Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ақтөбеде 35 мың адамға арналған жаңа футбол стадионы салынады

Футбол стадионы
Фото: Үкімет

Ақтөбеде жаңа футбол стадионының құрылысына Үкімет резервінен 6,5 миллиард теңге бөлінді. Қаражат Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың елдегі футболды дамыту және өңірлердегі спорт инфрақұрылымын жаңғырту жөніндегі тапсырмасы аясында қарастырылған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Жаңа стадион қаланың батыс бөлігіндегі 25 гектар аумақта салынып жатыр. Арена 35 мың көрерменге дейін қабылдай алады. Болашақта бұл кешен өңірдегі ең ірі спорт нысандарының біріне айналып, жас спортшыларды даярлауға да мүмкіндік береді.

Жоба УЕФА-ның 4-санаттағы стадиондарға қойылатын талаптарына сай әзірленген. Бес қабатты спорт кешенінің жалпы аумағы 80 мың шаршы метрден асады. Мұнда футбол алаңы, көрермендерге арналған трибуналар, командалар мен БАҚ өкілдеріне қажетті инфрақұрылым қарастырылған.

Стадион құрылысы үш кезеңмен жүзеге асырылады. Үкімет бөлген 6,5 милиард теңге биыл басталған алғашқы кезеңнің жұмыстарына жұмсалады. Нысанды толық аяқтап, пайдалануға беру 2028 жылдың қыркүйегіне жоспарланып отыр.

Қазір Ақтөбедегі Орталық стадион 1975 жылдан бері пайдаланылып келеді және шамамен 13 мың көрерменге арналған. Ал “Ақтөбе” футбол клубының үйдегі ойындарына деген сұраныс жоғары. Кей кездері матчқа барғысы келетін жанкүйерлер саны стадион сыйымдылығынан үш есе көп болады.

Жаңа арена жанкүйерлерді көбірек қабылдауға, халықаралық деңгейдегі футбол матчтарын, сондай-ақ ірі спорттық, мәдени және қоғамдық шараларды өткізуге мүмкіндік береді.

Еске салайық, бұған дейін Алматыда УЕФА-ның жоғары талаптарына сай, халықаралық жарыстарды қабылдай алатын, 45 мың көрерменге арналған заманауи стадион салынып жатқаны хабарланған еді. Кейінірек желіде жаңа стадион жобасының видеосы жарияланды.

Балнұр Рахматуллақызы
Жұма, 11 Қыркүйек, 2026 13:04