Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"1 миллион 200 мың теңге сұрады”: Қазақстандық мұғалімдер мектепке жұмысқа тұру ақша сұрайтынын айтып наразы болды

Мұғалімдер ақшамен жұмысқа кіру
Фото: Жасанды интеллект көмегімен

Қазақстандық мұғалімдер желіде мектепке жұмысқа орналасу үшін 300 мыңнан 2 миллион теңгеге дейін ақша сұрайтынын айтып шағымдануда. Айтуларынша, тіпті мектептегі тазалықшы сияқты техникалық қызметкерлерден де жұмысқа кіру үшін жүздеген мың теңге талап етіледі. Ең қызығы, қазір педагогтерді жұмысқа қабылдау арнайы сайт арқылы ашық конкурс негізінде өтуі тиіс. Алайда ұстаздардың айтуынша, іс жүзінде бос орын сайтта жарияланғанымен, жұмысқа қабылдау мәселесі кейде таныс пен делдал арқылы шешіліп жатыр. Stan.kz тілшісі осы мәселеге тап болған мұғалімдердің әңгімесін тыңдап көрді.

“Жас маманмын, мектепке жұмысқа тұру үшін 1 миллион 200 мың теңге сұрады”

Редакциямызға осыған ұқсас басынан өткен оқиғасын айтып берген алматылық 21 жастағы Айман (кейіпкердің аты өзгертілген) Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетін қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі мамандығына тәмамдаған. 

“Университетті бітіргесін жұмысты Ұлттық білім беру деректер базасы сайты арқылы іздедім. Өзім туралы ақпаратты енгізіп, бірнеше мектепке түйіндемемді жібердім. Біраз уақыт күттім де. Бірақ сенесіз бе сонша уақыт пен осынша мектептің бірінен хабар келмеді. Осылай жүріп, таныстарымнан бос жұмыс орны бар мектептер туралы сұрай бастадым. Сөйтсем шынымен бос орындар бар екен. Бірақ оларға бәрібір тікелей түйіндемеңді алып бара алмайсыз. Жоғарыда айтқан сайт арқылы ғана таңдап жібересің. Сөйтіп жүріп танысымнан бір мектепте бос орын бар екенін білдім. Қуанып үміттеніп сайт арқылы құжатымды жібермек болған едім. Алайда кейін сол таныстарым жұмысқа тұру үшін басшылық ақша дәмететіндерін ашық айтты. Олар менен 1 миллион 200 мың теңге сұрады”, – деп баяндады бойжеткен. 

Жас маман бұдан соң көңілі қалып, басқа жақтан жұмыс іздеуін жалғастырған. 

“Кейін осылай жүріп туысқанымның мектепте жұмыс істейтіні есіме түсті. Сосын одан да бір ауыз бос орын туралы сұрап көруді шештім. Алайда өкініштісі бұл жақтан да осындай жүйе бар екенін білдім. Туысқаным бос орын туралы сұрап берді. Дегенмен жұмысқа тұру құны бұл жақта 650 мың теңге екен. Әрине ақша беруден бас тарттым. Алайда іштей сонда елімізде тіпті жұмысқа тұрудың өзі жемқорлық жүйесімен жүрсе күніміз не болады деген қорқыныш туды. Әрі әбден көңілім қалуда. Себебі енді бітірген жас мамандар мұндай ақшаны қайдан алады? Керісінше, жұмыс істеп болашағымызға жол құраймыз ба десек, бұл енді аяқтан шалу”, – деп қосты ол.  

Айман бұл жүйенің әбден сақ жұмыс істейтінін де байқапты. Айтуынша, басшылық мүлде ақша сұрамайды. Алайда деладалдар, танытар арқылы соңында қанша екенін жеткізеді екен. 

