Қазақстандықтар круизбен әлем аралаймыз деп сотталған әйелге алданып қалған
"Круизбен әлем аралаймыз" деген уәдеге сеніп, ақшасынан айырылғанын айтқан астаналық Жанна Қайырбекова редакциямызға жүгінді. Оның сөзінше, InCruises жүйесіне ақша салған көптеген адам қаржысын қайтара алмай отыр. Айыпталушы Тлектес Смағұлова қаржы OneCoin атты пирамидасына қатысты сотталды. Ол 7 жылға бас бостандығынан айырылғанына қарамастан, адамдарды қайтадан ақша салуға шақырған.
Астаналық Жанна Қайырбекова да 2025 жылы танысының шақыруымен InCruises жүйесіне қосылған. Алғашқыда 500 доллар (227 240 теңге) төлеп, кейін бірнеше ай бойы жарнасын толықтырып отырған.
"Кейін үш-төрт ай ақша салып отырдым. Ақшаның ыңғайы келмей, сала алмай қалдым. Содан аккаунтым жарамсыз болып қалды. Ол жерде ақшаның тек 17%-ын ғана қонақүйге пайдалануға болады деді. Қонақүйді көрдім, бірақ ол да көңілімнен шықпады", – дейді Жанна Қайырбекова.
Кейін ол әлеуметтік желіден InCruises тақырыбын көтеріп жүрген журналистің жазбасын көріп, Telegram-дағы топқа қосылған. Оның сөзінше, топта компанияға қомақты қаржы салған, бірақ оны қайтара алмай жүрген адамдардан көз сүрінеді.
"Telegram-дағы топқа кірсем, ішінде 136 адам отыр екен. Біреулер 1300 доллар (590 824 теңге) салған, енді біреулер 2000-4500 долларға (908 960 теңге – 2 045 160 теңге ) дейін ақша құйған. “Бара алмай қалдық, ақшамызды ала алмай қалдық” деп жазғандар көп болды. Өтініш жазғандарын да айтып жатыр, бірақ еш нәтиже болмаған", – дейді Жанна Қайырбекова.

Жанна Қайырбекова топтағы адамдардың арасында қаржысынан айырылып, әлі күнге дейін әділдік іздеп жүргендер бар екенін айтады.
"Егіліп жылаған дәрігер әйелді де, зейнеткер ер адамды да көрдім. Әрқайсысының өз қайғысы бар. Бірі қызымен, бірі жолдасымен, бірі құдасымен осы ақшаға байланысты ұрысып қалған. Өйткені жақын адамдарын өздері шақырып, ақша салдырған", – дейді жәбірленуші Жанна.
Жаннаның өзі де InCruises-ке құдағиының шақыруымен барған. Қазір екеуінің де салған ақшасы қайтпағанын айтады.
"Мені шақырған құдағиымның да ақшасы күйіп кетті. Үйдегі ағам “сол InCruises үшін құдағымызға қарай алмай қалдық” деп айтты. Ақша мәселесі адамдардың арасындағы қарым-қатынасқа да әсер етті", – дейді ол.
Жаннаның айтуынша, компания өкілдері Астанадағы қонақүйлердің бірінде презентациялар өткізіп, адамдарды жүйеге қосылуға шақырған. Ол да осындай кездесулердің біріне барған.
"Жерұйық деген қонақүйге шақырды. Топырлап бардық. Әдемі сөйлеп, “ақшаның астына қаласыңдар” дегендей түсіндірді. Кейін демалыс күндері Астанада жүзге жуық адамға презентация жасады. Сонда “миллионер боласыңдар, тез тіркеліңдер” деген сөздер айтылды. Түріне қарасаң, бәрі шынайы сияқты көрінді. “Бәрің байып кетесіңдер, круизден шықпайсыңдар” деген сөздер айтылды. Бірақ соңында круиз де болған жоқ, ақша да жоқ болды", – дейді Жанна.
Оның айтуынша, компанияға ақша салу үшін ай сайын төлем жасау қажет болған.
"Ай сайын Classic үшін 100 доллар (454,48 теңге), Premium үшін 250 доллар (113 620 теңге) төлеу керек болды. Басында мұның бәрі тиімді көрінді. Бірақ кейін ақшаны қайтара алмай қалған адамдардың көбейіп жатқанын көрдік", – дейді ол.
