрі мектептерде тәрбиеге және зорлық-зомбылық жасағаны үшін заң алдындағы жауапкершілікке қатысты сабақтар өткізу өте маңызды деп санайды. Өйткені көптеген балалар мен жасөспірімдер өздерінің қылмыс жасап жатқанын және ол үшін қандай жазаға тартылатынын түсінбейді.
“Мысалы, 14 жастағы қыз бала 16 жастағы жасөспіріммен жыныстық қатынасқа өз еркімен келіссе де, бұл жағдайда қылмыстық жауапкершілік қарастырылатынын олар білмейді. Жасөспірімдер бұл әрекетке ешкімнің күштеуінсіз барғанын айтады, алайда бұл оларды қылмыстық жауапкершілікітен босатпайды. Мұндай жағдайда ұл балаға қатысты Қылмыстық кодекстің 122-бабы қолданылуы мүмкін. Әлемнің көптеген елдерінде осыған ұқсас норма бар. Заң саласында оны шартты түрде "Ромео мен Джульетта" бабы деп атайды. Бізде кейбір ата-аналар баланы ересек өмірге дайындау керек деп ойлап, оған ештеңе түсіндірместен қалтасына мүшеқап салып береді. Бірақ балаға сенің кәмелетке толмаған адаммен жыныстық қатынасқа түсуге құқығың жоқ екенін, адамның келісімінсіз жыныстық қатынасқа түсуге болмайтынын түсіндіру керек. Сондай-ақ алкогольдік ішімдік ішіп, мас күйде тұрған қызбен жыныстық қатынасқа түсуге болмайды, өйткені мұндай жағдай адамның дәрменсіз күйі ретінде бағаланады”, – деп ескертті “НеМолчиKZ” қорының жетекшісі.
Үнсіздік – зорлық-зомбылықтың қайталану қаупін арттырады
Ол қыздарға жеке шекара туралы айтып, кез келген жағдайда үзілді-кесілді "жоқ" деп айтуға үйрету керек дейді. Бала ата-анасына келіп "Сеніңше, бұл харассментке ұқсай ма, әлде мен бәрін өзім ойдан шығарып жүрмін бе?" деп кеңес сұраудан қорықпауы керек. Анасы да баланы өзінен алыстатып алмау үшін бірден қатты дүрбелеңге салынбауы тиіс. Оның орнына балаға бәрін сабырлы түрде түсіндіріп, адамдар арасындағы қарым-қатынастың шекарасын ашық айтқан дұрыс деп санайды ол.
“Біз туған кезімізден бастап түрлі харрасментке, азғындыққа ұшырауымыз мүмкін. Бірақ мәселе – біз бұл туралы ешкімге айтпаймыз. Ал үнсіздік уақыт өте келе психологиялық мәселелерге, тіпті түрлі ауруларға әкелуі мүмкін. Бала бір рет болған жағдайды анасына айтпаса, екінші рет те үндемей қалады. Егер бала болған жағдайды айтпаса, оған жасалатын зорлық-зомбылықтың қайталану қаупі артады. Бұл әсіресе ауылдық жерлерде кездеседі. Мысалы, ұл балалар қыз үшін ешкімнің ара түспегенін, оның өзі де үндемегенін көрсе, мұны белгі ретінде қабылдауы мүмкін. Олар мұны басқа балаларға да айтып, "ол үндемейді, ешкімге айтпайды, қорқады, сондықтан оған осылай жасауға болады" деген түсінік қалыптастырады. Осылайша зорлық-зомбылық қайталана береді. Кейін бұл буллингке ұласып, қыздың өзін кінәлау, "өзі жезөкше" деген сияқты қорлыққа дейін жеткізеді”, – дейді Дина Таңсәрі.
Белсенді не себепті балалар мен олардың ата-аналарының полицияға жүгінбейтінін түсіндірді.
“Көптеген іс соңына дейін жеткізілмей, жабылып қалады. Қолданыстағы заңды іске асыру тәжірибесі дұрыс жұмыс істемейді. Қазір мен статистикамен жұмыс істеп жүрмін, сол деректерге қарасам, істердің шамамен 50%-ы сотқа жетпей жабылады. Яғни, көптеген іс сотқа дейінгі кезеңде тоқтатылады. Сондықтан адамдар құқық қорғау жүйесінің тиімділігіне сенбейді және полицияға жүгінбейді. Соның салдарынан балалар осындай ауыр психологиялық жарақаттардан, қиындықтардан, буллинг пен қудалаудан жүйелі түрде өтіп жатады”, – дейді Дина Таңсәрі.
