Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Тоқаев билікке келгелі жеті жыл: Қандай реформалар қабылданды және олардың нәтижесі қандай

Тоқаев
Фото: Ақорда

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан президенті қызметіне кіріскен 2019 жылдан бері елдің саяси құрылымында, экономикасы мен әлеуметтік саласында бірқатар өзгеріс болды. Конституция жаңарып, мемлекеттік басқару жүйесі қайта қаралды, азаматтар мен кәсіпкерлердің құқықтарын қорғаудың жаңа тетіктері енгізілді. Әлеуметтік қолдау, білім беру, денсаулық сақтау және салық жүйесі де жаңғыртылды. Жеті жылдан астам уақытта қандай реформалар жүзеге асты және олардың нәтижесі қандай? Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

2019 жылғы 20 наурызда Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан президенті қызметіне кірісті. Осы кезеңде мемлекет басшысы "Халық үніне құлақ асатын мемлекет", "Әділетті Қазақстан" және "Заң мен тәртіп" қағидаттарын ұсынып, мемлекеттік басқаруды жаңартуға бағытталған бастамалар көтерді. Реформалар билік органдарының құрылымына ғана емес, азаматтардың өз құқықтарын қорғауына, кәсіпкерлердің жұмыс істеуіне және мемлекеттік қызметтерді алуына да қатысты болды.

Саяси реформалар: Билік жүйесінде не өзгерді?

Президент қызметіне кіріскен алғашқы жылдары саяси партияларды тіркеу және сайлауға қатысу талаптары жеңілдетілді. Бұрын партия құру үшін кемінде 40 мың мүше қажет болса, бұл көрсеткіш алдымен 20 мыңға, кейін 5 мыңға дейін қысқарды. Партиялардың Мәжіліске өту шегі 7%-дан 5%-ға төмендетіліп, 2020 жылы бейбіт жиналыстар туралы жаңа заң қабылданды. Ол бұрынғы рұқсат алу тәртібінің орнына хабарлама беру қағидатын енгізгенімен, жиын өткізуге қатысты бірқатар шектеу сақталды.

Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылғы 16 наурыздағы Қазақстан халқына Жолдауында саяси жүйені қоғамдағы өзгерістерге бейімдеу қажеттігін айтты. мемлекет басшысы биліктің бір орталыққа шоғырлануына негізделген басқару үлгісін қайта қарауды ұсынып, Парламенттің рөлін күшейтуге басымдық берді.

"Қазір бізде барлығы Президентке келіп тіреледі. Бұл – дұрыс емес. Біртіндеп бұдан бас тартуымыз қажет", – деді президент.

Осылайша, мемлекет басшысы басқарудың суперпрезиденттік үлгісінен өкілеттігі күшейтілген Парламенті бар президенттік республикаға көшу бағытын жариялады. Бұл бастама билік тармақтарының арасындағы өкілеттіктерді қайта бөлуге негіз болды. 

2022 жылғы 5 маусымда өткен республикалық референдум саяси өзгерістердің келесі кезеңіне жол ашты. Конституцияға енгізілген түзетулер нәтижесінде Президенттің саяси партияға мүше болуына тыйым салынып, оның жақын туыстарының бірқатар жоғары лауазымды атқаруына шектеу қойылды. Сол жылдың күзінде мемлекет басшысының өкілеттік мерзімі жеті жыл болып белгіленіп, бір реттік президенттік мерзім қағидаты енгізілді. Сонымен бірге Мәжіліс депутаттарын сайлаудың аралас жүйесі қайтарылып, азаматтар партиялармен қатар бірмандатты округтердегі кандидаттарға дауыс беру мүмкіндігіне ие болды.

Өзгерістер жергілікті басқару жүйесін де қамтыды. 2021 жылдан бастап ауыл әкімдерін тұрғындар тікелей сайлай бастады, кейін бұл тәжірибе аудан және облыстық маңызы бар қала әкімдеріне таралды. Ал 2022 жылы Абай, Жетісу және Ұлытау облыстары құрылып, елдегі облыстар саны 17-ге жетті. Бұл шешімдер жергілікті мәселелерді шешуді тұрғындарға жақындатуға және өңірлердің даму ерекшеліктерін ескеруге бағытталды.

