Алматыдағы 45 мың орындық жаңа стадионның видеосы жарияланды
Алматыдағы 45 мың орындық жаңа стадион жобасының видеосы жарияланды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Қала тұрғындарының назарына стадионның видеоформаттағы нұсқасы ұсынылды. Алматы қаласын дамыту орталығы қалада бой көтеретін стадионның ішкі және сыртқы бейнесімен бөлісті. Мегаполистің басты алаңы болашақта қандай болатыны бейнежазбада көрсетілген.
"Бүгін – құрылыс алаңы, ертең – 45 мың жанкүйерді жинайтын футбол стадионы. Арена УЕФА-ның 4-санат талаптарына сай салынып, халықаралық деңгейдегі матчтарды қабылдамақ", – делінген видеоның астындағы жазбада.
Айта кетейік Еліміздің оңтүстік астанасында жаңа алаң салынатыны былтыр белгілі болды. Бастапқыда Алматы әкімдігі 35 мыңдық стадион салу жоспарланғанын хабарлады. Алайда кейін тұрғындар мен қоғам ұсынысы ескеріліп, алаң сыйымдылығы 45 мың орынға ұлғайтылды.

Нысан Құлжа және Талғар тас жолдарының арасында бой көтереді. Жобаны іске асыруға бөлінген аумақтың жалпы көлемі шамамен 32 гектар. Ол УЕФА-ның IV санаттағы талаптарына сай болмақ. Бұл халықаралық деңгейдегі футбол матчтары мен ірі спорттық іс-шараларды өткізуге мүмкіндік береді.
Жоба аясында негізгі футбол аренасымен қатар жаттығу алаңдары, спортшылар мен командаларға арналған заманауи инфрақұрылым, жанкүйерлерге арналған аймақ, қауіпсіздік жүйелері және іргелес аумақты кешенді көріктендіру жұмыстары қарастырылған. Сондай-ақ мыңнан астам көлікке арналған автотұрақ та салынады.
Еске салсақ Алматыда УЕФА-ның жоғары талаптарына сай, халықаралық жарыстарды қабылдай алатын, 45 мың көрерменге арналған заманауи стадион салынып жатқанын жазғанбыз.
"Қырғызстан өзі алға шығу үшін осылай жасады": Сарапшылар көшпенділер ойыны нәтижесіне қатысты пікір білдірді