Психолог, отбасылық травма, отбасындағы жыныстық зорлық-зомбылықтың салдары және жеке шекаралардың бұзылуы мәселелері бойынша маман Айгүл Саққұлақованың айтуынша, әлемдік статистиканың балаларға қатысты қылмыстардың 90%-ы туыстары, жақын ортасы, таныстары, достары немесе жәбірленушінің үйіне еркін кіріп-шығатын адамдар тарапынан жасалатынын көрсетеді. Алайда Қазақстанда бұл жөнінде нақты ресми статистика жоқ. Адл ЮНИСЕФ мәліметінше, балаларға қатысты зорлық-зомбылықтың едәуір бөлігі әлі де жасырын қалып, тіркелмей келеді.
“Әулеттің үлкен болғаны проблема емес. Керісінше, үлкен отбасы – бала үшін үлкен ресурс. Әжесі, атасы, туған бауырлары және оған қамқорлық, махаббат бере алатын және қорға алатын ересек адамның болуы маңызды. Мәселе "ұят болады", үлкенді сыйлау, "отбасының абыройына нұқсан келтірмеу" сияқты түсініктер баланың қауіпсіздігінен жоғары қойылған кезде туындайды. Балаға "үлкенді сыйлау керек", "қарсы сөйлеме", "ол сенің туысың ғой" деген түсінік үнемі айтылса, ол өзіне жайсыздық тудырған жағдайды ересектердің қалауынан маңызды емес деп ойлайды. Жыныстық зорлық-зомбылықты көбіне бала танитын адамдар жасайды. Олар туысы, отбасының танысы немесе ата-анасы сенетін адам болуы мүмкін. Сондықтан бала үшін ең қауіпті нәрсенің бірі – дәл осы сенімнің теріс пайдаланылуы. Зорлық жасаушы сырт көзге қауіпті адам болып көрінбеуі мүмкін. Керісінше, ол сыйлы, қамқор, табысты адам болып көрінуі ықтимал. Сондықтан ересектер кейде баланың сөзіне сенбей, "ол ондай нәрсе жасамайды" деп ойлайды”, – дейді психолог.
Маманың айтуынша, жыныстық зорлық-зомбылық тек жыныстық қатынасқа түсу дегенді білдірмейді. Ол баланың денесіне рұқсатсыз қол тигізу, оны сексуалдық әрекеттерге мәжбүрлеу немесе сексуалдық сипаттағы материалдарды көрсету де зорлық-зомбылыққа жататынын айтты. Сондай-ақ оның сөзінше, зорлық жасаушылар көбіне баланы біртіндеп өзіне үйретіп, сеніміне кіріп, шекарасын бұзады. Бұл процесс груминг деп аталады. Кейін балаға "ешкімге айтпа", "саған ешкім сенбейді", "отбасыңды бұзасың" деп қысым көрсетуі мүмкін.
“Егер агрессор жақын туыстың бірі болса, бұл бала үшін одан да қиын. Себебі бала бір жағынан сол адамға тәуелді болса, екінші жағынан ол адам қауіп көзіне айналады. Сондықтан бала болған жағдайды жасыруы немесе өзін кінәлі сезінуі мүмкін. Психолог ересектерге "ештеңе болған жоқ" деп баланың басынан өткен жағдайды жоққа шығармау керегін ескертті. Баланың кез келген шекарасының бұзылуы оның психикасына әсер етуі мүмкін”, – дейді Айгүл Саққұлақова.
Психологтың айтуынша, баласы анасына инцест немесе сексуалдық сипаттағы зорлық туралы айтқанда кейде ол оған сенбей, болған жағдайды жоққа шығаруы мүмкін. Бұған бірнеше себеп бар.
“Мысалы, анасының өзі бала кезінде осындай жағдайды бастан өткерсе, баласының оқиғасы оның өз жарақатын қайта еске түсіруі мүмкін. Мұндай кезде ол болған жағдайды мойындамай, өзін психологиялық тұрғыда қорғауға тырысады. Тағы бір себеп – отбасыға экономикалық тәуелділік. Қаржылық тәуелділік адамды осал етеді. Сонымен қатар ана баласын сол адаммен жалғыз қалдырғаны немесе оны үйге кіргізгені үшін өзін кінәлі сезінуі мүмкін. Сондықтан кейде ол болған жағдайды жоққа шығару арқылы өзін қорғауға тырысады”, – дейді психолог.
