Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

124 шақырым жарықсыз, қоршаусыз: Жүргізушілер Қонаев – Бақанас тасжолын жөндеуді сұрайды

Тасжол
Фото: Видеодан скриншот

Алматы облысындағы Қонаев – Бақанас тасжолымен қатынайтын жүргізушілер жолды күрделі жөндеуден өткізуді сұрап отыр. Олардың айтуынша, кеңес дәуірінде салынған 124 шақырымдық жол бүгінде әбден тозған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Tv7.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.

Тасжол небәрі екі жолақтан тұрады. Көше жарығы жоқ. Ал алда келе жатқан көлікті басып озу үшін жүргізушілер қарсы бағыттағы жолаққа шығуға мәжбүр.

Бұған қоса, жолдың екі жағында қоршау орнатылмаған. Сондықтан қараңғы түскенде тасжолға үй жануарлары мен жабайы аңдар жиі шығады. Түнде жүргізушілер тек көліктің жарығына сүйеніп жүруге мәжбүр.

Жүргізуші Есболат Мықтыбаевтың сөзінше, бұл жолмен түнде жүру әсіресе қауіпті.

“Түнде бұл жолмен жүру қиын. Жарық жоқ, жолдың екі жағында мал көп. Әрине, жылдамдықты азайтамыз. Бірақ жол бойында жануар өте көп кездеседі. Жарық орнатса немесе тым болмағанда екі жағына қоршау қойса жақсы болар еді”, – дейді ол.

Қонаев – Бақанас бағытымен күн сайын шамамен мың көлік жүреді. Соған қарамастан, жолға жауапты мамандар оның қазіргі жағдайын қанағаттанарлық деп бағалап отыр.

Алматы облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының бас маманы Нұрдәулет Асқаровтың сөзінше, жолды төрт жолаққа дейін кеңейтуге қомақты қаражат қажет.

“Барлығы көлік қозғалысының қарқындылығына байланысты. Бақанасқа дейінгі жолды төрт жолаққа кеңейту өте көп қаражатты қажет етеді. Бұған дейін бұл жол жөнделген. Қазір оның жөндеуаралық мерзімі әлі аяқталған жоқ. Сондықтан кезекті жөндеу уақыты келген жоқ”, – деді маман.

Осылайша, жүргізушілер жолдың қауіпсіздігіне алаңдап отырса, жауапты мекеме әзірге Қонаев – Бақанас тасжолын күрделі жөндеу жоспарда жоқ екенін айтып отыр.

Балнұр Рахматуллақызы
Жұма, 11 Қыркүйек, 2026 10:20