"Бізді өлтіремін дейді": Алматыда тұрғындар пышақпен жүрген көршісінен қорқып отыр
Алматының элиталы ауданындағы тұрғындар 50 жастағы көршісінен қауіптеніп отыр. Олардың айтуынша, ер адам көшеде пышақпен жүріп, адамдарды өлтіремін деп қорқытады, көліктерді бүлдіріп, дөңгелектерді тесіп, балаларды қуған. Полиция оны ұстап, психикалық денсаулық орталығында есепте тұрғанын анықтаған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі КТК телеарнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Жергілікті тұрғындардың тыныштығы бұзылған. Олардың сөзінше, көршісі күндіз де, түнде де көшеге шығып айғайлап, өзгенің мүлкін бүлдіреді.
Ол бөтен үйлердің қақпасына барып, дабыл шамдарын сындырады. Бұған қоса, қолына пышақ алып шығып, көршілеріне қоқан-лоқы көрсетеді.
Анастасия Султанованың айтуынша, көршісі тұрғындарды өлтіремін деп қорқытып, бұрын ауыр темірмен, қазір үлкен пышақпен көшеге шығатын болған.
"Біз түнде тыныш ұйықтай алмаймыз. Көшеге де шыға алмаймыз. Балаларымыздың жүруге қорқатыны бар. Ол бізді өлтіремін дейді. Дәлме-дәл айтқаны "Сендерді Сочиге өлі маусымда жіберемін". Балағаттап, түрлі сөздер айтады. Бұрын темірмен (ломмен) жүретін. Өтіп бара жатқан көліктерге де шабуыл жасаған. Қазір қолына үлкен пышақ ұстап жүр. Бұрын бір көліктің көшеден өтуіне мүмкіндік бермей, ішіне лом сұққан кездері де болған", – деді Анастасия Султанова.
Жергілікті тұрғындар амалсыздан көшеге сирек шығатын болған. Үйлерінің есігін бірнеше құлыппен бекітеді. Олардың айтуынша, ашуға булыққан көршісін полиция да, дәрігерлер де тыныштандыра алмаған.

Алла Саймағанбетованың сөзінше, тұрғындар сыртқа шығар алдында көршісінің бар-жоғын тексеруге мәжбүр.
"Сыртқа шығатын болсақ, алдымен кішкентай саңылаудан қарап, оның бар-жоғын тексереміз. Кейде оның қатты айғайлағанын немесе ән айтқанын естиміз. Дөңгелектерімізді кесіп кеткен кездер болды. Бірақ әйнекті сындырып үлгермеді. Күйеуім екеуміз көлікпен кетіп қалдық. Немеремізді көлікке отырғызып, бірге алып кеттік", – деді Алла Саймағанбетова.
Тұрғындар осы үйдің жанынан да айналып өтуге тырысады. Себебі дәл осы жерде елдің мазасын алып жүрген ер адам тұрады. Кейбір көршілері оны 20 жылдан астам уақыттан бері таниды. Олардың айтуынша, ол тек көршілеріне емес, өзінің анасына да күш көрсеткен. Анасы кейін жоғалып кеткен. Айгүл Нұртайқызы ер адам бұған дейін өз анасын бірнеше рет ұрып-соққанын айтты.
“Бұрын оның анасы бар еді. Анасы үш жыл бұрын жоғалып кеткен. Қазір із-түзсіз жоғалған адам ретінде іздеуде. Ол өз анасын бірнеше рет ұрып-соққан. Анасы көгеріп, денесінде жарақаттармен бізге келетін. Бізден көмек сұрайтын. Полиция шақыруымызды, жедел жәрдем шақыруымызды өтінетін", – деді Айгүл Нұртайқызы.
Ер адам көршілерін ғана емес, жергілікті кәсіпкерлерді де мазалайды. Тұрғындардың айтуынша, ол дүкенге пышақпен кіріп, азық-түлікті қарызға беруді талап етеді. Сондықтан дүкен иесі Ләззат Сабитханова есікті үнемі құлыптап, тек қоңырау соғылған кезде ғана ашуға тырысады.
Ләззат Сәбитханова дүкенге қорқып кіретінін айтады.
"Дүкенді негізінен жауып қоямын. Қоңырау да іліп қойдым. Тек қоңырау соққанда ашамын. Өйткені Лёша келгенде өзім қорқамын. Бірнеше рет арматурамен кірген кездері болды. Жазда біздің көшеде балаларды пышақпен қуған кездері де болған", - деді Ләззат Сәбитханова.
Кейін ер адамның Алматыдағы Психикалық денсаулық орталығында есепте тұрғаны анықталған. Тұрғындардың шағымынан кейін полиция қызметкерлері оны ұстаған. Кейін ер адам жедел жәрдем бригадасына тапсырылған.
Алматы қаласы полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек қызметкерлер ақпаратты растап, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз еткенін айтады.
"Ер адам ұсталып, жедел медициналық жәрдем бригадасына тапсырылды. Оның Психикалық денсаулық орталығында есепте тұрғаны анықталды. Кейін мамандандырылған медициналық мекемеге жатқызылды. Қазіргі уақытта айналасындағыларға қауіп жоқ. Алайда жергілікті тұрғындар агрессивті көршісі емделіп шыққаннан кейін қайтадан бұрынғы әрекетіне баса ма деп алаңдайды. Олар ер адамнан адамдар зардап шегуі мүмкін деп қауіптенеді", – деді Салтанат Әзірбек.
Айта кетейік, сәуір айында Алматыда осыған ұқсас жағдай болған. Белгісіз ер адам аялдамада әйелді аяусыз ұрып-соғып, оған ауыр жарақат келтірген.
Кейін күдіктінің де психиатриялық клиникада мәжбүрлі ем қабылдағаны анықталған.
Еске салайық, бұған дейін Ақмола облысында 37 жастағы ер адам түнде 20 жастағы көршісінің үйіне заңсыз кіріп, ұйықтап жатқан жерінен суретке түсірген. Күдікті бұл әрекетін қызбен сөйлескісі келгенімен түсіндірген. Қазір полиция оқиғаның мән-жайын анықтап жатыр, қылмыстық іс қозғалды.
Қазақстандық оқушыларға теріс басылған оқулық берілген: Баспа не дейді