Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстан футбол федерациясы футзал матчтарын түсірген түсірілім тобына 10 айдан бері ақша төлемеген

ҚФФ президенті
Фото: Видеодан скрин, ҚФФ

Қазақстан футзалы чемпионатының өткен маусымындағы матчтарды түсіріп, тікелей эфирде көрсеткен Sport Innovation компаниясының түсірілім тобы он айдан бері еңбекақысын ала алмай жүргенін мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Түсірілім тобы Қазақстан футбол федерациясының президенті Марат Омаровтан мәселені шешуге көмектесуді сұрап, үндеу жолдады. 

Компанияның жетекшісі Елдар Серікпаевтың айтуынша, түсірілім тобы өткен маусымда қаңтар-сәуір айлары аралығында атқарған жұмысы үшін әлі күнге дейін ақы алмаған.

Оның сөзінше, операторлар, комментаторлар, тікелей эфир инженерлері, дыбыс режиссерлері мен титр мамандары өз міндеттерін толық әрі уақытында орындаған. Алайда көрсетілген қызмет үшін төлем жасалмаған.

"Бұл мәселе әлі күнге шешімін таппай отыр. Біз барлық міндетімізді орындап, жұмысты уақытында аяқтағанымызға қарамастан, он айға жуық уақыт өтті. Өз еңбегімізбен адал тапқан ақшамызды талап етуге толық құқығымыз бар деп есептейміз", – дейді компания басшысы.

Елдар Серікпаев осы мәселеге байланысты Қазақстан футбол федерациясының президенті Марат Омаровқа үндеу жолдап, тиесілі қаражатты төлеуге ықпал етуді өтінді.

"Біз артық ештеңе талап етіп отырған жоқпыз. Тек адал еңбегіміз үшін тиесілі ақымызды алғымыз келеді", – делінген үндеуде.

Еске салсақ, бұған дейін еуропалық бапкер "Ақтөбе" футбол клубынан ақшасын ала алмай жүргенін айтып, шағымданған еді.

Дана Русланқызы
Бейсенбі, 22 Қазан, 2026 22:12