Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ақтөбеде 17 жастағы оқушы пышақтар өлтірді деп айыпталған студентке қатысты сот басталды

Фото: Видеодан скриншот

Ақтөбеде 17 жастағы мектеп оқушысының өліміне қатысты сот процесі басталды. Айыпталушы – 18 жастағы бірінші курс студенті. Қайғылы жағдай биыл көктемде Шалқар қаласында болған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі КТК телеарнасына сілтеме жасап хабарлайды.

Тергеу нұсқасы бойынша, 19 наурызда Шалқарда екі топ жасөспірімнің арасында жанжал шығып, арты жаппай төбелеске ұласқан. Сол жерде 17 жастағы Әлихан Жәнібеков жүрек тұсынан пышақ жарақатын алып, көз жұмған.

Марқұм биыл 11-сыныпты аяқтап, жоғары оқу орнына түсуге дайындалып жүрген.

Мемлекеттік айыптау тарапы сотталушы қақтығыс болуы мүмкін екенін алдын ала білген және өзімен бірге пышақ алып барған деп есептейді.

Ақтөбе облысы прокурорының көмекшісі Гүлзира Көшербаеваның сөзінше, айыпталушы жанжал туындаған жағдайда оған қатысушыларға пышақпен дене жарақатын салуды көздеген.

Іс материалдарына сәйкес, сол күні сағат 22:00 шамасында 18 жастағы жігіт жүргізуші куәлігі болмаса да, анасының көлігін рұқсатсыз алып кеткен. Кейін достарымен бірге қаланың басқа бөлігіне барған. Айыптау нұсқасында оның жанында аңшылық пышақ болғаны айтылады.

Марқұмның туыстары да болған жағдай кездейсоқ жанжал емес деп санайды.

Әлиханның туысы Ағила Әлиманованың айтуынша, қарсы тарап қаланың басқа бөлігінен арнайы келген. Олар сол маңдағы мектеп оқушыларын видеоға түсіріп, үлкендерді кездесуге шақырған.

“Әлихан солай сол жерге барған. Оның жүрегіне пышақ сұғылды. Жарақат алғаннан кейін небәрі 5-10 минуттай ғана өмір сүрді”, – дейді марқұмның туысы.

Ал сотталушы өзіне тағылған негізгі айыпты мойындамады. Ол анасының көлігін рұқсатсыз алғанын ғана растаған.

Айыпталушының сөзінше, пышақты адам өлтіру үшін емес, өзін қорғау мақсатында қолданған.

“Маған қарай шамамен 15 адам жүгіріп келе жатқанын көрдім. Әлихан қолымнан ұстап қалды, қалғандары жабылды. Өліп қаламын немесе мүгедек болып қаламын деп қорықтым. Сол кезде пышақпен ұрдым”, – деді ол сотта.

Сот барысында айыпталушының бұған дейін де жауапкершілікке тартылғаны белгілі болды. Бір жыл бұрын ол Шалқар тұрғынын ұрып-соққаны үшін жауапқа тартылған. Алайда жігіт сол оқиғаның егжей-тегжейін есіне түсіре алмайтынын айтқан.

Қазіргі іс бойынша да прокурордың бірқатар сұрағына нақты жауап бермей, кейбір жайттарды ұмытып қалғанын жеткізген.

Сотталушы марқұмның отбасынан көпшілік алдында кешірім сұрап, Әлиханды өлтіру ойында болмағанын айтты.

Дегенмен іс материалдары бойынша, пышақ жарақатын салғаннан кейін ол оқиға орнында қалмай, қашып кеткен. Кейін техникалық қызмет көрсету станциясының ғимаратына жасырынған.

Марқұмның туыстары айыпталушы ең ауыр жазаға тартылуы керек деп есептейді. Ал оның кінәсінің деңгейі мен сол түні нақты не болғанын енді сот анықтайды.

Еске салайық, 2025 жылғы мамырда Долан ауылында болған оқиға көптің жағасын ұстатқан еді. Қаскелеңде түлектер мектеп бітіруін атап өтпек болып, кеш ұйымдастырған. Кеш үшін ата-аналары оларға коттедж жалдап берген. Отырыс барысында кәуап пісіріп, кейбір жасөспірімдер спирттік ішімдік ішкен. Алайда артынша жанжал шыққан.

Болжам бойынша, марқұм 17 жастағы Әліби қызға араша түсемін деп өзі жарақат алған. Әліби ол кезде мас болмаған. Ол қатарлас қызды қорғап, ашулы сыныптасын тыныштандыруға тырысқан екен. Куәгерлердің айтуынша, сол сәтте ашулы оқушы Әлібидің сол жақ кеуде тұсына кәуап пісіретін шампур тығып алған. Марқұмның әжесінің айтуынша, жасөспірімге анасы түнде қоңырау шалғанда, бөлмеде екенін, тамағы ауырып жатқанын айтқан.

Әліби дәрігерлер келгенше көз жұмған. 

Алматы облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты жасөспірімді көрінеу кәмелетке толмаған адамды өлтіргені үшін кінәлі деп танып, 10 жылға бас бостандығынан айырды. Кейін облыстық сот үкімді өзгеріссіз қалдырды. Үкім 2026 жылғы 14 сәуірде заңды күшіне енді.

Балнұр Рахматуллақызы
Жұма, 11 Қыркүйек, 2026 10:03