Жанна бұл мәселе әлі де тоқтамағанын алға тартады. Оның айтуынша, InCruises-ке қатысты шағым айтып жүрген адамдардың Telegram-дағы тобында жаңа жәбірленушілердің жазбалары күн сайын пайда болады.
"Жабулы қазан жабулы күйінде қалған сияқты. Күн сайын топқа ақшасын жоғалтып, қайтара алмай жүрген жаңа адамдар қосылып жатыр. Ең өкініштісі – адамдар әлі де осы жүйеге кіріп жатыр", – дейді ол.
Жанна Қайырбекова сонымен қатар компанияға қатысты бұрын сотталған адамдардың аты аталып, соған қарамастан адамдарды қайта тіркеуге шақыратын ұсыныстар әлі де кездесетінін айтты. Оның сөзінше, танысы арқылы жаңа тіркеуге арналған байланыс нөмірін де алған.
"Бұл кісінің ісіне қатысты сот процесі былтыр өткен. Алайда сот басталғанға дейін шамамен бір ай бұрын-ақ, айналасындағы адамдар жағдай туралы жаза бастаған. Сол кезде Тлектес Смағұлованың алаяқтық бойынша сотқа тартылып жатқаны белгілі болған еді. Соған қарамастан, ол Алматыға екі-үш рет келіп, өз қызметін жалғастырған. Осындай жағдайда жүріп, басқа адамдарды да осы бағдарламаға шақырып, презентациялар жасағаны түсініксіз. Адамда аз да болса ынсап пен ар-ұят болуы керек қой. Мұндай жағдайдан кейін қорықпай ма деген сұрақ та туындайды", – деп түсіндірді Жанна Қайырбекова.

Қазір оның жеке Instagram парақшасы өшірілген. Дегенмен әпкесінің әлеуметтік желідегі жазбаларына қарасақ, Тлектес Смағұлова Алматы, Павлодар, Атырау сияқты бірнеше қалаға барып, осы бағдарламаға адамдарды шақырып, презентациялар өткізген. Оның мұндай кездесулерге қатысқан видеолары да бар дейді жәбірленуші Жанна Қайырбекова.
Ең қызығы, бұл жұмыстар сот процесі басталғанға дейін шамамен бір ай бұрын-ақ жүргізіле бастаған. Ал оларға қатысты қылмыстық істер бұған дейін шамамен бір жарым жыл бойы тергелген.
Айта кетейік, Тлектес Смағұлова Қазақстанда OneCoin қаржы пирамидасына қатысты сотталған үш адамның бірі. Алматының Бостандық аудандық соты оны Қылмыстық кодекстің 217-бабы 3-бөлігінің 2-тармағы бойынша, яғни аса ірі мөлшерде қаражат тарта отырып, қаржы пирамидасын құрып, оған басшылық еткені үшін кінәлі деп танып, жеті жылға бас бостандығынан айырған. Сондай-ақ оған жеті жыл бойы азаматтардың ақшасы мен инвестициясын тартуға байланысты қаржылық қызметпен айналысуға тыйым салынған.
Сот мәліметінше, Смағұлова Дильбар Мирсаитова және Ақмарал Әділовамен бірге 2015-2019 жылдары Алматыда және Қазақстанның өзге өңірлерінде OneCoin құрылымының жұмысын ұйымдастырып, азаматтарды жүйеге тартқан. Ақша криптовалютаға инвестиция салу және білім беру пакеттерін сатып алу деген желеумен жиналған. Алайда сот OneCoin-ді нақты криптовалюта ретінде айналымға шығарылғанын растайтын дәлел болмағанын анықтаған. Сот үкіміне шағым түсірілгенімен, Алматы қалалық сотының апелляциялық алқасы үкімді өзгеріссіз қалдырған.
OneCoin халықаралық деңгейде де даулы жоба ретінде белгілі. Оның негізін қалаушылардың бірі Карл Себастьян Гринвуд 2023 жылы алаяқтық және ақшаны жылыстату бойынша 20 жылға сотталған. Ал жобаның негізін қалаушы ретінде танылған Ружа Игнатова 2017 жылы жоғалып кеткен. ФБР оны ең көп іздестірілген қылмыскерлерінің қатарына енгізген.