IT мамандығын бітіріп, аяқкиім тазалаумен айналысады: 23 жастағы қазақстандық айына миллиондарды қалай тауып жүр
Астаналық 23 жастағы Қажыбек Дүйсенбаев IT Management мамандығын бітіргенімен, IT саласында мансап құрудың орнына аяқкиім күтімі бизнесін дамытуды таңдаған. Ол негізін қалаған шеберхана 2,5 жылда 15 мың жұп аяқкиім қабылдаған. Қазір кәсіптің айлық айналымы 8 миллион теңгеге жетеді. Кәсіпкер бизнесті қалай бастағанын, клиент сеніміне қалай ие болғанын және қызмет көрсету желісін кеңейтуді қалай жоспарлап отырғанын Stan.kz тілшісіне айтып берді.
Аяқкиім күтіміне деген қызығушылық бала кезінен басталған
Қажыбек Дүйсенбаев Astana IT University-де IT Management мамандығы бойынша білім алған. Алайда оның аяқкиім күтіміне қызығушылығы университет қабырғасынан әлдеқайда ерте пайда болған. Кәсіпкердің айтуынша, бала кезінде отбасында жаңа аяқкиім алуға үнемі мүмкіндік болмағандықтан, қолындағы кроссовкасын ұзақ киюге тырысып, оны өзі тазалайтын.
“Мен тазалықты жақсы көремін. Бала кезімде отбасымызда ақша жетіспегендіктен, аяқкиімім біреу ғана еді. Сондықтан оны күтіп киетінмін. Заттарыма ұқыпты қарауға деген қызығушылығым сол кезден басталды”, – дейді кәсіпкер.
Аяқкиім күтімін кәсіби деңгейде меңгеру үшін Қажыбек арнайы оқу орнында білім алмаған. Ол қажетті дағдыларды YouTube-тен, интернет форумдардан, басқа шеберлермен сөйлесу арқылы үйренген. Сонымен қатар өз тәжірибесінде түрлі әдісті сынап, қателіктерден сабақ алған.
Бизнес бастауға алғашқы қаражатты кәсіпкерге ағасы берген. Оның ұсынысымен Қажыбек студент кезінде шағын кәсіп ашуға бел буған. Бастапқыда аяқкиім тазалауға арналған химиялық құралдар мен бояулар сатып алып, жұмыс істейтін орын жалдаған. Кәсіпкердің айтуынша, бизнесті іске қосуға шамамен 3 миллион теңге жұмсалған. Оның 1 миллион теңгесі ғимаратты жөндеуге кеткен, тағы 1 миллион теңге күтпеген шығындарға арналған қаржылық қор ретінде қалған.

Алғашқы клиенттермен жұмыс
Қажыбек үшін шеберхана жұмысын бастаған алғашқы айларда басты мәселелердің бірі клиенттердің сеніміне ие болу болған. Өйткені адамдар аяқкиімін бейтаныс шеберлерге тапсыра бермейді. Сондықтан команда әр жұпты тазалауға дейін және жұмыс аяқталғаннан кейін суретке түсіре бастаған. Осылайша клиент аяқкиімнің бастапқы күйін және тазалаудан кейінгі нәтижені салыстыруға мүмкіндік алды.
“Әр клиенттің біз үшін маңызы зор болды. Басты мәселе сұраныста емес, сенімде еді. Адамдар аяқкиімін бейтаныс адамдарға тапсырады, ал оның құны кейде біз қолданатын барлық химиялық құралдан да қымбат болуы мүмкін. Сондықтан әр жұпты жұмысқа дейін және кейін суретке түсіретінбіз. Ол кезде бұл клиентті сендірудің жолы болса, қазір шеберхананың міндетті ережесіне айналды”, – дейді кәсіпкер.
Бұл тәсіл кейін де қызмет көрсету жүйесінің бір бөлігі болып қалған. Қазір аяқкиім қабылданған кезде суретке түсіріледі, тазалау аяқталған соң фотоесеп жасалады, ал дайын тапсырысты әкімші тексереді.

