Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматы облысында жантүршігерлік жол апатынан ерлі-зайыпты көз жұмып, үш баласы тірі қалды

Жол апаты адам өлімі
Фото: Видеодан скрин

Алматы облысында Алматы-Шелек-Қорғас тасжолында болған жол-көлік оқиғасы салдарынан үш адам қаза тапты. Жол-көлік оқиғасына қатысты қылмыстық іс қозғалды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Жантүршігерлік жол апаты 23 маусым күні болған. Алдын ала мәлімет бойынша, Haval көлігінің жүргізушісі рөлге ие бола алмай, қарсы бағыттағы жолаққа шығып кетіп, Audi 100 автокөлігімен соқтығысқан. Қатты соққыдан Audi 100 көлігінің жүргізушісі мен екі жолаушысы ауыр жарақат алып, оқиға орнында көз жұмды.

Жол-көлік оқиғасына байланысты қылмыстық іс қозғалды. Haval жүргізушісі ұсталып, қамауға алынды.

Қазір оқиғаның барлық мән-жайы мен себептерін анықтау үшін тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Тергеу барысын облыстық полиция департаментінің басшылығы ерекше бақылауға алды. 

Сонымен қатар қаза тапқан адамдардың туыстары жол апатынан бір отбасының түгел көз жұмғанын айтып отыр. Олардың сөзінше, апат салдарынан әкесі, анасы және ересек қызы қайтыс болған. Жақындарының айтуынша, қайғылы оқиғадан кейін үш бала ата-анасыз қалған.

Марқұмдардың туыстары Haval көлігінің жүргізушісі мас күйде болған болуы мүмкін дейді.

Сондай-ақ олар жол-көлік оқиғасына қатысушылардың арасында Алматы облысы полициясының қызметкері болуы ықтимал екенін айтты.

Марқұмдардың туыстары жол апатына құқық қорғау органының қызметкерінің қатысы болған болса, тергеу әділ өтпеуі мүмкін деп алаңдап отыр. 

“Біз бірден үш жақынымыздан айырылдық. Артында ата-анасын енді ешқашан көрмейтін балалар қалды. Кінәлілер жауапкершіліктен құтылып кете ме деп қорқамыз. Сондықтан істің ашық, жан-жақты әрі әділ тергелуін сұраймыз”, – дейді марқұмдардың туыстары.

Қазір апатқа полиция қызметкерінің қатысы болуы мүмкін деген ақпарат ресми түрде расталған жоқ.

Stan.kz редакциясы осы ақпаратты растау үшін Алматы облысының полиция департаментіне сұрау салды. 

“Қылмыстық-процессуалдық коддекстің 201-бабына сәйкес, тергеу мүддесі үшін өзге мәліметтер жария етілмейді”, – деп жауап берді полиция.

Алайда қаза тапқандардың отбасы құқық қорғау органдарынан тергеудің барынша ашық жүргізілуін және оқиғаның барлық мән-жайына заң аясында әділ баға берілуін талап етіп отыр.

Желі қолданушылары жазбаның астында ақпарат толық берілмегенін, тәртіп сақшыларының кей ақпаратты жасырып қалғанын жазды.

“Неге рөлде әріптестеріңіз болғанын, олардың мас болғанын айтпайсыздар?”, “Неге бар шындықты айтпайсыздар? Рөлде құқық қорғау органдарының қызметкерлері болғанын, олардың мас болғанын, қасақана қарсы жолаққа шығып кеткенін айтыңдар. Ол қалай рөлге ие бола алмай қалды? Онда қоршау болды, қоршаудан ұшып өтті ме? Бүтін бір отбасыны ойрандады. Балалар ата-анасыз, бір жасар бала анасыз қалды”, “Жазықсыз адамдар өліп кетті. Кінәлілер лайықты жазасын алсын”, – деп жазды желідегілер. 

Stan.kz
Сәрсенбі, 24 Маусым, 2026 15:07