Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Балағат сөздер айтқан: Алматы-Астана бағыты бойынша ұшатын рейске екі мас жолаушы мінгізілмеді

жолаушы
Фото: Көліктегі полиция департаменті

Алматы әуежайында Астанаға ұшатын рейске мас күйде келген екі жолаушы ұшаққа мінгізілмеді. Олар тіркеу кезінде қоғамдық тәртіпті бұзып, жанжал шығарған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Әуе компаниясы қызметкерлері полиция шақырған. Оқиға орнына келген тәртіп сақшылары 37 жастағы алматылық пен Түркістан облысының 26 жастағы тұрғынын рейске жібермей, ұшақтан түсірген.

Тексеру барысында екі ер адамның да мас күйде болғаны анықталды. Сонымен қатар олардың кішісі былапыт сөздер айтып, өзін агрессивті ұстаған.

Көліктегі полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Теміржан Рамазанов мән-жайды айтты. Оның сөзінше, құқық бұзушылардың біріне қоғамдық орында мас күйде жүргені үшін әкімшілік хаттама толтырылған. Бұл құқық бұзушылықты ол қайталап жасағандықтан, іс материалдары сотқа жолданған.

Екінші жолаушы қоғамдық орында мас күйде жүргені үшін 10 АЕК (43 250 теңге) көлемінде, ал ұсақ бұзақылық жасағаны үшін қосымша 20 АЕК (86 500 теңге) айыппұл арқалады.

Полиция әуежайлар мен өзге де көлік нысандарында қоғамдық тәртіпті бұзғандар сапарынан қағылып қана қоймай, әкімшілік жауапкершілікке, ал кей жағдайда қылмыстық жауапкершілікке де тартылатынын айтты.

Айта кетейік, бұған дейін Ұшақтағы жолаушыны иллюминатор сыртқа тартып кете жаздағаны туралы жазған едік. 

Нұрила Жұмаділлә
Жұма, 24 Шілде, 2026 22:19
Талқылау