“Олардың ақша алатын өз схемасы бар. Мектеп директоры ешқашан тікелей ақша сұрай салмайды. Көбіне жұмыс іздегендер ол мектепке жұмысқа тұру үшін қанша қажет екенін таныстары арқылы естіп жатады. Яғни меніңше, мұғалімдердің арасында ақпарат таратады. Керек адамға солай жетеді. Ақша алғанда да банк шотына аудару арқылы емес, сол ақша туралы айтқан адамға қолма-қол бергізеді. Ол басқасына береді. Мүмкін ортада өздеріне ақша алып қалады. Мәселен директор 300 мың теңге сұраса, ортадағы делдалдардың ақысымен қосқанда 650 мың теңгеге баруы мүмкін. Міне, өз басым көріп, түсінген жүйе осындай болды”, – деп қорытты ол. 

 “Сағаттарын ұзартып, аттестациядан өту үшін де рахметін беруі керек”

Жұмысқа тұруда мұндай қиындықтар тек жас мамандардың ғана емес, біраз жылдық жұмыс өтілі бар ұстаздардың да басынан өткен. Алматылық 37 жастағы Нұргүл (кейіпкердің аты өзгертілген) бүгінде бастауыш сыныпқа сабақ береді. Алайда ол бұл орынға тұру үшін “рахметін” беруге тура келгенін жасырмады. 

“Өзім қазіргі Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетін бітіргенмін. 2009 жылы алғаш жұмысқа тұрған кезімде де менен ақша сұраған еді. Ол кезде 500 доллар 75 мың теңге сұрады. Ол кездері бұл кәдімгідей көп ақша болатын. Қазір әрине, мектепке жұмысқа тұру үшін сайт шығарып сол арқылы қабылдайтындай еткен. Алайда бәрібір жемқорлық мұнымен тоқтап тұрған жоқ. Бәрібір сайт арқылы жұмыс табу өте қиын. Түптеп келгенде көбісі бірінші таныстары мен ақша арқылы мектеп басшылығымен келісіп алады. Кейін барып, құжаттарын сол сайтқа тіркеп жұмысқа сол мектепке орналасқандай етіп көрсетеді. Ал директор ақшаны біреулер арқылы ғана алады”, – деді ол. 

Нұргүл өз тәжірибесінде екі рет осындай жағдайға тап болған. Ол декреттік демалыстан соң былтыр жаңа жұмысқа орналаспақ болған.

“Бұл жолы да жұмыс табу оңай болмады. Жұмысқа тұру үшін бұл жолы менен 800 мың теңге ақша сұрады. Иә, амал жоқ бердім. Себебі қалай болса да жұмыс керек болды. Тағы бір жаға ұстайтын жағдай мектеп ішінде тіпті аттестатциялаудан өту үшін де мұғалімдердің ақша төлейтіндерін естідім. Бұл да дәрежесіне қарай 500-600мың теңгеден басталады екен. Тіпті оқу жылы басталмай жатып кей ұстаздардың қосымша сағат алу үшін де кабинетке рахметтерімен бірге кіретіндерін білетінмін. Дегенмен біз сияқтыларда әрине ондай мүмкіндіктер тегіннен тегін бола қоймайды”, – деп қосты Нұргүл. 

Нұргүл қазір бастауыш сынып мұғалімі болып, екі жерде жұмыс істегісі келетінін алға тартты. Себебі алатын жалақы мардымсыз екен.

“Қазір мына жақтан алатын жалақым 200 мың теңге. Отбасылы адам үшін бұл өте аз. Сондықтан қосымша жұмыс іздеп жүрмін. Екінші жұмысқа еш таныссыз адалынан кіргім келеді. Әзірге табылмай жатыр. Дегенмен іздеу үстіндемін. Жұмыс іздеуде жас мамандар болсын, тіпті жұмыс өтілі бар ұстаздар болсын кейде осындай қиындыққа тап болатынын бәрі білетін шығар. Қынжылтатыны да осы болып тұр”, – деп қорытты ол.

Нұргүл қазір қалада әсіресе оқу жылы басталар шақта осы мәселенің өршігенін алға тартты. Айтуынша, тіпті кей ұстаздар осы жүйенің кесірінен әрі саладағы ауыр жүктен шаршап, мамандықтарынан басқа жаққа ауысып кеткен.

