Тоқаев қазанда Қазақстан халқына Жолдауын жасайды
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Қазақстан халқына Жолдауын қазан айында жариялайды. Мұны Мемлекет басшысы Қырғызстанда өткен VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының жеңімпаздары мен жүлдегерлерін марапаттау кезінде айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Президент өз сөзінде Қазақстанның жаңа тарихи кезеңге қадам басқанын айтып, елде жүзеге асып жатқан саяси реформаларға тоқталды. Оның сөзінше, жаңа Конституция қабылданып, Құрылтай сайлауы өтті, вице-президент тағайындалды, Үкіметтің жаңартылған құрамы жұмысын бастады. Сондай-ақ Қауіпсіздік кеңесінің Аппараты құрылып, алдағы уақытта Қазақстан Халық кеңесінің құрамы бекітіледі.
Мемлекет басшысы Құрылтай депутаттарымен келісу арқылы Конституциялық сот судьялары, Орталық сайлау комиссиясы мен Жоғары аудиторлық палата мүшелері тағайындалатынын да атап өтті. Осылайша, елдегі негізгі мемлекеттік институттарды жаңарту жұмыстары жалғасады.

Тоқаев алдағы Жолдауда Қазақстанның келесі кезеңдегі негізгі мақсат-міндеттерін айқындайтынын жеткізді.
“Ал қазан айында мен Конституцияның 46-бабына сәйкес Қазақстан халқына Жолдауымды жасап, алдағы жоспарымызды айқындаймын”, – деді Президент.
Президент Жолдауы деген не?
Қазақстан халқына Жолдау – Мемлекет басшысының ел дамуының алдағы бағытын айқындайтын жыл сайынғы үндеуі. Онда экономика, әлеуметтік саясат, өңірлерді дамыту, мемлекеттік басқару, заңнаманы жетілдіру секілді маңызды мәселелер көтеріліп, Үкімет пен мемлекеттік органдарға нақты міндеттер жүктеледі.
Қасым-Жомарт Тоқаев Президент болып сайланған 2019 жылдан бері сегіз рет кезекті және кезектен тыс Жолдау жариялаған. Ал алғашқы Жолдауы 2019 жылдың қыркүйегінде айтылды.
Кейінгі Жолдау 2025 жылғы 8 қыркүйекте жарияланып, жасанды интеллект пен елді цифрландыру мәселелеріне арналды. Сол жолы Президент Қазақстанды үш жыл ішінде толық цифрлық мемлекетке айналдыру міндетін қойып, Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігін құруды, Цифрлық кодексті қабылдауды жеделдетуді тапсырған еді. Сондай-ақ парламенттік реформа жүргізу бастамасын көтерді.