Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Шымкентте 65 жастағы зейнеткерді көршісі ұрып өлтірген: Оқиғаның мән-жайы айтылды (видео)

скриндер
Фото: Видеодан скрин

Шымкентте 65 жастағы зейнеткерді көршісі немересінің көз алдында ұрып өлтірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Соққының қатты болғаны сонша, қария бірден жерге сұлап түскен. Сөйтіп, арыққа басы соғылып, жұлыны үзілген дейді жақындары. Қара жамылған отбасы көршілердің 20 жылдан бері қатар тұрғанын айтады. Көз алдында өскен баланың қолынан ажал құшқан қартты жанұясы бүгін жер қойнына тапсырды.

Әкесіндей адамды аямаған шымкенттік тұрғынның қатыгездігі бейнебақылау камерасына түсіп қалған. Қария атпалдай азаматтың ауыр соққыларына қарсы тұра алмай, артқа қарай шегіне береді. Соңында арыққа құлап, басынан жарақат алған. Сұмдығы сол, жантүршігерлік қылмыс атасына араша түскен 5 жастағы қыздың көз алдында болыпты.

“Үйге келсе немересі жүгіріп кіріпті. Ата-ата сізді шақырып жатыр деген. Ауылдас көршісінің баласы шақырып алып, келе салып Хурсанды ұрған. Құлаған. Бір емес жеті-сегіз рет ұрған. Ұрып құлатып, 7-8 реттен кейін үйден келіп, кондиционерді алып шығып кетіпті. Әкесі жанында болған. Әкесі ажыратпаған да. Баланың әкесі артқа қарап үйге кіріп кеткен”, – дейді марқұмның туысы Мұхаммед Имамов.

Қайғылы жағдайды марқұмның немересінен бөлек күдіктінің әке-шешесі де көрген дейді қаралы отбасы. Бірақ ажыратуға асықпаған. Тіпті, көршінің қимылсыз жатқанын көре тұра жедел жәрдем қызметін де шақырмады деп ашынады.

“Әке-шешесі де жүр сол жерде қарап. Баласын тыймай ма, қарамай ма?! Видеода жүр соны көрдім. Әкесі болса керек, ажыратпаған ғой. Алдында жүр ғой. Қарап тұр ұрып жатқанын. Анау бала ұрып жатыр. Немересі шауып жүр. Енді құлатып кетіп қалса мейлі ғой. Қайтадан барып тағы ұрған”, – дейді марқұмның туысы Момынжан Имамов.

Оқиға орнында көз жұмған қарияны бүгін жақындары жер қойнына тапсырды.

65 жастағы жеті баланың әкесі үш жыл бұрын ғана жұбайынан айырылған екен. Содан бері енді ғана ес жиған жанұя қылмысты көре тұра көмек көрсетпеген көршінің ата-анасы да жазалансын деп отыр. Сонымен қатар олардың көшіп кеткендерін де қалайды.

"Бұның баласы мен марқұмның баласы сөзге келіп қалады. Содан басталады. Сосын мен қойындар ұрыспаңдар деген кезімде марқұм жоқ еді. Сосын біз бұл кісімен сөзге келіп қалған едік. Ерегесіп қалдық. Сосын марқұм қалаға келгеннен кейін ол кісілермен жолықпаңыз дедім. Болды жолықпаймын деген еді. Білмеймін жоқ болып кетті де бұл кісі тағы да пайда болады. Қазір көрші деуге бетім шыдамайды. Үнемі есірткіде жүретін адам еді ол кісі. Көбісі онымен жақсы тұрмайды", – дейді көше тұрғыны Бахадүр Исламов.

Шымкент қаласының полициясы қазір бұл іске қатысты тергеу бастады. Күдіктіні көрші үйдің шатырынан тапқан екен.

“Денсаулыққа қасақана зиян келтіріп, абайсызда жәбірленушінің өліміне әкеп соғу дерегі бойынша полиция сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады. Күдікті жедел түрде анықталып, құрықталды. Қазіргі уақытта болған оқиғаның барлық мән-жайы жан-жақты әрі объективті анықтауға бағытталған қажетті тергеу әрекеттері жүргізілуде”, – дейді Шымкент қалалық ПД баспасөз қызметі.

Қайғылы аяқталған екі көршінің жанжалына нақты не себеп болғаны әзірге белгісіз. Полиция тергеу барысында қылмыстың мән-жайын анықтамақ.

Еске салсақ, бұған дейін Шымкентте көршісі 65 жастағы зейнеткерді кішкентай немересінің көзінше ұрып өлтірді деп айыпталғаны туралы жазған едік. 

Дана Русланқызы
Бейсенбі, 10 Қыркүйек, 2026 21:56