Желіде қазақстандықтар мұғалімдердің жұмысқа тұруы қиындағанын ашығынан жазуда. Айтуларынша, жемқорлық фактілер көбейіп барады.

“Алматы Наурызбай ауданы, Шұғыла, Алма сити қазір мектепке мұғалім болып кіру үшін міндетті түрде ақша беру керек болып кеткен бе? Көп жерден “700 мыңнан бастап, миллионға дейін сұрайды" дегенді естіп жүрміз. Тіпті техқызметкерлерге  дейін ақша алады дейді. Осы қаншалықты рас? Ақшасыз, өз күшімен жұмысқа кіргендер бар ма? Болса, тәжірибелеріңізбен бөлісіп кетсеңіздерші”;
Мұғалімдер ақшамен жұмысқа кіру
Фото: Желі кадрларынан скрин
“Құрбымның қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен жоғарғы білімі бар. Диплом алғанына 1жыл болды. Енді мектепке жұмысқа тұрайын десе өз мамандығымен орын жоқ (ауылдық жерде тұрады, тұрмыста). Әлеуметтік педагог орыны ғана бос. Жарайды істей беремін деп құжаттарын жинап бастаса жұмысқа тұру үшін 250 мың теңге сұраған және алдағы уақытта сағат алмаймын деген қол хат жаздырып аламын деген екен. Ал әлеуметтік педагогтың айлығы 100мың теңге. Бұл қаншалықты дұрыс?”;
“Мектепке еден шуушы болып кіру үшін 500 мыі теңге, медбике – 2 миллион теңге, мұғалім стажы болмаса – 2 миллион теңге”, “Иә. Бір ауылдас, мектепке кіші қызметкер болып жұмысқа тұру үшін бірнеше қара бас мал сойып бергенін естігенмін”, – деп жазды желі қолданушылары. 

Көпшілігі пікірде Алматы, Шымкент қалаларында осындай жемқорлық көрінісітері өршіп тұрғанын алға тартты. Жұмыс іздеп жүрген Алматы тұрғыны өзінен қаражатты ашығынан сұрағанын желіде бөлісті. 

Мұғалімдер ақшамен жұмысқа кіру
Фото: Желі кадрларынан скрин
“Шындарыңызды айтыңыздаршы, Алматыда мұғалімдер жұмысқа өздеріңіз кірдіңіздер ме? Қаншама Мектеп вакансия бар дейді жазсаң “кітабыңыз дайын болса келіп істей беріңіз” дейді. Басында мұны түсінбедім. Кейін барып ұқтым. Сонда солай ашықтан ашық айта бере ме? Оған заң жоқ па? Жаңадан жұмысқа тұратын жастарға обал. Наурызбай ауданында толығымен ақша жүріп тұр. Жоғары жақтағылар қараңыздар”, – деп жазды ол.

Қазақстандықтар ұстаздарға арналған арнайы сайттан еш көмек болмай жатқанын сынады.

“Мектептегі былықтарды бәрі біледі. Бірақ ешкім үндемейді, шешуге тырыспайды. Мектепке жұмысқа кірудің өзі азап. Жұмысқа тұру үшін таныс керек, ақша керек, мамандығы бойынша жұмыс істегісі келетіндердің алдын орап кетеді. Ақша беріп кірген күннің өзінде алатын ақшаң аз, міндетің көп. Enbek.kz, НОБД сайттарының бәрі көзбояушылық. Қазір шыққан вакансияға қазір отклик жасасаң бірер минуттан соң “бұл орын бос емес” - деп бас тартады. Ішкі жүйе шіріп жатыр. Мұғалімнің абыройы қалмады”, – деп жазды тұрғын.

Алайда еліміздің Оқу-ағарту министрлігі педагогтердің жұмысқа қабылдануы "Педагогті жұмысқа қабылдау" модулі арқылы электрондық форматта жүзеге асырылатынын айтты. 

