Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстан әуежайында қандай сөздер айтқаныңыз үшін түрмеге түсуіңіз мүмкін

ер адам сөзі
Фото: Видеодан скриншот

Ұшақта немесе әуежайда “бомба”, “жарылыс”, “террорист”, “қару” деген сөздерді әзіл ретінде айту да үлкен мәселеге ұласуы мүмкін. Авиацияда қауіпке қатысты кез келген сөз байыппен қабылданып, арнайы қауіпсіздік шаралары бірден іске қосылады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Мәселен, Алматы – Ақтау бағытындағы рейстердің бірінде жолаушы “бомба” деген сөз айтқан. Оқиғаға авиациялық қауіпсіздік қызметі мен көлік полициясы араласып, ер адам ұшақтан түсірілген. Соның салдарынан рейс екі сағатқа жуық кешіккен.

Авиация саласында мұндай сөздің әзіл ретінде айтылғанын немесе нақты қауіп барын сол сәтте анықтау мүмкін емес. Сондықтан мамандар бекітілген тәртіп бойынша әрекет етуге міндетті.

Қауіп туралы сөз айтылған жағдайда ұшақ пен жолаушылардың багажы қайта тексерілуі, арнайы қызметтер шақырылуы мүмкін. Қажет болса, жолаушылар эвакуацияланып, әуежайдың кейбір аумағына кіруге уақытша шектеу қойылады. Кей жағдайда әуе кемесін немесе экипажды ауыстыруға, рейсті кейінге шегеруге тура келеді.

Мұның бәрі бір ғана рейске емес, жүздеген жолаушыға, экипажға және тұтас әуежайдың жұмысына әсер етуі мүмкін.

Қазақстанда терроризм актісі туралы көрінеу жалған ақпарат таратқаны үшін Қылмыстық кодекстің 273-бабы бойынша жауапкершілік қарастырылған. Заңға сәйкес мұндай әрекет үшін айыппұл салынуы, түзеу жұмыстарына тартылуы немесе бас бостандығы шектелуі мүмкін.

Сондықтан ұшақта және әуежай аумағында бомба, жарылғыш зат, қару, террорист, ұшақты басып алу немесе жолаушылар мен экипажға зиян келтіру туралы орынсыз әзілдеуге болмайды. Қол жүгінде не багажда қауіпті зат барын айтып қалжыңдау да қауіпсіздік қызметінің дереу әрекет етуіне себеп болады.

Мұндай сөздің әзіл ретінде айтылғаны қауіпсіздік қызметі үшін маңызды емес. Өйткені ықтимал қауіп туралы кез келген ақпарат міндетті түрде тексеріледі.

Бір ауыз орынсыз сөздің соңы өз рейсіңіздің кешігуіне ғана емес, жүздеген адамның жоспарының бұзылуына және заң алдында жауап беруге дейін апаруы мүмкін.

Еске салайық, бұған дейін Алматы әуежайында ұшақ зейнеткердің сәтсіз әзілінің кесірінен 2 сағатқа кешіккені хабарланған еді. Ақпаратқа сәйкес, бортсерік сөмкені ұшақтың үстіңгі сөресіне көтере алмаған. Оған жасы үлкен жолаушылардың бірі көмектеспек болған. Ол сөмкенің ауырлығына қатысты сәтсіз әзіл айтып, оның ішінде жарылғыш зат болуы мүмкін екенін мәлімдеген. Осының салдарынан рейс екі сағатқа кешігіп ұшты. 

Балнұр Рахматуллақызы
Жұма, 11 Қыркүйек, 2026 15:53