Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

210 миллион теңгеге екі кереует: Жаңаөзеннің экс-әкімінің орынбасарына қатысты іс қозғалды

тексеру
Фото: Видеодан скрин

Жаңаөзен қалалық көпбейінді ауруханасына демеушілік көмек ретінде бөлінген 223 миллион теңгенің жымқырылуына қатысты қылмыстық іс тергеліп жатыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Агенттік мәліметінше, бастапқыда медициналық жабдықтың сегіз түрін сатып алып, мамандарды оқыту жоспарланған. Алайда кейін жоба өзгеріп, 210 миллион теңгеге күйікке шалдыққан науқастарға арналған небәрі екі арнайы кереует сатып алынған.

“2025 жылы Маңғыстау облысының Денсаулық сақтау басқармасы күйікке шалдыққан науқастарға арналған бөлімді жабдықтау үшін "ҚазМұнайГаз" ҰК" АҚ-ға демеушілік көмек көрсету туралы өтініш білдірген. Жобаны жүзеге асыруға 223 миллион теңге бөлініп, қаражатты "ӨзенМұнайГаз" АҚ "Жарылқау" қоғамдық қорына аударған. Бастапқы жоспар бойынша бұл қаражатқа медициналық жабдықтың сегіз түрін сатып алып, мамандарды оқыту көзделген. Алайда кейін жоба шарттары өзгеріп, бөлімді толық жабдықтаудың орнына 210 миллион теңгеге күйікке шалдыққан науқастарға арналған екі арнайы кереует сатып алу туралы үшжақты келісім жасалған. Құжатқа “Жарылқау” қоғамдық қоры, Жаңаөзен қалалық көпбейінді ауруханасы және AKBS Invest ЖШС өкілдері қол қойған”, – делінген хабарлайды. 

Қаржы мониторинг агенттігі мәліметінше, сатып алу кезінде заң талаптары бұзылған. Атап айтқанда, құны жоғары медициналық техниканы заңнамаға сәйкес Бірыңғай дистрибьютор арқылы сатып алу қажет болған.

“Іске қалалық аурухана директорының орынбасары, “Жарылқау” қоғамдық қорының басшысы, Жаңаөзен қаласы әкімінің бұрынғы орынбасары және өнім беруші компанияның өкілі қатысқан. Сонымен қатар екі кереуетті сатып алуға іс жүзінде 92 миллион теңге ғана жұмсалған. Қалған қаражат үлестес кәсіпорындар арқылы қолма-қол ақшаға айналдырылып, іске қатысушылар арасында бөлінген. Бұдан бөлек, AKBS Invest ЖШС өкілі қылмыстық жолмен алынған қаражатқа Астанадан пәтер сатып алып, оны үшінші тұлғалардың атына рәсімдеген деген күдікке ілінген”, – делінген хабарламада. 

Нәтижесінде, Жаңаөзен қаласы әкімінің экс-орынбасарына қатысты Қылмыстық кодектің 361-бабы (Лауазымдық өкiлеттiктерді теріс пайдалану) бойынша қылмыстық іс қозғалған.

“Үш күдікті қамауға алынды. Сот санкциясымен олардың мүлкіне, оның ішінде екі пәтерге, екі тұрғын үйге және автокөлікке тыйым салынды. Тергеу жалғасып жатыр”, – делінген хабарламада. 

Агенттік Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес, тергеу барысына қатысты өзге ақпарат жария етілмейтінін мәлімдеді. 

Айта кетейік, бұған дейін Қонаев қаласында Amanat Drive қаржы пирамидасының басшыларына қатысты сот үкімі шыққаны туралы жазған едік. Қаржы пирамидасына 8 мыңнан астам адам қаржы салған. Ал тартылған қаражаттың жалпы көлемі 21 миллиард теңгеден асқан. 

Stan.kz
Жұма, 11 Қыркүйек, 2026 11:16