Жаңа Конституция: Бір палаталы Құрылтай құрылды

2026 жылғы 15 наурызда өткен референдумда Қазақстанның жаңа Конституциясы қабылданып, 1 шілдеден бастап күшіне енді. Жаңа Ата заң бойынша бұрынғы екі палаталы Парламенттің орнына 145 депутаттан тұратын бір палаталы Құрылтай құрылды. Депутаттарды бес жылға партиялық тізім негізінде сайлау тәртібі бекітілді. Мемлекеттік басқару жүйесіне Вице-президент лауазымы енгізіліп, Қазақстанның Халық кеңесі конституциялық институт ретінде танылды.

Құрылтай
Фото: Ақорда

Бұған дейін билік пен қоғам арасындағы диалог алаңы бірнеше рет өзгерген болатын. 2019 жылы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі құрылып, 2022 жылы оның орнына Ұлттық құрылтай келді. Ал 2026 жылғы реформа аясында бұрынғы қоғамдық алаңның орнына Қазақстанның Халық кеңесі енгізілді. Оның бір палаталы Құрылтайдан айырмашылығы – Құрылтай заң шығаратын орган болса, Халық кеңесі қоғамдық ұсыныстарды талқылауға және заңда белгіленген тәртіппен заң жобаларын ұсынуға арналған.

Осылайша, жеті жылдан астам уақыт ішінде саяси басқарудың бірнеше тетігі қайта қаралды. Алғашқы өзгерістер сайлауға қатысу талаптарын жеңілдетуге және Парламенттің рөлін арттыруға бағытталса, 2026 жылғы реформа заң шығарушы биліктің құрылымын өзгертті.

Сот реформасы: Азаматтардың құқығын қорғаудың жаңа жолдары

Құқықтық саладағы өзгерістердің бірі – мемлекеттік органдар мен азаматтар арасындағы дауларды қараудың жаңа тәртібі болды. 2021 жылы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекс күшіне еніп, мемлекеттік органның шешіміне шағымданған адамның соттағы мүмкіндігі кеңейді. Бұрын азамат немесе кәсіпкер қабылданған шешімнің заңсыздығын негізінен өзі дәлелдеуге мәжбүр болса, жаңа жүйеде мемлекеттік орган өз шешімінің заңға сай екенін дәлелдеуге тиіс. Сарапшылар мәліметінше, мұндай дауларда қанағаттандырылған талаптардың үлесі бұрын шамамен 15% болса, жаңа тәртіп енгізілгеннен кейін 50%-дан асқан.

2023 жылы Конституциялық сот жұмысын бастап, азаматтарға өздерінің конституциялық құқықтарына қатысты мәселелер бойынша тікелей жүгіну мүмкіндігі берілді. Ал 2025 жылғы 1 шілдеде азаматтық, қылмыстық және әкімшілік істер бойынша дербес кассациялық соттар ашылды. Қазақстанда өлім жазасы да жойылып, бұл тыйым конституциялық деңгейде бекітілді.  

Кәсіпкерлік реформасы: Артық талаптар қысқарды

Кәсіпкерлік саласындағы өзгерістер бизнесті қаржылай қолдаумен ғана шектелген жоқ. Мемлекет басшысының тапсырмасымен кәсіпкерлерге кедергі келтіретін талаптарды қайта қарау басталып, "таза парақтан реттеу" қағидаты енгізілді. 2021–2023 жылдары Үкімет пен "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасы 40-тан астам саладағы шамамен 3 мың нормативтік құқықтық актіні зерделеп, 128 мыңнан астам міндетті талапты қарады. Соның 10 102-сі жаңа реттеу қағидаттарына сәйкес келмейтіні анықталды.

Кәсіпкерлерді тексеру тәсілі де өзгерді. 2024 жылдан бастап автоматтандырылған тәуекелдерді басқару жүйесі енгізіліп, бақылау жүргізгенде кәсіпорын қызметінің ықтимал қауіп деңгейін ескеру көзделді.  Осы уақытқа дейін жаңа талаптардың бизнеске әсерін алдын ала бағалау тетігі шамамен 600 негізсіз бастаманың алдын алған. Ал "Атамекен" палатасының дерегіне сәйкес, 2025 жылы кәсіпкерлерге қатысты тіркелген қылмыстық істер саны 406-дан 210-ға дейін қысқарған.

Бұл өзгерістер кәсіпкерлерді тексеру мен бақылаудың бұрынғы тәсілдерін қайта қарауға мүмкіндік берді. Мемлекет бизнестен заң талаптарын орындауды талап ете отырып, мемлекеттік органдардың өз шешімдері үшін жауап беруіне де назар аудара бастады.

