Республика күні мен Тәуелсіздік күні неге екі бөлек атап өтіледі
Қазақстанда 25 қазанда Республика күні, ал 16 желтоқсанда Тәуелсіздік күні атап өтіледі. Екі күн де ел тарихында ерекше орын алғанымен, әрқайсысының өзіндік тарихи мәні бар. Неліктен бұл мерекелер екі бөлек күнде тойланады? 1990 жылы қабылданған Егемендік туралы декларация мен 1991 жылы жарияланған мемлекеттік тәуелсіздіктің айырмашылығы неде? Осы екі тарихи датаның маңызын және олардың бір-бірімен байланысын саралап көрдік.
Қазақстанда Республика күні алғаш рет 1995 жылы ұлттық мереке ретінде жарияланып, 25 қазанда атап өтіле бастады. Ал 2001 жылы мереке ұлттық мәртебесінен айырылып, мемлекеттік мерекелер қатарына ауыстырылды. 2009 жылы оны атап өту тоқтатылып, 25 қазан кәдімгі жұмыс күніне айналды.
2022 жылы Республика күні қайта жаңғырды. Сол жылдың маусымында Ұлттық құрылтай отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мерекеге ұлттық мәртебесін қайтаруды ұсынды. 29 қыркүйекте тиісті заңға қол қойылып, 25 қазан қайтадан ұлттық мереке болып бекітілді. Осылайша, 2022 жылы Республика күні 13 жылдық үзілістен кейін қайта аталып өтті.
Екі түрлі құжат әрі екі түрлі тарихи жағдай: Респулика күнінің мәні неде?
Тарихшы Батыржан Сейдомардың айтуынша, 1990 жылғы 25 қазанда қабылданған Мемлекеттік егемендік туралы декларация Қазақстанның Мәскеуге толық тәуелді болмай, өзге мемлекеттермен дербес байланыс орнатуына жол ашты. Дегенмен бұл алғашында Ресейдің ішкі саясатына қатысты шығарылған шешім болған.
"1990 жылдан 1991 жылға дейінгі кезеңде Кеңес Одағы саясатты Еуропалық одаққа ұқсас сипатта жасағысы келді. Мысалы, Еуропалық одақта ортақ парламент пен басқару институттары болғанымен, әр мемлекет өз құқығын сақтап, дербес әрекет ете алады. Кеңес Одағында да осыған ұқсас жүйе қалыптастыру мәселесі қарастырылды. Осылайша, Кеңес Одағы құрамындағы кіші мемлекеттерге жекелей құқықтар берілетін құжат қабылдана бастады. Оны біздің Қазақстан да қабылдады. Декларация бойынша, Қазақ КСР-інің президенті Нұрсұлтан Назарбаев Мәскеуге қарамай, басқа мемлекеттермен кездесіп, қарым-қатынас жасай алатын еді", — дейді тарихшы.
25 қазанның Республика күні ретінде белгіленуі 1990 жылғы Мемлекеттік егемендік туралы декларациямен тікелей байланысты. Тарихшының пайымдауынша, "республика" ұғымының Қазақстан тарихындағы орны кең ауқымда қарастырылуы керек.
"Сондықтан бұл датаның маңызын түсіну үшін Қазақстанның мемлекеттік тарихын да, егемендікке бастар жолын да қатар қарастырған жөн. 25 қазанға қатысты кейде “Оған дейін біз республика болған жоқпыз ба?” деген сұрақ туындайды. Ал 16 желтоқсанды Қазақстанның тәуелсіздік алған күні деп атаймыз. Тарихи тұрғыдан қарағанда, қазақ халқының мемлекеттілік дәстүрі бұдан әлдеқайда ертерек кезеңнен басталады. Біздің Қазақ хандығы сияқты мемлекетіміз болды. Сондықтан Республика күні мен Тәуелсіздік күнінің мәнін тарихи сабақтастық тұрғысынан түсіну маңызды", — деп қосты ол.
Батыржан Сейдомардың пікірінше, 1990 жылғы Егемендік туралы декларация мен 1991 жылғы Тәуелсіздік туралы заң — екі түрлі құжат әрі екі түрлі тарихи жағдайдың көрінісі.
"Бұл екі мереке Қазақстанның мемлекеттілік тарихындағы әртүрлі кезеңдерді білдіргенімен, екеуі де елдің қалыптасу жолымен тығыз байланысты. Республика күні егемендікке бастар тарихи қадамды еске салса, Тәуелсіздік күні Қазақстанның дербес мемлекет ретінде қалыптасуын айқындайды. 1990 жылы мемлекеттік егемендік туралы декларация қабылданса, 1991 жылғы 16 желтоқсанда Қазақстанның мемлекеттік тәуелсіздігі жарияланды. Яғни қазақ хандығынан келе жатқан тарихымызда тәуелсіздігімізді қалпына келтірдік. Ал сол жылдың 25 желтоқсанында Михаил Горбачев Кеңес Одағы президенті қызметінен кетті. Кеңес Одағының өмір сүруін тоқтатуы 1991 жылдың соңындағы оқиғалармен байланысты болды", — деп түсіндірді ол.
