Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"1,5 миллион теңге сұрайды": Қазақстандық желі қолданушылары "7-20-25" бойынша үй кезегіне күмән келтірді

7-20-25 бағдарламасы
Фото: info.homsters.kz

7-20-25 бағдарламасымен үй алуға ұмтылған азаматтар әлеуметтік желіде кезекті айналып өтуге және лимит алуға қатысты ұсыныстар барын жазып жатыр. Кей жазбаларда мұндай "көмек" үшін 1,4-2 миллион теңге сұралатыны айтылса, бір қолданушы банк ішінде кезекті жақындатып беретін танысы бар адамға ақша берсе, лимит алуға болатынын жазған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Мысалы, әлеуметтік желідегі бір пікірде: "Банкте таныс бар, 1-2 миллион берсеңіз, қиналмай аласыз" деп жазылған. Тағы бір қолданушы "1,4 млн-ға кезекті жылжытып беру" туралы ұсыныс жариялаған.

Сонымен қатар қолданушылар 7-20-25 бағдарламасы бойынша лимитті "алып беретін" және бағдарлама барысында кезекті жылжытып беретін адамдарды іздеген.

Фото: threads желісінен скрин

 

Мұндай ұсыныстардың заңды негізі бар ма? Ипотекалық брокер кезекті жылжыта ала ма? Банктердің ресми тәртібі не дейді? Stan.kz тілшісі анықтап көрді.

"Кемінде 1,5 миллион теңге"

7-20-25 бағдарламасының қолданушысы Батырхан Елемес те ипотекалық брокерлерге қатысты осындай ұсыныстар барын айтты.

Оның сөзінше, кезегін күткісі келмейтін азаматтарға қосымша ақыға көмектесетін адамдар табылады. Батырханнан да кезек үшін ақша сұрағандар болған.

"Шынымен де, қазір ипотекалық брокерлерге барып, 7-20-25 бағдарламасымен пәтер алғым келеді, бірақ өз кезегімді күтетін уақытым жоқ десеңіз, әрдайым қосымша қаражат үшін сізге көмектескісі келетіндер табылады. Қосымша “комиссия” кемінде 1,5 миллион теңге. Менен де ақша сұрағандар болды. Бірақ қазір олардан сұрасақ, мойындамайтыны анық. Адамдардың бұл бағдарламаға келгенде сенімдері жоғалған. Таныстарымның да “Бағдарлама жұмыс істемейді” деген ұстанымдары қалыптасып кеткен", – дейді Батырхан.

Оған қоса Батырхан Елемес кезекті жылжыту айша-шарғысы тек бір адамның ісі емес екенін алға тартады. 

"Менің ойымша, бұл жерде тек бір адамның ісі емес. Бұл айла-шарғыға қатысы бар адам саны көп: банктегі кезекті қадағалайтын адам, оған бұл әрекеттерге рұқсат беріп отырған бастығы, оларға клиент әкеліп отыратын ипотекалық брокер, т.с.с. Менің ойымша, кем дегенде 3 адам қосылып бірігіп жасалған іс-әрекет. Нақтысын білу үшін комиссия құру керек. Барлығын ашық түрде тексеріп, заң бұзушылық болса, жазалау қажет", – дейді Батырхан.

Оның пікірінше, мәселені банк мамандарының әрекетімен ғана шектемей, кезек пен лимиттің қалай бөлінетінін ашық көрсетіп, мұндай ұсыныстардың жолын кесетін нақты бақылау тетігін қалыптастыру қажет.

"Кезекті жылжытуға брокердің қатысы жоқ"

Ипотека маманы Динара Бердалы да кезекті жылжытып беремін деген ұсыныстарға тоқталды.

"Кезекті жылжытып беремін деп 2-2,5 млн теңге сұрап жатқандар бар. Кезекті жылжытып береміз дегендерге сенбеңіздер дер едім. Бұрын “жанды кезек” деген болатын. Сол кезде банк менеджерлері ипотекалық брокерлер арқылы кезекті сататын жағдайлар кездескен. Бірақ қазір бағдарлама автоматтандырылған", – дейді маман.

Оның айтуынша, ипотекалық брокер клиентке құжаттарын реттеуге, банк талаптарына дайындалуға, ипотекалық өтінім беруге немесе тұрғын үй таңдауға көмектесе алады. Бірақ кезекті өзгерту брокердің қызметіне жатпайды.

