Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Көкшетауда жалғызбасты ананы қағып өлтірген әйел 2,5 жылға сотталды: Бірақ жазасын кейін өтейді

Көлік әйелді қағып өлтірді
Фото: Видеодан скриншот

Көкшетауда жүргізуші куәлігі жоқ әйел көлікпен жаяу жүргіншіні қағып, оның өліміне себепкер болғаны үшін 2,5 жылға сотталды. Алайда екі кәмелетке толмаған баласының болуына байланысты сот оның жазасын өтеуді үш жылға кейінге шегерді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Көкшетауда жүргізуші куәлігі болмаса да көлік тізгініне отырып, тұрғын үй ауласында жаяу жүргіншіні қағып кеткен әйелге қатысты сот үкімі шықты. Жол апаты мамыр айында болған. Әйел көлікпен аулаға бұрылып келе жатып, жаяу жүргіншіні қағып кеткен. Зардап шеккен әйел ауыр жарақат алып, кейін ауруханада көз жұмған.

Сотталушы өз кінәсін толық мойындады. Оның айтуынша, күйеуінің денсаулығы сыр бергендіктен және оның рұқсатымен рөлге отырған. Алайда оның жүргізуші куәлігі болмаған.

Сот әйелді 2 жыл 6 айға бас бостандығынан айыруға үкім етті. Дегенмен оның екі кәмелетке толмаған баласы бар болғандықтан, жазаны өтеу мерзімі үш жылға кейінге шегерілді.

Сот әйелдің бұрын қылмыстық және әкімшілік жауапкершілікке тартылмағанын, жасаған ісіне өкінгенін және моральдық шығынды өтегенін ескерді.

Сондай-ақ марқұмның туыстары оны бас бостандығынан айырмауды сұраған.

Бұдан бөлек, көлік иесі сотталушының жұбайына қатысты да тергеу жүріп жатыр. Ол жүргізуші куәлігі жоқ адамға көлік басқаруға рұқсат берген. Қайтыс болған әйел 52 жаста болған. Ол 12 жастағы қызын жалғыз тәрбиелеп келген.

Еске салайық, бұған дейін Түркістан облысының Арыс қаласында жеңіл көлік тұрғын үйдің қоршауын бұзып кіріп, аулада отырған адамдарды қағып кеткен еді. Апат салдарынан жүкті әйел, оның екі жасар ұлы және бес жасар қыз бала қаза тапты. Тағы бірнеше адам түрлі жарақатпен ауруханаға жеткізілген. Оқиға бойынша 52 жастағы әйел ұсталып, сотқа дейінгі тергеу басталған еді.

Айым Атамбаева
Сейсенбі, 23 Маусым, 2026 12:35