Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Аян Өтепберген Испаниядағы халықаралық кинофестивальде үздік атанды

Аян Өтепберген
Фото: Instagram.com/otepbergen_ayan

Қазақстандық актер Аян Өтепберген Испанияда өткен халықаралық кинофестивальде “Үздік актер” аталымын жеңіп алды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Астана қаласындағы Музыкалық жас көрермен театрының актері Аян Өтепберген Испанияның Тенерифе аралында ұйымдастырылған X халықаралық Isla Calavera фантастикалық кинофестивалінде үздік деп танылды.

Қазақстандық өнер иесі “Sicko” фильміндегі рөлі үшін Джек Тейлор атындағы арнайы марапатқа ие болды. Қазылар алқасы актердің шеберлігіне жоғары баға беріп, оның кейіпкер бейнесін нанымды жеткізе білгенін, драмалық көріністер мен қара юморды шебер үйлестіргенін атап өтті.

Фестиваль қорытындысы бойынша “Sicko” фильмі бірден үш аталымда топ жарды. Картина

  • “Үздік толықметражды фильм”, “Үздік актер” және “Үздік костюмдер” номинациялары бойынша марапатталды.

Айта кетейік, Isla Calavera халықаралық фантастикалық кинофестивалі жыл сайын Испанияның Канар аралдарында өткізіледі. Биыл оныншы рет ұйымдастырылған мерейтойлық фестиваль 6-15 қараша аралығында өтті.

Мәдениет және ақпарат министрлігі Аян Өтепбергеннің халықаралық байқаудағы жеңісін қазақстандық кино өнері үшін маңызды жетістік деп бағалады. Ведомство бұл отандық актерлердің шығармашылық әлеуеті мен кәсіби шеберлігінің халықаралық деңгейде мойындалып келе жатқанын көрсетеді деп есептейтінін жеткізді.

Еске салайық, бұған дейін Қазақстан құрамасы өрт сөндіру спортынан әлем чемпионатында топ жарып, рекорд орнатқаны хабарланған еді. Спортшылар “Жауынгерлік қанат жаю” дисциплинасында үздік нәтиже көрсетті.

Балнұр Рахматуллақызы
Бейсенбі, 19 Қараша, 2026 12:45