"Кезекті жылжытуға брокердің қатысы жоқ", – дейді Динара Бердалы.

Маманның сөзінше, құжаттарын тексермей, табысын қарамай "100 пайыз өткізіп беремін" деген уәде де күмән тудыруы керек.

Банктердің ресми тәртібі қандай?

Halyk Bank 7-20-25 бойынша кезек өтініш берілген күн мен уақытқа қарай автоматты түрде қалыптасатынын мәлімдеді. Банктің ресми түсіндірмесінде кезектегі орынды өзгерту немесе жылжыту мүмкін емес деп көрсетілген.

Кезектің қаншалықты жылжитыны бағдарлама операторы – "Қазақстанның орнықтылық қоры" бөлетін лимитке байланысты. Клиент кезегін Halyk мобильді қосымшасындағы "Кредиттер – Онлайн кезек" бөлімінен бақылай алады.

Кезегі келгені туралы SMS немесе Push-хабарлама алған азаматқа кредитке өтініш беру үшін 3 жұмыс күні беріледі. Осы мерзімде банкке жүгінбесе, кезек жойылады және бұрынғы орны сақталмайды.

Bank CenterCredit-те клиент кезек нөмірін онлайн тексере алады. Банк мәліметінше, кезек нөмірі шақырудан кейін 10 жұмыс күні жарамды. Сонымен қатар кезекке тіркелу банктің несие беруге міндетті түрде келісім бергенін білдірмейді.

Freedom Bank те бағдарлама бойынша кезек күту қажет екенін көрсетеді. Оның ұзақтығы оператордың банкке бөлетін қаржыландыруына байланысты. Банк қарыз алушының депозитінде кемінде 1 миллион теңге болуын талап етеді және бұл қаражатты кезек келгенге дейін сақтауды ұсынады. Депозиттегі соманың азаюы кезектің кейінге жылжуына әсер етуі мүмкін.

Осылайша, банктердің ресми ақпаратында кезекті ақшаға немесе брокер арқылы жылжытуға мүмкіндік беретін тәртіп көрсетілмеген.

Кезек келген соң не болады?

Кезекке тұру азаматтың бірден баспаналы болатынын білдірмейді. Кезек келгеннен кейін бағдарлама талаптарына сай үй тауып, құжаттарды рәсімдеп, банктің несие беру талаптарынан өту қажет.

Бұл ретте банктердегі мерзім әртүрлі: Halyk Bank-те – 3 жұмыс күні, BCC-де – 10 жұмыс күніне дейін.

Сондықтан кезегі келген азамат қысқа мерзім ішінде қажетті баспананы таба алмаса, мүмкіндігін пайдалана алмай қалуы ықтимал.

Ақша беріп кезекті жылжытуға бола ма?

Заңгер Қуат Ауғанбек кезекті ақшаға жылжытып беремін деген ұсынысты заң бұзушылық деп бағалайды.

"Ақша біреуге беріп, кезекті жылжыту деген – заң бұзушылық. Бұл алаяқтық факторына жатады. Егер мұндай ұсынысқа тап болсаңыз, дәлелдерді сақтаңыз. Ақша аударымдары, ортақ хат алмасулар, басқа да материалдар дәлелге жатады. Кейін құқық қорғау органдарына жүгінгенде керек болады. Тұрғын үй мәселесінде адамдардың сенімін жықпау керек", – дейді Қуат Ауғанбек.

Сұраныс жоғары

7-20-25 бағдарламасына сұраныстың жоғары екенін Ұлттық банктің дерегі де көрсетеді. 2026 жылғы 28 мамырдағы жағдай бойынша бағдарлама аясында 85 312 қарыз 1,218 триллион теңге сомасына берілген.

Сондықтан бағдарламаға қатысушылар үшін кезектің қалай қалыптасатыны мен оның қандай тәртіппен жылжитыны маңызды.

Әлеуметтік желіде "лимит алып беремін", "кезегіңізді жылжытамын" деген ұсыныс жасалса, оған ақша аудармас бұрын қызметтің заңды негізін және оны ұсынған адамның нақты өкілеттігін тексерген жөн. Күмәнді жағдайға тап болған азаматтар хат-хабарды сақтап, банкке немесе тиісті мемлекеттік органға ресми түрде жүгіне алады.

Ақгүл Айдарбекқызы
Бейсенбі, 10 Қыркүйек, 2026 15:36