Бала жақынынан зорлық көргенін не себепті жасырады?
Маманның сөзінше, зорлық-зомбылықтан кейін бала сенетін ересек адамға жүгініп, одан қолдау тапса, оның психологиялық тұрғыда қалпына келу мүмкіндігі жоғары болады. Ал ата-анасы баласына сенбей, оны кінәлап, "сен ойдан шығарып отырсың", "ол ондай нәрсе жасамайды" немесе "отбасыңды ұятқа қалдырма" деп баланың көңіліне тағы қаяу салады. Яғни, бала өзін ешкім қорғамайтынын, оған сенбейтінін түсінеді. Соның салдарынан ол көмек сұраудан бас тартып, тұйықталып қалуы мүмкін. Психолог сексуалдық зорлық-зомбылыққа қатысты ұят пен өзін кінәлау да баланың көмек сұрауына кедергі келтіретінін атап өтті. Оның пікірінше, айналасындағылардың реакциясы өте маңызды. Себебі ересектердің қолдауы баланың көмек іздеуіне немесе қайтадан үнсіз қалуына әсер етеді.
“Неліктен әйел агрессорды қорғайды? Оның себептері – ұят, қорқыныш, болған жағдайды мойындамау, ажырасып кетуден қорқу, қоғамның айыптауынан және отбасының бұзылуынан қорқады. Сондықтан кейбір адамдар мәселені ең қарапайым жолмен шешуге тырысады: ештеңе болмағандай кейіп танытып, жағдайды жасыру. Бұл – силенсинг, яғни жүйені өзгертудің орнына сол жүйені бұзған адамды емес, шындықты айтқан адамды үнсіз қалдыру. Осыдан кейін виктимблейминг, яғни жәбірленушіні кінәлайды. "Оның қасына неге бардың?", "Неге бірден айтпадың?", "Неге өзіңді солай ұстадың?", тіпті "Өзің кінәлі" деген сөздер айтылады. Алайда мәселенің түпкі себебі баланың өзін қалай ұстағанында емес. Барлық жауапкершілік ересек адамға жүктеледі. Бала – ол бала. Оның өз әрекеттері үшін толық жауапкершілік алуға қажетті мүмкіндігі де, психологиялық тұрғыда қалыптасқан қабілеті де жоқ”, – дейді психолог.
Маманның айтуынша, қазір зорлық көрген қыздардың бұл тақырыпты ашық талқыланып жатқаны – өте жақсы үрдіс. Тіпті, анонимді түрде айтылған оқиғалардың өзі қоғамда зорлық-зомбылықтан зардап шеккендердің көп екенін көрсетеді. Бұл – балалардың қауіпсіздігіне бірінші кезекте мән беру керегін түсінуге көмектеседі.
“Ата-аналар балаларын тыңдап, оларға сенуді үйренуі тиіс. Бала кез келген ересек адамға, тіпті ата-анасына да "жоқ" деп айта алатынын білуі керек. Ол өзін қаламайтын адаммен құшақтасуға, сүйісуге немесе онымен бірге қалуға мәжбүр болмауы қажет. Егер бір адамнан қорқып немесе өзін жайсыз сезінсе, тіпті, ол адам жақын туысы болса да одан кетуге және бұл туралы айтуға құқығы бар. Бала өзін қорқытатын немесе мазалайтын құпияны сақтауға міндетті емес. Ең бастысы – бала өзі жақсы көретін адам туралы жағымсыз нәрсе айтса да, ата-ана алдымен сол адамның абыройын емес, баласын қорғауы керек екенін түсінуі қажет. Сау отбасы – қандай жағдай болса да, баланың қауіпсіздігін отбасының сыртқы беделінен жоғары қоятын отбасы”, – деп еске салды Айгұл Саққұлақова.
Оның сөзінше, егер адамдардың пікірі мен баланың қауіпсіздігін таңдау керек болса, мұның жауабы біреу ғана: баланың қауіпсіздігі отбасының абыройынан маңызды.
"7 жыл тозақта өмір сүрдім": Жақындарынан зорлық көрген қазақстандық қыздар неге үнсіз қалғандарын айтты