Алғашқы шеберханадан тоғыз адамдық командаға дейін
Қажыбек алғашқы нүктесін 2024 жылдың шілдесінде ашқан. Бастапқыда барлық жұмысты өзі атқарған. Тапсырыстар көбейген сайын алдымен бір қызметкерді, кейін екіншісін жұмысқа қабылдаған. Қазір командада кәсіпкерді есептемегенде тоғыз адам бар. Уақыт өте келе тапсырыстар көбейіп, Қажыбек барлық жұмысты өзі атқарып үлгермейтін жағдайға жеткен. Осы кезде ол бизнестің ішкі жұмысын қайта ұйымдастыруға кіріскен. Өндіріс, сату және әкімшілік міндеттерін бөліп, әр бағытқа жауапты адамдарды белгілеген. Сонымен қатар курьерлік жеткізу қызметін іске қосқан. Қазір клиент екі жұп аяқкиімнен бастап тапсырса, жеткізу тегін ұсынылады. Кәсіпкердің айтуынша, адамдардың аяқкиімін тазалатуға уақыты бола бермейді. Сондықтан жеткізу қызметі клиентке қолайлы жағдай жасап, тапсырыс қабылдауды жеңілдеткен. Сату бөлімінің жұмысын біріздендіру үшін менеджерлерге ортақ жұмыс тәртібі де енгізілген.
“Тапсырыстар өзім қолмен орындай алатын мөлшерден асып кетті. Сол кезде үш шешім қабылдадық: өндірісті, сатуды және әкімшілік жұмысты бөлдік, курьерлерді қостық және бірыңғай жұмыс тәртібін енгіздік. Біз үшін қызмет көрсету менеджердің көңіл күйіне байланысты болмауы керек”, – дейді Қажыбек.
Кәсіпкер бір уақытта екі жұмысты қатар атқарған
Бизнесті дамыту бірден оңай болмады. Қажыбек бір кездері аяқкиім тазалау кәсібін дамытумен қатар, құбыр өндіретін компанияда сату менеджері болып жұмыс істеген. Оның айтуынша, екі жұмысты қатар алып жүру қиынға соғып, табыс жалдау ақысы мен қызметкерлердің жалақысын төлеуге әрең жеткен кездер болған.
“Қиын болды. Қолымнан келмей жатқандай сезіндім. Ақша жалдау ақысы мен жалақыны төлеуге әрең жететін, бизнесті жақсарту туралы ойлауға да мүмкіндік болмады. Сол кезде біреуін таңдауға шешім қабылдадым. Аяқкиім тазалау кәсібінде қалдым. Бұл белгісіздікке жасалған қадам еді, бірақ кейін оның ақталғанын көрдім”, – дейді кәсіпкер.
Осы шешімнен кейін ол негізгі назарын өз кәсібіне аударып, бизнестің жұмысын жүйелеуге кіріскен.
Клиенттерді қайдан табады?
Қазір тапсырыстардың негізгі бөлігі Instagram арқылы түседі. Клиенттер WhatsApp желісінде қызмет туралы сұрап, тапсырысты рәсімдейді. Қажыбек жарнаманың тиімділігін әлеуметтік желідегі қаралым немесе ұнату саны арқылы емес, нақты тапсырыс берген клиенттерге қарап бағалайды. Оның айтуынша, жарнаманың нәтижесін түсіну үшін бір клиентті тартуға қанша қаражат жұмсалғанын есептеу маңызды.
“Біз жарнамада лайк санын емес, нақты ақшаны есептейміз. Әр арнаны бір сұрақ арқылы тексереміз: аяқкиімін шынымен тапсырған бір клиент бізге қаншаға түсті?” – дейді ол.
Кәсіпкердің айтуынша, осы уақытқа дейін шеберханаға шамамен 3 мың клиент жүгінген. Олардың қайта оралуына орындалған жұмыстың нәтижесін көре алуы әсер етеді. Бұған қоса, бір клиенттің бірден бірнеше жұп аяқкиім тапсыруы жиілеген.
The Ritz-Carlton қонақүйімен қалай серіктестік орнатты?
