Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматы маңындағы 3 адамның өліміне әкеп соққан жол апаты үшін бұрынғы полиция майоры 10 жылға сотталды

Жол апатына түскен көлік
Фото: Azh.kz

Алматы облысында мас күйінде көлік жүргізіп, бір отбасының үш мүшесінің өліміне себепкер болған бұрынғы полиция майоры Абылай Жарылқасынұлы 10 жылға бас бостандығынан айырылды. Сондай-ақ оған өмір бойы көлік жүргізуге тыйым салынды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Қайғылы жол апаты 2026 жылғы 23 маусымда Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданындағы Алматы – Шелек – Қорғас тасжолының 132-шақырымында болған.

Сот Haval M6 көлігінің жүргізушісі алкогольдік масаң күйде қарсы бағыттағы жолаққа шығып кетіп, Audi автокөлігімен бетпе-бет соқтығысқанын анықтады.

Апат салдарынан Audi көлігіндегі үш адам оқиға орнында қаза тауып, тағы үш адам түрлі дене жарақатын алған.

Марқұмдар бір отбасының мүшелері еді. Жол апатынан 40 жастағы әйел, оның 41 жастағы күйеуі және 19 жастағы қызы көз жұмған. Көлікте балалар да болған, олар апаттан аман қалды. 19 жастағы марқұмның артында 10 айлық қызы Дильнара қалды. Тағы екі бала ата-анасынан айырылды.

БАҚ мәліметінше, Haval тізгінінде 37 жастағы Абылай Жарылқасынұлы болған. Ол бұған дейін ішкі істер органдарында 15 жылдан астам қызмет етіп, полиция майоры шенін алған. Жол апатынан кейін полиция қатарынан босатылған.

Бұған дейін жарияланған сараптама қорытындысында оның қанынан 3,3 промилле алкоголь анықталғаны хабарланған.

Істі Алматы облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты қарады. Абылай Жарылқасынұлы Қылмыстық кодекстің 345-1-бабының 4-бөлігі – алкогольдік масаң күйде жол қозғалысы ережесін бұзып, абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соққан әрекет бойынша кінәлі деп танылды.

Бұл бап бойынша 7 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Сот істің қоғамдық қауіптілік сипаты мен ауырлығын ескеріп, сотталушыға заңда көзделген ең жоғары жаза – 10 жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.

Сонымен қатар ол өмір бойына көлік құралын басқару құқығынан айырылды.

Сот жәбірленушілердің азаматтық талаптарын ішінара қанағаттандырды. Сотталушыдан олардың пайдасына 29 миллион теңге моральдық өтемақы және 1 799 089 теңге материалдық шығын өндірілетін болды.

Марқұмдардың туыстары бұған дейін жүргізушінің құқық қорғау органдарында қызмет еткеніне байланысты істің жабылып қалуынан қауіптенгенін айтып, істің ашық тергелуін және кінәлінің заң алдында жауап беруін талап еткен.

Қаза тапқандардың жақындары сот үкімін әділ деп бағалады.

Сот үкімі әзірге заңды күшіне енген жоқ.

Еске салайық, 16 тамызда Telegram-арналардың бірінде Жамбыл облысының Рысқұлов ауданында жол-көлік оқиғасы болғаны туралы ақпарат тараған. Батыс Еуропа – Батыс Қытай автожолында жаяу жүргіншіні көлік қағып кеткені хабарланған. Сол кезде көлік тізгінінде экс-мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек болғаны айтылған.

17 тамызда Бақытжан Базарбек әлеуметтік желідегі парақшасында сотқа дейінгі тергеу аясында жұбайымен бірге ақпаратты жария етпеу туралы құжатқа қол қойғанын жазды.

Ол әлеуметтік желідегі түрлі болжамдарға қатысты асығыс қорытынды жасамауға және тек ресми ақпарат пен тергеу нәтижелеріне сенуге шақырды.

Жол-көлік оқиғасы бойынша сотқа дейінгі тергеу басталған.

Балнұр Рахматуллақызы
Жұма, 11 Қыркүйек, 2026 12:31