Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Он жыл аздық етеді": Қазақстандықтар мас күйде көлік жүргізгендерге жазаны қатаңдатуды талап етті

мас жүргізуші
Фото: magnific.com

Қазақстандықтар мас күйде көлік жүргізіп, адам өліміне әкелген жол-көлік оқиғалары үшін қылмыстық жауапкершілікті күшейтуді талап еткен қоғамдық петицияны Gosrating платформасында жариялады. Бұған Алматыдағы әл-Фараби даңғылында болған қайғылы жол апатына қатысты шығарылған үкім себеп болды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

2026 жылғы 22 маусымда Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық қылмыстық соты мас күйінде көлік жүргізген Александр Пакты Қылмыстық кодекстің 345-1-бабының 4-бөлігі бойынша кінәлі деп танып, заңда көзделген ең жоғары жаза – 10 жылға бас бостандығынан айыру және өмір бойы көлік жүргізу құқығынан айыру туралы үкім шығарды. Ол жазасын қауіпсіздігі ең төменгі мекемеде өтейді.

Петиция авторларының пікірінше, тіпті ең жоғары жаза да жасалған қылмыстың ауырлығына сай келмейді. Себебі қазіргі заң бойынша бұл қылмыс абайсызда жасалған деп есептеледі, сондықтан сот одан да қатаң жаза тағайындай алмайды.

Петиция авторларының ұсыныстары:

  • Қылмыстық кодекстің 345-1-бабының 4-бөлігі бойынша ең жоғары жаза мерзімін 10 жылдан 15 жылға дейін ұлғайту;
  • Мұндай ауыр қылмыс жасағандарды қауіпсіздігі орташа деңгейден төмен емес түзеу мекемелерінде жазасын өтеуге міндеттеу;
  • Шартты түрде мерзімінен бұрын босату немесе жазаны жеңіл түрімен ауыстыру мүмкіндігін шектеу;
  • Егер мас жүргізушінің әрекеті саналы түрде адам өміріне аса қауіпті жағдай туғызғаны дәлелденсе, мұндай оқиғаны қасақана жасалған қылмыс ретінде қарастыру мүмкіндігін енгізу.

Авторлардың айтуынша, қазіргі заң бірнеше маңызды факторды толық ескермейді. Мысалы:

  • қаза тапқандар саны;
  • жылдамдықтың өте жоғары болуы;
  • алкогольдік масаңдықтың деңгейі;
  • жалған мемлекеттік нөмірлерді пайдалану.

Петицияда Ішкі істер министрлігінің деректері де келтірілген:

  • жол-көлік оқиғаларының шамамен 20%-ын мас жүргізушілер жасайды;
  • алайда жол апатынан қаза болғандардың 40%-ға жуығы осындай оқиғалардың салдары;
  • 2025 жылы Қазақстан жолдарында 2330 адам қаза тапқан;
  • жыл сайын 30 мыңнан астам мас күйде көлік жүргізу дерегі тіркеледі.

Петиция авторлары бұл мәселе жүйелі сипатқа ие екенін айтып, заңнаманы одан әрі қатаңдату қажет деп есептейді.

Сонымен қатар олар 345-1-баптың өзі 2013 жылы болған Мақсат Үсеновтің ісінен кейін енгізілгенін еске салады. Сол кезде мас жүргізуші бір адамды қағып өлтіргенімен, жәбірленушілермен татуласуына байланысты қылмыстық жауапкершіліктен құтылған еді. Осы оқиға қоғамда үлкен наразылық туғызып, кейін арнайы баптың қабылдануына негіз болды. Қайғылы жол апаты 2026 жылғы 21 наурызға қараған түні әл-Фараби даңғылы мен Меңдіқұлов көшесінің қиылысында болды.

Тергеу мәліметтері бойынша Zeekr электромобилін басқарған Александр Пак қарсы қозғалыс жолағына шығып кеткен. Ол Mercedes автокөлігімен соқтығысқан. Оқиға орнында Mercedes жүргізушісі (1996 жылы туған) және оның екі жолаушысы (2003 және 2005 жылы туған) қаза тапқан. Сараптама нәтижесіне сәйкес соқтығыс алдындағы көлік жылдамдығы шамамен 219 км/сағ болған. Жүргізушінің қанынан 1,3 промилле этил спирті анықталған (ауыр дәрежедегі алкогольдік масаңдық) және көлік жалған мемлекеттік тіркеу нөмірлерімен жүрген.

Еске салайық, бұған дейін Таразда Сарысу аудандық полиция бөлімінің әкімшілік полиция басқармасының басшысы Әкімжан Қанатбековтың мас күйде көлік жүргізді деген күдікке ілінгені туралы видео тараған. Жамбыл облысы полиция департаменті аталған факті бойынша қызметтік тексеріс басталғанын хабарлап, заң бұзушылығы дәлелденсе, оның ішкі істер органдарынан теріс себептермен жұмыстан шығарылатынын мәлімдеген еді. Ал әлеуметтік желіде оқиғадан кейін шенеуніктің денсаулығына байланысты демалысқа шыққаны жөнінде расталмаған ақпарат тараған.

Айым Атамбаева
Жұма, 26 Маусым, 2026 10:46