Жеке клиенттермен қатар кәсіпкер корпоративтік бағытты да дамытып келеді. Оның сөзінше, Астанадағы The Ritz-Carlton қонақүйі бастапқыда аяқкиімдерін тазалауға жіберіп отырған. Кейін екі тарап ресми келісімшарт жасасқан. Аяқкиімдер шеберханаға қонақүйдің жүргізушісі арқылы жеткізіледі. Яғни кәсіпкердің командасы қонақүйдің ішінде жұмыс істемейді, қызметті өз шеберханасында орындайды.
Қажыбек корпоративтік серіктестікті клиент сенімін арттыратын факторлардың бірі ретінде атайды. Сондай-ақ ол аяқкиім күтіміне арналған Saphir Médaille d’Or өнімдерін де атап өткен. Алайда бұл атаудың нақты қандай сертификатқа немесе серіктестікке қатысты екенін түсіндірмегендіктен, оны кәсіпкердің компаниясына берілген сертификат деп көрсетуге негіз жоқ.

Аяқкиім тазалау қанша тұрады?
Шеберханада аяқкиімді тазалау және бояу, сондай-ақ жөндеу қызметтері көрсетіледі. Тазалау бағасы 8 мың теңгеден басталады, ал жөндеу құны 2 мың теңгеден басталады. Кәсіпкердің айтуынша, негізгі сұраныс аяқкиімді тазалау мен түсін қалпына келтіруге түседі.
Бір клиенттің орташа чегі – 15 мың теңге. Қажыбек мұны қызмет бағасының өсуімен емес, адамдардың бір тапсырыста бірнеше жұп аяқкиім әкелуімен байланыстырады.
“Орташа чек бағаның өсуінен емес, клиенттердің бірден бірнеше жұп аяқкиім тапсыруынан өсті”, – дейді ол.
Соңғы 2,5 жылда шеберхана 15 мың жұп аяқкиім қабылдаған. Қазір бизнестің айлық айналымы шамамен 8 миллион теңге. Негізгі шығындарға қызметкерлердің жалақысы, жалдау ақысы, коммуналдық төлемдер, жарнама және тазалауға қажетті материалдар кіреді. Бұған дейін кәсіпкер таза пайдасы айына 1 миллион теңгеден асатынын айтқан. Алайда қазіргі таза пайда көлемін нақтыламады.
IT білімі аяқкиім тазалау бизнесіне қалай көмектеседі?
Қажыбектің айтуынша, университетте алған білімі бизнесті басқаруға және жұмыс үдерістерін жүйелеуге көмектескен. Ол біртіндеп шебердің міндетінен алыстап, басқару, жарнама, қаржы және бизнесті дамыту мәселелеріне көбірек көңіл бөле бастаған. Әлеуметтік желілер мен маркетингті де өзі жүргізеді. IT білімінің пайдасын көрсететін мысалдың бірі – тапсырыстарды қабылдау үдерісін автоматтандыру. Бұрын қызметкерлер тапсырыс туралы мәліметтерді қолмен енгізіп, аяқкиімді суретке түсіріп, түбіртектерді рәсімдейтін. Кәсіпкердің сөзінше, бұл жұмысқа күніне бір-екі сағатқа дейін уақыт кететін. Қазір осы үдерістің бір бөлігі Telegram-бот арқылы автоматтандырылған. Қызметкер түбіртек пен аяқкиімді суретке түсіреді, ал жасанды интеллект қажетті мәліметтерді өзі толтырады. Суреттер тапсырысты сәйкестендіруге де көмектеседі. Бұл әсіресе шеберханада бір-біріне ұқсас аяқкиім көп болғанда пайдалы. Мысалы, бір мезетте ондаған ақ кроссовка тұрған кезде олардың қайсысы кімге тиесілі екенін анықтау жеңілдейді.
“Кеңседе 30 жұп ақ кроссовка тұрған кезде жасанды интеллект ұсақ белгілеріне қарап, оның иесін анықтай алса, бұл өте ыңғайлы”, – деп түсіндірді Қажыбек.
Дегенмен технология шеберлердің жұмысын алмастырмаған. Ол әзірге тапсырыстарды рәсімдеу мен деректерді енгізу сияқты қайталанатын міндеттерді жеңілдетеді.
