Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ақтаулық әйел Instagram-дағы жазбасы үшін 544 мың теңге айыппұл арқалады

Әйел жалған ақпарат сот
Фото: magnific.com

Ақтауда әйел Instagram әлеуметтік желісіндегі жазбасы үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 544 950 теңге айыппұл төлеуге міндеттелді. Ол жәбірленушінің отбасы жағдайы мен балалары туралы жалған ақпарат таратқан. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Маңғыстау облыстық сотының мәліметінше, әйелге қатысты істі Ақтау қаласының әкімшілік құқықбұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған соты қараған.

“Әйел биыл қазан айында Instagram парақшасында жәбірленушінің отбасылық жағдайы мен балаларына қатысты шындыққа сәйкес келмейтін ақпарат жариялады”, – деп мәлімдеді сот.

Сот отырысында айыпталушы хаттамамен келіспейтінін айтып, өз кінәсін мойындамаған. Ал жәбірленуші оны әкімшілік жауапкершілікке тартуды талап еткен.

Сот әйелдің кінәсін жәбірленушінің түсініктемелері, құқықбұзушының парақшасынан алынған жарияланымдар мен фотосуреттер, арыз және әкімшілік құқықбұзушылық туралы хаттама, сондай-ақ сот отырысында зерттелген өзге де жазбаша дәлелдер арқылы анықтаған.

Нәтижесінде әйел Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 73-3-бабының 2-бөлігі (Жала жабу) бойынша кінәлі деп танылды.

Жаза тағайындау кезінде сот оның 14 жасқа толмаған баласы бары жауапкершілікті жеңілдететін мән-жай ретінде ескерілді. Ал жауапкершілікті ауырлататын жағдайлар анықталмаған.

Осыны ескере отырып, сот 180 АЕК мөлшеріндегі айыппұлды 30%-ға қысқартқан. Осылайша, әйел 544 950 теңге айыппұл төлеуге міндеттелді.

Айта кетейік, сот қаулысы әзірге заңды күшіне енген жоқ.

Бұған дейін Қазақстанда адамның суретін рұқсатсыз жариялағандарға айыппұл салынуы мүмкін екені жайлы жазған едік. Заң жобасына сәйкес, адамның фотосуретін оның келісімінсіз жариялаған жеке тұлғаларға 30 АЕК (2026 жылы 129 750 теңге) көлемінде айыппұл салынуы мүмкін. Ал ұйымдар үшін айыппұл мөлшері 60-тан 200 АЕК-ке дейін (259 500 – 865 000 теңге) болмақ.

Айым Болатқызы
Бейсенбі, 19 Қараша, 2026 11:49