“Педагогтердің бос лауазымдары туралы ақпарат Enbek.kz электрондық еңбек биржасында жарияланып, тиісті мәліметтер Ұлттық білім беру деректер қорына (ҰБДҚ) енгізіледі. Үміткерлер бос лауазымдарға өтініштерін электрондық форматта беріп, белгіленген тәртіппен конкурсқа қатысады. Үміткерлерді іріктеу олардың біліктілігі мен белгіленген талаптарға сәйкестігі негізінде жүргізіледі. Конкурс өткізу туралы хабарландыру және оның қорытындылары белгіленген тәртіппен ресімделіп, мектептің интернет-ресурсында жарияланады”, – деп мәлімдеді ведомство.

Министрлік мемлекеттік білім беру ұйымының бірінші басшысы лауазымына үміткерлер үшін сертификаттаудан өту міндетті екенін атап өтті. Үміткер конкурсқа қатысу үшін құжаттарды тапсырғанға дейін:

  • Білім беру саласындағы заңнаманы білу деңгейі бойынша сертификаттаудан;
  • Мемлекеттік тілді білу деңгейін айқындайтын КАЗТЕСТ немесе QAZAQ RESMI TEST тестілеуінен В1 деңгейінен төмен емес нәтиже көрсете отырып өтеді.

Тиісті сертификаттар конкурсқа қатысу үшін ұсынылатын міндетті құжаттар тізбесіне кіреді. Үміткердің біліктілік талаптарына сәйкестігі тексерілгеннен кейін ол конкурстық комиссиямен әңгімелесуден өтеді. Бұл тәртіп мемлекеттік білім беру ұйымдарының бірінші басшылары мен педагогтерін лауазымға тағайындау қағидаларында бар.

Ведомствоның мәліметінше, педагогтер жұмысқа конкурс арқылы қабылданады. Үміткердің білімі, біліктілігі және құжаттары бағаланады. Сертификаттаудан өткені туралы сертификаты немесе біліктілік санаты болса, ол да есепке алынады. Педагогикалық еңбек өтілі жоқ үміткерлер үшін сертификаттау нәтижесі маңызды өлшемдердің бірі болып саналады.

Ал мемлекеттік тапсырыспен оқып, GPA көрсеткіші кемінде 3,33 болған ЖОО түлектері сертификаттау құжаты бар болса, конкурссыз жұмысқа қабылдануы мүмкін. 

Министрлік жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп мынадай шараларды іске асырып жатыр:

  • Ұлттық білім беру деректер қорының "Педагогті жұмысқа қабылдау" модулі арқылы бос жұмыс орындары мен жұмысқа орналасу барысына күнделікті мониторинг жүргізу;
  • Мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша білім алған, орташа үлгерім балы кемінде 3,33 GPA болатын түлектерді сертификаттаудан өткені туралы құжаты болған жағдайда конкурс өткізбестен жұмысқа қабылдау мүмкіндігін беру
  • "Дипломмен ауылға" жобасы аясында ауылдық жерлерге жұмысқа келген жас мамандарға көтерме жәрдемақы және тұрғын үй сатып алуға немесе салуға бюджеттік кредит беру;
  • Мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша педагог кадрларды мақсатты даярлауды ұйымдастыру;
  • "Білім берудегі өзгерістердің 1000 көшбасшысы" жобасының республикалық кадр резервін пайдалану. Жоба аясында жаңа буынның 927 басшысы даярланып, 550-ден астам резервші басшылық лауазымдарға тағайындалды.

Бұған дейін қазақстандықтар елімізде 40 жастан кейін жаңа жұмыс табу қиын екенін айтып, шағымданды. Желіде бос жұмыс орындарына арналған хабарландырулар көп. Алайда барлығында дерлік ең маңызды талап 35-40 жасқа дейінгі жас шектеуі. Қазақстандықтар осы мәселе туралы жазып, ересек жаста жұмыс табудың қиындығын айтып, алаңдаушылық білдірді.

 

Гүлсезім Мұхатай
Жұма, 11 Қыркүйек, 2026 16:07