Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

33 жыл қожалықта еңбек еткен малшысын "100 бас малды жымқырды" деп түрмеге жапқан: Ақтөбелік жылқышы сот залынан босатылды

Рахат Сәрсенов
Фото: Stan.kz

Апелляциялық сот өмір бойы жылқы баққан 60 жастағы Рахат Сәрсеновті түрмеден босатты. Қожалық иесінің арызынан кейін ол 100 жылқыны жымқырды деген айыппен 7 жылға сотталған. Жылқышының мойнына 30 миллион теңге шығын ілінген. Апелляциялық сотта ұсынылған қосымша дәлелдерден кейін бір ғана жылқының жоғалғаны анықталды.Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Ақтөбе облыстық сотында өткен апелляциялық сот отырысы қуаныштың көз жасымен аяқталды. 60 жастағы жылқышы Рахат Сәрсеновке кесілген жаза өзгертіліп, ол сот залынан босап шықты. 28 жасынан бастап жылқы бағып, өмірін осы кәсіпке арнаған азаматтың бүгінде бір қолы мен бір аяғы жұмыс істемейді. Сөйлеуі де қиындаған. Сот отырысында ол тек үнсіз жылай берді.

Бауыры Алтынай Сәрсенова інісінің бүкіл өмірін жылқы бағуға арнағанын айтып, қожалық иесін оның еңбегін бағаламады деп айыптады.

“Қан қысымы 250–280-нен түспейді. Қаншама екпе алып, жүйеге қосылып жатыр. Жағдайы өте нашар. Інім 1994 жылдан бастап Тәжіғалидің жылқысын бақты. Ауылда жағдайы жақсы отырған жерінен таныстары жылқы бағуға алып кеткен. 33 жылдан бері жылқының соңында жүрді. 28 жасында жылқы бағуды бастады. Түрмеде отырғанда 60 жасқа толды. Айдалада мал бағып жүріп, инсульт алып құлаған. Балалары тауып алып, ауруханаға жеткізді. Сол ауырып жатқан кезінде үстінен арыз жазып, қамауға алғызды. Мойнына 100 бас жылқыны ілді. Оның сауаты жоқ, қорыққанынан қол қойып берген. Жазылғанды түсінбейді. Соның кесірінен 2 ай 20 күн қамауда отырды. 33 жыл жылқы баққан еңбегі бағаланған жоқ. Тіпті үйін де банкке кепілге қойыпты. Оны өздері де білмеген. Нотариусқа апарып, қол қойдырған, бірақ не үшін қол қойғандарын түсінбеген. Психологтар да көмектесті, соларға алғыс айтамын. Қазір сөйлеуі қиын, бір қолы мен бір аяғы толық жұмыс істемейді. Киімін де өзі кие алмайды, сөзі анық емес. Инсульт алып, мүгедек болып қалса да, арамызда отырғанына қуанамын. Барлығымыз осы істің соңында жүрміз. Апта сайын түрмеге баратынбыз, барған сайын жағдайын көріп, жылап қайтатын едік”, – деді апасы Алтынай Сәрсенова.

Cот отырысында жылқышының өзі ештеңе айта алмай, үнсіз жылай берді. Мал бағып, өмірін еңбекпен өткізген әйелі де екінші топтағы мүгедек. Бес баланың анасы жолдасының жазықсыз сотталғанын айтты.

“Жылқым жоқ деп жала жапты. Бір бас жылқы ғана болған. Бір балаға жылқыны міне тұруға берген. Ал ол 500 мың теңгеге сатып алдым деп өтірік айтып отыр. Атты тегін мінген. Менің күйеуім жазықсыз сотталды. Оның зейнетақы қорына да тиісті қаражат түспеген. Өмір бойы еңбек демалысына шықпаған, еңбек өтілі де есептелмеген”, – деді жылқышының әйелі Райхан Сәрсенова.

Қорғаушының айтуынша, сотталушы 1993 жылдан бастап жылқышы болып жұмыс істеген. Айыптау тарапы 100 бас жылқы ұрланды деп көрсеткен. Алайда қосымша дәлелдер ұсынылғаннан кейін бір ғана жылқының жоғалғаны анықталды.

“Ақтөбе облысы Мұғалжар ауданы сотының 2026 жыл 15 мамырдағы үкімі өзгертілсін. Рахат Сәрсеновтың іс әрекеті Қылмыстық кодекстің 189-бабы 4-бөлігі 2-тармағынан ҚК-тің 189-бабы 1-бөлігіне қайта саралансын. Оған 6 ай мерзімге бас бостандығынан шектеу жазасы тағайындалсын. Рақымшылық жасау заңымен тағайындалған 6 ай бостандығынан шектеу жазасы  2/1 бөлігіне, яғни 3 айға қысқартылсын. Күзетпен ұстау кезіндегі әр күні 2 күн деп есетеліп, бас бостандығынан шектеу жазасы өтелген деп саналсын, қамаудан дереу босатылсын”, – деді судья.

Сонымен қатар, материалдық залал мөлшері 30 млн теңгеден 600 мың теңгеге дейін төмендетілді.

Балнұр Рахматуллақызы
Жұма, 31 Шілде, 2026 17:24