"Рөлде бастығы болған": Алматы облысында жол апатына күдікті болған ХҚКО қызметкерінің анасы ұлын ақтап алуды сұрады
Алматы облысында 77 жастағы әйелдің өліміне әкеп соққан жол апатына қатысты іс бойынша 26 жастағы жігіт қамауға алынған. Алайда оның анасы ұлы көлік тізгінінде болмағанын айтып, істі қайта қарауды сұрап отыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Оқиға Алматы – Шелек – Қорғас – Байсейіт тасжолының шамамен 160-шақырымында болған. Куәгерлердің сөзінше, кешкі уақытта Kia Sorento көлігі жолды кесіп өтпек болған 77 жастағы әйелді қағып кеткен. Кейуана алған жарақатынан оқиға орнында көз жұмған.
Жол апатына қатысы бар көлік Халыққа қызмет көрсету орталығына тиесілі болған. Қазір қамауда отырған 26 жастағы Рустам анасына апат кезінде рөлде өзі емес, Асқар есімді басшысы болғанын айтқан.
Күдіктінің анасы Саламат Азаматованың сөзінше, сол күні ұлы жұмыстан үйіне келгеннен кейін көп ұзамай бастығы қайта шақырған.
“Сағат кешкі жетілер шамасында ұлым жұмыстан келді. Арада 15 минут өткенде бастығы қоңырау шалып, тез келуін айтқан. Ұлымның айтуынша, Байсейіт ауылына құжат апаруы керек болған. Көлікті Асқар есімді бастығы жүргізген. Жол қараңғы болғандықтан, әжейді қағып кеткен”, – дейді ол.
Анасының айтуынша, оқиға орнындағы куәгерлер де жүргізуші орнынан орта жастағы ер адам түскенін айтқан. Ал Рустам небәрі 26 жаста.
“Куәгерлер жүргізуші есігінен 40-50 жастағы ер адам түскенін айтып отыр. Ал менің ұлым 26 жаста. Ұлымның сөзінше, бастығы оған көлікті алып кетуді бұйырып, өзі мәселені шешетінін айтқан”, – деді Саламат Азаматова.
Жігіттің жақындарының сөзінше, апаттан кейін Рустам көлікті үйіне әкелген. Келесі күні бастығымен бірге көліктің зақымданған бөліктерін жөндеуге кіріскен. Алайда арада екі күн өткен соң полиция оны ұстаған.
Алматы облысы полиция департаменті 26 жастағы жүргізушінің анықталып, қамауға алынғанын растады.
“Еңбекшіқазақ ауданында адам өліміне әкеп соққан жол-көлік оқиғасы болған жерден жасырынған 26 жастағы жүргізуші анықталып, ұсталды. Жаяу жүргінші алған жарақатынан оқиға орнында көз жұмды. Қазір жол апатының барлық мән-жайы мен себептерін анықтауға бағытталған кешенді тергеу жүргізіліп жатыр”, – деді Алматы облысы полиция департаментінің ресми өкілі Ернар Сайділдин.
Ал Халыққа қызмет көрсету орталығының өкілдері Асқар есімді басшының қазір денсаулығына байланысты жұмыста жоқ екенін айтқан.
Полиция тергеу барысында іске қатысы бар барлық адамның әрекетіне құқықтық баға берілетінін мәлімдеді. Әзірге істің нақты мән-жайы толық анықталған жоқ.
Атыраудағы лотос алқабы: Мамандар жергілікті емес өсімдіктердің экожүйені жойып жіберуі мүмкін екенін айтты