Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда жылдамдық үшін салынған қате айыппұлдар жойылады

жолдағы айыппұлдар
Фото: magnific.com

Тасжолда жылдамдық асырды деген қате айыппұл алған жүргізушілерге полицияға барудың қажеті жоқ. Ішкі істер министрлігі техникалық ақаудан қате рәсімделген қаулылар автоматты түрде жойылатынын мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Ішкі істер министрлігі кейбір жүргізушілерге жылдамдықты асыру бойынша не себепті қате айыппұл салынғанын түсіндірді.

13-14 тамызда бас прокуратураның ЕРАП жүйесінде техникалық ақау болған. Соның салдарынан бірқатар орташа жылдамдықты асыру фактілері қате кетіп, жылдамдықты асыру ретінде рәсімделген.

Әкімшілік полиция комитетінің төрағасы Мұрат Қабденов жүргізушілерді алаңдамауға шақырды. Оның айтуынша, полицияға барудың немесе қандай да бір дәлел ұсынудың қажеті жоқ. Қате рәсімделген барлық қаулы анықталып, автоматты түрде жойылады.

Егер айыппұл төленіп қойған болса, ішкі істер министрлігі қаражатты қайтару тетігін әзірлеп жатыр.

Ведомство бұл жағдайдың тек тасжолдарда техникалық ақауға байланысты қате қалыптасқан айыппұлдарға қатысты екенін атап өтті.

ҚазАвтоЖол компаниясы трассалардағы жол қозғалысын бақылау кешендерінің ақаусыз жұмыс істегенін атап өтті. Олар көліктердің жылдамдығын дұрыс анықтап, мәліметтерді Әкімшілік өндірістердің бірыңғай тізілімінің Процессингтік орталығына жіберген.

"Тіркелген құқық бұзушылықтар туралы ақпарат та Әкімшілік өндірістердің бірыңғай тізілімінің Процессингтік орталығына автокөліктің орташа жылдамдығын асыру фактісі ретінде дұрыс берілді", – делінген компания хабарламасында.

Мәселе мәліметтер жіберілгеннен кейін, уәкілетті органның ақпараттық жүйелерінде қаулыларды автоматты түрде қалыптастыру кезінде туындаған.

"Анықталған техникалық ақау автомобиль жолдарындағы орташа қозғалыс жылдамдығын тіркеудің дұрыстығына байланысты емес", – деп атап өтті "ҚазАвтоЖол".

Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, жүргізушілер қате қалыптастырылған қаулыларға өз бетінше шағымданудың қажеті жоқ.

"Қате қалыптастырылған барлық қаулы анықталды және автоматты түрде жойылады", – деді Қабденов.

Әңгіме тек осы техникалық ақаудың салдарынан қалыптастырылған айыппұлдар туралы болып отыр. Ал айыппұлды төлеп қойған азаматтарға қаражатты қайтару тетігі әзірленіп жатыр.

"Қазір төленген қаражатты қайтару механизмі пысықталуда. Жағдай бақылауда", – деп қорытындылады комитет басшысы.

Қаулының мазмұнына, оны қайта қарауға немесе шағымдануға қатысты сұрақтар бойынша жүргізушілерге әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы істер бойынша өндірісті жүргізетін уәкілетті органға жүгіну ұсынылады.

Еске салайық, бұған дейін Таразда заңсыз орнатылған сағатына 40 шақырым жылдамдық белгісі 32 мыңнан астам жүргізушінің айыппұл алуына себеп болған. Бір ғана камера арқылы бюджетке 345 миллион теңге түскен. Прокуратура тексерісінен кейін белгінің қажетті келісімдерсіз орнатылғаны анықталған. Кейін үш жүргізуші сот арқылы төлеген айыппұлдарын қайтарып алған. Алайда заңсыз белгі әлі алынбағандықтан, айыппұлдар келіп жатыр. Қалған мыңдаған жүргізушінің қаражаты қалай қайтарылатыны әзірге белгісіз.

Айым Атамбаева
Дүйсенбі, 17 Тамыз, 2026 16:25