Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Піштіремін деп қорқытты": Ақтөбеде университет оқытушысы малшыны соққыға жықты деген күдікке ілінді

малшы
Фото: Stan.kz

Ақтөбе облысы Есет батыр ауылында 37 жастағы малшы өзін шаруа қожалығының иесі мен баласы жабылып ұрып-соққанын айтып, араша сұрап отыр. Оның айтуынша, бұқалары көрші қожалықтың асыл тұқымды малына қосылып кеткен соң жанжал шыққан. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Малшы Арыстанбек Бахилин 37 жаста. Ол бала күнінен әркімнің малын бағып келеді. Биыл көктемде Алға ауданының Есет батыр ауылына көшіп келіп, тұрғындардың малын бағып жүр. Оның қарауында жайлауда шамамен 250 бас мал бар. 

14 шілде күні қарауындағы бұқалардың бірі жоғалып, көрші шаруашылықтың малшысымен іздеуге шыққан. Қос малшы бұқаларын Өтеген Жақыповтың шаруа қожалығының ауласынан табады.

“Бұқамды алыстан таныдым. Өтеген баласымен бірге аула ішінде мал құрттап жүр екен. Ауласына барып, амандастым. Сол кезде баласы ештеңеге қарамай мені ұра бастады. Өтеген де шығып, екеуі жабылып ұрды. “Ұстаңдар, өзін де, бұқаны да піштіреміз” деген сөздер айтты. Менің бір бұқам, екінші малшының екі бұқасы кіріп кетті”, – дейді малшы. 

Арыстанбек Бахилинның айтуынша, қожалық иесі әр бұқа үшін 20 мың теңге талап еткен.

“Ол мен бағып жүрген бұқаның оның асыл тұқымының үйіріне кіріп кеткені үшін 20 мың теңге айыппұл салатынын айтты. Үш бұқа кіріп кеткен екен. Әр бұқаға 20 мың теңгеден сұрады. Мен бес баламмен пәтер жалдап тұратынымды, мұндай ақшаны бере алмайтынымды айттым. Бірақ тыңдамады. Баласы бірінші жүрек тұсымнан ұрды. Құлап қалғанымда қайта тепті. Әкесі де шығып тепті. Тұрып кетуге ұмтылғанымда құлақ-шекеден тағы ұрды. “Ұрмаңдаршы, жүрегім ауырады” деп жалындым. Тыңдамады”, – деді малшы. 

Оқиғадан кейін малшылар ауылға барып, Арыстанбек дәрігерге қаралған. Алайда ауруханада жатып емделуге мүмкіндігі болмаған.

“Ауруханаға жата алмадым. Малды бағусыз қалдыра алмаймын. 8-сыныптан бері малдың соңында жүрмін. Басқа жұмыс істей алмаймын. Күн көрісім – мал бағу. Өзімнің бір малым жоқ. Ауылдың малын бағамын, күзде айдап әкеліп, иелеріне тапсырамын”, – деді ол. 

Арыстанбек бес баланың әкесі. Отбасы ауылда айына 25 мың теңгеге пәтер жалдап тұрады. Өзі мал бағудан шамамен 300 мың теңге жалақы алады. Жұбайы балаларға қарайды. Қыста оператор болып жұмыс істейді. 

малшылар
Фото: Stan.kz

Оқиға кезінде Арыстанбекпен бірге малшы Ербол Маханов та болған. 

“Менің де екі бұқам жоғалып, екеуміз іздеуге шыққанбыз. Олар “ұстаңдар, өзін піштіреміз” деп Арыстанбекті алып ұрды. Бұл шырылдап жатыр. “Жүрегім ауырады, сендерге мәселе боламын” дегенін тыңдамады. Мен де мал іздеп жүріп олардан өткен жылы таяқ жедім”, – деді малшы Ербол Маханов. 

Арыстанбектің жұбайының айтуынша, Өтеген Жақыповтың әйелі хабарласып, мәселені сотқа жеткізбей шешуді ұсынған. 

“Келініме хабарласып, “500 мың теңге берейін, қолымда бары сол” деген. “Баланы соттағанда не болады, соттасып керек емес, бір ауылда тұрамыз” деген әңгіме айтқан” – деді малшының әйелі. 

Есет батыр ауылында 55 шаруа қожалығы бар. Ауыл тұрғындарының жеке меншігінде шамамен 2 мың ірі қара, 4-5 мыңға жуық ұсақ мал мен жылқы бар екені айтылады.

Ауыл әкімі елдімекен аумағында бірнеше ірі шаруа қожалығы бар екенін жеткізді. Солардың бірі – Өтеғұл-1 шаруа қожалығы. Әкімнің мәліметінше, аталған шаруашылықтың ауылдық округ аумағында шамамен 2 мың гектар жері тіркелген.

Малшылардың айтуынша, жайылым мәселесі мен малдың ірі шаруашылықтардың малына қосылып кетуі ауылда бұрыннан кездеседі.

Қазір малшының арызы бойынша құқық қорғау органдары тексеру жүргізіп жатыр.

“Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүріп жатыр. Полиция қызметкерлері оқиғаның барлық мән-жайын анықтауда. Тергеп-тексеру аясында қажетті тергеу және процестік іс-шаралар кешені жүргізіледі. Тергеп-тексеру нәтижелері бойынша қолданыстағы заңнамаға сәйкес процестік шешім қабылданады. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру жалғасып жатыр”, – делінген хабарламада. 

Ал іс бойынша күдікті Өтеген Жақыпов пікір білдіруден бас тартты. Ол бұрын өңірдегі жоғарғы оқу орнында оқытушы болған. Филология ғылымдарының доценті.

Айта кетейік, осыған дейін Ақтөбеде 7 жылға бас бостандығынан айырылған малшы Рахат Сәрсенов сот залынан босап шыққан еді. Оқиға қоғамда резонанс тудырды. Оған қожайыны 100 жылқы ұрлады деп айып тақты. Оның ішінде 40 жылқы бойынша қылмыстық іс алқа билер сот алқасына жетіп, 39 эпизод бойынша ақталды. Яғни бір ғана жылқының жоқтығы дәлелденді. Ал оған дейін шыққан азаматтық істегі 60 жылқының дауы бойынша сот қаулысы заңды күшіне еніп кетті.

Нұрила Жұмаділлә
Жұма, 11 Қыркүйек, 2026 11:18