Әлеуметтік саясат: Жәрдемақы мен балаларды қолдау

Әлеуметтік саладағы маңызды өзгерістердің бірі – 2023 жылы Әлеуметтік кодекстің қабылдануы. Бұған дейін әртүрлі заңдармен реттелген зейнетақы, жәрдемақы, жұмыспен қамту және әлеуметтік сақтандыру мәселелері бір құжатқа біріктірілді. Бала күтіміне байланысты төлем мерзімі бір жастан бір жарым жасқа дейін ұзартылып, ең төменгі жалақы бірнеше кезеңмен көтерілді. Сонымен қатар Отбасының цифрлық картасы енгізіліп, мемлекеттік көмекті отбасының нақты тұрмыс жағдайына қарай бөлу жұмысы басталды.

отбасы
Фото: pixabay.com

Қасым-Жомарт Тоқаев 2024 жылғы 2 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында әлеуметтік қолдау жүйесіндегі кемшіліктерге арнайы тоқталды. Мемлекет басшысы мемлекеттік көмекті тағайындау кезінде азаматтардың табысы ескеріле бермейтінін атап өтіп, Үкіметке қолдау тәсілдерін жетілдіруді тапсырды.

"Мұндай жайттар аз емес. Осыны ескере отырып, халықты қолдау тәсілдерін жетілдіре түсу қажет. Мемлекеттік қолдау шын мәнінде мұқтаж адамдарға көрсетілуі қажет", – деді Президент.

Балаларды қолдауда да жаңа бағдарлама пайда болды. 2024 жылдан бастап "Ұлттық қор – балаларға" жобасы іске қосылып, Ұлттық қордың инвестициялық табысының бір бөлігі әр баланың атына есептеле бастады. Жиналған қаражатты 18 жасқа толғаннан кейін білім алуға немесе тұрғын үй жағдайын жақсартуға жұмсауға болады. Үкіметтің 2026 жылғы наурыздағы мәліметінше, бағдарламаның алғашқы үш жылында шамамен 7 миллион баланың шотына 2,5 миллиард доллардан астам қаражат есептелген.

Азаматтардың қауіпсіздігіне қатысты заңдар да жаңарды. 2024 жылы әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғауға бағытталған өзгерістер қабылданып, ұрып-соғу мен денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру үшін қылмыстық жауапкершілік қайтарылды. Балаларға қатысты зорлық-зомбылық үшін жаза күшейтіліп, буллингтің алдын алуға арналған нормалар енгізілді. Сонымен бірге отбасыларға көмек көрсету орталықтары көбейіп, 2026–2030 жылдарға арналған "Қазақстан балалары" бағдарламасы бекітілді.

Білім мен медицина: Қандай мәселелер шешімін тапты?

Білім беру саласындағы өзгерістердің бірі – 2019 жылы "Педагог мәртебесі туралы" заңның қабылдануы. Құжат мұғалімдерді кәсіби міндетіне қатысы жоқ жұмыстарға тартуды шектеп, олардың құқықтарын қорғауға бағытталған. Кейін педагогтердің еңбекақысы көтеріліп, білім саласын басқару екі министрлікке бөлінді. Ал мектеп тапшылығын азайту үшін "Келешек мектептері" жобасы қолға алынып, мемлекеттік органдардың мәліметінше, жеті жылда 1300-ден астам мектеп салынды.

Оқу ағарту мектеп оқушы
Фото: Оқу-ағарту министрлігі

Денсаулық сақтау саласында медициналық көмекті ауыл тұрғындарына жақындату мәселесіне назар аударылды. "Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту" жобасы аясында 655 медициналық нысан салынып, 200-ден астам ауыл алғаш рет өз медициналық мекемесіне ие болғаны хабарланды. Сонымен қатар 2021 жылы "Аңсаған сәби" бағдарламасы іске қосылып, экстракорпоральды ұрықтандыруға жыл сайын 7 мың квота бөлу қарастырылды. Үкіметтің дерегінше, бағдарлама арқылы 11 мың нәресте дүниеге келген.

Экономика және салық: Қандай өзгерістер жасалды?