Батыржан Сейдомар Республика күні мен Тәуелсіздік күнінің арасы небәрі бір жыл болғанымен екі күннің салмағы екі түрлі екенін жеткізді. Айтуынша, КСРО құжаттары мен жүйесі тұрғысынан Республика күнінің саяси мәні басым болды.
“Тәуелсіздік пен Республика күнін қатар тойламаған дұрыс”
Дос Көшімнің айтуынша, 1990 жылғы декларацияның мазмұны Қазақстанның толық тәуелсіз мемлекет болуына қатысты барлық мәселені қамтымады. Сол себепті 1991 жылғы Тәуелсіздік күні ел үшін үлкен маңызға ие.
“Тәуелсіздік” сөзі көбіне халықтың ортақ арманы мен мақсаты ретінде қолданылса, “егемендік” ресми-құқықтық мағынада жиі айтылады. Өз басым егемендік пен тәуелсіздіктің айырмашылығын байқаймын. 1991 жылғы тәуелсіздік — Кеңес Одағынан бөлініп, жеке мемлекет болатынымызды ресми түрде жариялаған кезең. Ал Егемендік туралы декларацияда негізгі мәселелердің бірқатары жеткілікті деңгейде қамтылмады. Мысалы, басқа республикалардың құжаттарында өздерінің қарулы күштері туралы мәселелер көтерілсе, бізде Кеңес Одағының қарулы күштері құрамында қалу туралы қағидалар болды. Кейбір ережелер декларативті сипатта қалды", — деді ол.
Саясаттанушы Республика күнінің қайтадан ұлттық мереке мәртебесіне ие болуын да маңызды мәселе ретінде атап көрсетті. Айтуынша Тоқаевтың бұл күнге қайта мереке ретінде қарауы дұрыс шешім болған.
“Көп жыл бойы "Неліктен біз Тәуелсіздік күнін ғана атап өтіп, 25 қазанның маңызын екінші орынға ысырып қоямыз?" деген мәселе көтеріліп келді. Шын мәнінде, біз бұрын 25 қазанды да атап өтетінбіз. Кейін Республика күні мерекелер қатарынан алынып тасталды. Менің ойымша, бұл сол кезеңдегі саяси шешімдердің бірі болды. Қазір Президенттің бұл күнге ұлттық мереке мәртебесін қайтаруын халыққа жағымды шешім ретінде қарастыруға болады. Менің пікірімше, 25 қазан — Егемендік туралы декларация қабылданған күн ретінде жеке тарихи маңызға ие. Ал 16 желтоқсан — Қазақстанның тәуелсіздігін жариялаған күн”, – деп қосты маман.
Айта кетсек, 1990 жылғы Мемлекеттік егемендік туралы декларацияны әзірлеу жұмысы бес-алты айға созылып, бастапқыда оның төрт нұсқасы жасалды. 17 тармақтан тұратын декларацияны талқылау алты сағаттан астам уақытқа созылған. 1990 жылғы 25 қазанда сағат 18:55-те Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі тарихи құжатты қабылдады. Дауыс беру нәтижесі бойынша 261 депутат құжатты қолдап, 18-і қарсы дауыс берді, екеуі қалыс қалды, ал бір депутат дауыс бермеген.
Декларацияда Қазақстанның аумақтық тұтастығы, азаматтығы, мемлекеттік бюджеті мен қаржы жүйесі, заңдарының үстемдігі және халықаралық қатынастардың дербес субъектісі болу құқығы бекітілді. Сондай-ақ құжатта республиканың егемендігі мен мемлекеттік биліктің өз аумағындағы үстемдігі жарияланды. Осылайша, декларация Қазақстанның дербес мемлекет ретінде қалыптасуына құқықтық негіз қалады. Алайда ол елдің Кеңес Одағы құрамынан шыққанын білдірмеді.
Қазақстанның тәуелсіздік жариялауына дейін де бірқатар маңызды саяси шешім қабылданды. 1991 жылғы 1 желтоқсанда елде тұңғыш рет жалпыхалықтық президент сайлауы өтті. Сол жылғы 10 желтоқсанда Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасының атауы Қазақстан Республикасы болып өзгертілді. Ал 16 желтоқсанда Жоғарғы Кеңес "Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы" конституциялық заңды қабылдады.
Осы заң Қазақстанның тәуелсіздігін ресми түрде жариялап, елдің дербес мемлекет ретіндегі мәртебесін бекітті. Қазақстан Кеңес Одағының құрамындағы республикалардың ішінде мемлекеттік тәуелсіздігін ең соңғы болып жариялады. Бұдан кейін елді халықаралық деңгейде тану және басқа мемлекеттермен дипломатиялық қатынас орнату үдерісі басталды.
Еске салсақ, былтыр Трамп Қазақстанды бірінші болып Тәуелсіздіктің 35 жылдығымен құттықтаған еді.
Республика күні мен Тәуелсіздік күні неге екі бөлек атап өтіледі