“Жасанды интеллект жақында бәрін алмастырады дейді. Менің аяқкиім тазалау кәсібімде ол бір ғана міндетті алмастырды: түбіртектерге мәліметтерді қолмен енгізуді. Әкімші суретке түсіреді – тапсырыс карточкасы дайын. Ал аяқкиімді әлі де үш шебер қолмен тазалайды”, – дейді кәсіпкер.
Бизнестегі ең үлкен қиындық қандай?
Қажыбектің айтуынша, бизнесті дамытудағы ең күрделі мәселелердің бірі – білікті шеберлерді табу және үйрету. Аяқкиімді тазалау мен оның түсін қалпына келтіру тәжірибе мен ұқыптылықты талап етеді. Сондықтан маманды бірден жұмысқа қабылдап, күрделі тапсырыстарды тапсыру мүмкін емес.
“Ең қиыны – адамдармен жұмыс. Жақсы шебер хабарландыру арқылы бірден табыла салмайды, оны айлап тәрбиелеу керек”, – дейді кәсіпкер.
Тапсырыстар көбейген кезде өндіріс қуаты да шектеуге айналған. Кейде жұмыс көлемі қолдағы шеберлердің мүмкіндігінен асып кеткен. Сондықтан команда біртіндеп кеңейіп келеді. Қазір сату бөлімінде әр менеджердің нәтижесі жеке бақыланады. Көрсеткіштер төмендеген жағдайда оның себебін анықтап, мәселені табысқа әсер етпей тұрып шешуге тырысады. Жұмыс сапасы да бірнеше кезеңде тексеріледі: аяқкиім қабылданған кезде суретке түсіріледі, тазалау аяқталған соң фотоесеп жасалады, ал дайын тапсырысты әкімші қарайды. Бизнесті кеңейтуге серіктес инвесторлар да көмектеседі. Олар қажет болған кезде қосымша қаражат бөліп, жаңа нүктелердің ашылуына инвестиция салады.

Кәсіпкер бизнесті қалай кеңейтуді жоспарлап отыр?
Қажыбек алдағы уақытта бизнесті Қазақстанның басқа қалаларында да дамытуды жоспарлап отыр. Оның айтуынша, келесі бір жылда тағы үш нүкте ашу көзделген. Бұған дейін кәсіпкер Қарағандыда да нүкте ашу жоспары бар екенін айтқан. Ұзақ мерзімді мақсаты – Қазақстанның әр қаласында аяқкиім мен сөмке күтімі қызметін ұсынатын желі қалыптастыру, кейін шетел нарығына шығу. Қажыбектің пікірінше, Қазақстанда аяқкиім күтімі әлі де көбіне өкше жөндеу немесе аяқкиім жөндеу қызметімен байланыстырылады. Ал кәсіби тазалау, түсін қалпына келтіру және аяқкиімді дұрыс күту бөлек бағыт ретінде дамып келеді.
Кәсіпкер Астананың қысы, көшедегі реагенттер мен лай аяқкиімнің тез тозуына әсер ететінін айтады. Сондықтан сұраныс маусымға қарай өзгергенімен, бұл қызметке қажеттілік сақталады. Оның сөзінше, нарықта ірі желілер аз, ал бәсекелестердің көбі шағын шеберханалар.
“Қазақстанда аяқкиім күтімін әлі де өкше жөндеумен шатастырады. Бұл бір жағынан мәселе болса, екінші жағынан мүмкіндік. Біз бағамен емес, қызмет көрсету деңгейімен бәсекелесеміз”, – дейді ол.
Кәсіпкер үшін бизнесті кеңейту жаңа нүктелер ашумен ғана шектелмейді. Әр филиалда қызмет сапасын бір деңгейде сақтау, жұмыс үдерістерін бақылау және клиентке қолайлы жағдай жасау да маңызды. Ол болашақта аяқкиім мен сөмкесін тазалатып, қалпына келтіргісі келетін адамдарға осы қызметті қолжетімді ететін жүйе құруды көздейді.
Айта кетейік, бұған дейін депутат банктерді мемлекет қолдауын пайдаланып, бизнесті несиелендіруге асықпай отыр деп айыптағаны туралы жазған едік.
IT мамандығын бітіріп, аяқкиім тазалаумен айналысады: 23 жастағы қазақстандық айына миллиондарды қалай тауып жүр