Қазақстан экономикасында шикізатқа тәуелділікті азайтып, дайын өнім шығаратын кәсіпорындарды дамытуға басымдық берілді. Осы бағытта өңдеу өнеркәсібіне инвестиция тарту, жаңа өндірістер ашу және кәсіпкерлерді қаржылай қолдау жұмыстары жүргізілді. Үкіметтің мәліметінше, өңдеу өнеркәсібінің көлемі 2019 жылғы 11,5 триллион теңгеден 2025 жылы 30,63 триллион теңгеге дейін өскен. Ал оның экономикадағы үлесі 11,4%-дан 12,7%-ға көтерілді.

Салық жүйесін жаңарту қажеттігін Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылғы 14 наурызда өткен сол кездегі Ұлттық Құрылтайдың IV отырысында көтерді. президент елде салық режимдері мен жеңілдіктердің көптігі кәсіпкерлерге бірдей жағдай жасамай отырғанын айтты. Әсіресе заңдағы олқылықтарды пайдаланып, салық төлеуді азайту үшін бизнесті бірнеше бөлікке бөлу мәселесіне назар аударды.

"Үкімет салық реформасына қатысты жаңа тәсілдерді ұсынды. Бұл шаралар, жалпы алғанда, дұрыс. Онда негізгі экономикалық және әлеуметтік факторлар ескерілген", – деді президент. 

Осы мәселелерді реттеу мақсатында 2025 жылы жаңа Салық кодексі қабылданып, 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енді. Құжатта салық есептілігін автоматтандыру, төлеу рәсімдерін жеңілдету және арнаулы салық режимдерін қайта қарау көзделді. Сонымен бірге қосылған құн салығының базалық мөлшерлемесі 12%-дан 16%-ға көтерілді. Жаңа ережелер бюджет кірісін арттыруға бағытталғанымен, олардың кәсіпкерлер шығыны мен тауар бағасына әсері де маңызды мәселе болып отыр.

Ауыл шаруашылығында шаруаларды ертерек қаржыландыру, мемлекеттік қолдауды көбейту және өнім өңдеу саласын дамытуға көңіл бөлінді. Үкіметтің жеті жылдық қорытындысына сәйкес, ауыл шаруашылығы өнімінің құны 2019 жылғы 5,2 триллион теңгеден 2025 жылы 9,8 триллион теңгеге жеткен. Ал 2026 жылдың алғашқы тоғыз айында саладағы өндіріс көлемі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 5,8%-ға артты. Алдағы міндеттердің бірі – өнімділікті көтеру, су үнемдеу технологияларын енгізу және шаруалардың табысын тұрақтандыру болып отыр.

Цифрландыру: Мемлекеттік қызметтен жасанды интеллектке дейін

Цифрландыру кейінгі жылдары мемлекеттік басқаруды өзгертудің негізгі бағыттарының біріне айналды. Бұрын азаматтар көптеген құжатты рәсімдеу үшін мекемелерге жеке барса, қазір бірқатар қызметті телефон арқылы ала алады. 2026 жылғы қазанда жарияланған ресми мәліметке сәйкес, мемлекеттік қызметтердің 90,4%-ы электронды түрде көрсетіледі, ал 95,9%-ы смартфон арқылы қолжетімді. Қазақстан БҰҰ-ның электрондық үкіметті дамыту индексінде 2018 жылғы 39-орыннан 2024 жылы 24-орынға көтерілді.

Цифрландыру отандық IT саласының дамуына да әсер етті. Мемлекеттік органдардың дерегінше, Қазақстанның IT қызметтері экспорты 2020 жылғы 33,5 миллион доллардан 2025 жылы 1,142 миллиард долларға дейін өсті. 2026 жыл Цифрландыру және жасанды интеллект жылы болып жарияланып, жаңа технологияларды мемлекеттік басқару мен экономикаға енгізу жұмыстары жалғасты. Бұл өзгерістердің келесі кезеңінде цифрлық қызметтердің сапасы мен азаматтардың дербес деректерін қорғау мәселесі маңызды болмақ.

Энергетика мен инфрақұрылым: Жаңғырту қалай жүргізіліп жатыр?

Энергетика саласында тозған жылу және электр желілерін жаңарту мәселесі көтерілді. Осы мақсатта "Тарифті инвестицияға айырбастау" саясаты енгізіліп, коммуналдық қызметтен түсетін қаражатты инфрақұрылымды жөндеуге бағыттау көзделді. Бірқатар өңірде жылу электр орталықтарын жаңғырту жұмыстары қолға алынды. Сонымен бірге 2024 жылғы референдумда атом электр станциясын салу бастамасы қолдау тауып, елдің болашақ энергетикалық жүйесін әртараптандыру туралы шешім қабылданды.

Көлік инфрақұрылымын дамытуда жаңа теміржол салу, халықаралық дәліздердің өткізу қабілетін арттыру және порттарды жаңғыртуға назар аударылды. Үкіметтің дерегінше, жеті жыл ішінде шамамен 1 мың шақырым жаңа теміржол салынып, 25 мың шақырымнан астам автомобиль жолы салынған немесе күрделі жөндеуден өткен. Транскаспий халықаралық көлік бағыты бойынша жүк тасымалы бес есе өскен. Бұл жұмыстар ел ішіндегі қатынасты жақсартумен қатар, Қазақстанның халықаралық жүк тасымалындағы мүмкіндігін кеңейтуге бағытталған.

Әскери реформа: Армиядағы тәртіп пен басқару өзгере ме?

2026 жылғы 21 қазанда Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткен Қауіпсіздік Кеңесінің отырысында әскери реформа жоспары мақұлданды. Мемлекет басшысы армияны жаңарту тек қару-жарақ пен техниканы жетілдірумен шектелмеуі тиіс екенін атап өтті. Жоспар бойынша Қарулы күштердің құрылымын, басқару тәртібін, кадр саясатын және әскери қызметшілерді даярлау жүйесін қайта қарау көзделген.

"Армияның қоғаммен қарым-қатынасы да өзгеруі тиіс. Кешенді реформа қажет. Бұл істе толыққанды шешімдер қабылданбайынша, көздеген нәтижеге жету мүмкін емес", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. 

Жаңа жоспар бойынша Ұшқышсыз жүйелер күштерін құру және мерзімді әскери қызметті екі кезеңге бөлу қарастырылған. Әскерге шақырылғандар алғашқы алты айда оқу орталықтарында даярлықтан өтіп, келесі алты айда әскери бөлімдерде қызмет етеді. Сонымен бірге әскери қызметшілердің құқықтарын қорғау үшін арнайы уәкіл институтын құру, тәртіп бұзушылықтардың алдын алу және Қарулы күштердің қоғаммен байланысын жақсарту шаралары көзделген.

сарбаз
Фото: gov.kz

 

Ақорданың мәліметінше, ұйымдастыру шаралары 2026 жылдың соңына дейін, ал негізгі өзгерістер 2027 жылы жүзеге асырылуы тиіс. Сондықтан әскери реформа қазір қабылданған жоспар кезеңінде тұр. Оның басты міндеттерінің бірі – сарбаздардың қауіпсіздігін күшейтіп, армиядағы басқару мәдениетін жаңарту екені айқын. 

Жеті жылдағы өзгерістер нені айқындайды?

2019 жылдан бері Қазақстанда жүргізілген реформалар елдің саяси құрылымын, мемлекеттік басқару тәсілдерін және әлеуметтік-экономикалық даму бағытын өзгертті. Конституциялық өзгерістер билік институттарының өкілеттіктерін қайта айқындаса, сот жүйесіндегі жаңалықтар азаматтар мен кәсіпкерлердің мемлекет алдындағы құқықтық қорғалуын күшейтті. Әлеуметтік қолдау жүйесінде халықтың нақты қажеттілігін ескеруге басымдық беріліп, білім беру, денсаулық сақтау және цифрландыру салаларында қызмет көрсету тәсілдері жаңарды.

Жеті жылдан астам уақыт ішінде қабылданған шешімдер жекелеген салаларды жетілдірумен шектелмей, мемлекеттің жұмыс істеу қағидаттарын өзгертуге негіз қалады. Экономиканы әртараптандыру, кәсіпкерлікке қолайлы жағдай қалыптастыру және әлеуметтік міндеттемелерді жүйелеу осы кезеңдегі реформалардың негізгі бағыттарына айналды. Ал қолға алынған бастамалардың біртіндеп жүзеге асуы Қазақстанның ұзақмерзімді дамуына, мемлекеттік институттардың орнығуына және азаматтардың өмір сапасын арттыруға жаңа мүмкіндіктер ашпақ. 

Еске салсақ, бұған дейін Тоқаев қазан айында Қазақстан халқына Жолдау жасайтыны туралы жазған едік. Бұл туралы мемлекет басшысы Қырғызстанда өткен VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының жеңімпаздары мен жүлдегерлерін марапаттау кезінде айтты.

 

Қарлығаш Асқарова
Сенбі, 24 Қазан, 2026 19:06