Түркістан облысында мектеп мұғалімі есік алдында отырған 6 адамды қағып кетті: Қаза тапқандар бар

Түркістан облысында көлік тізгіндеген мас әйел есік алдында отырған 6 адамды қағып кетті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Балаларымен қамсыз отырған қос келіншектің бірі перзентінен айырылса, екіншісі екі жасар ұлымен қоса ажал құшты. Әлі 30-ға да толмаған Айшолпан жүкті болған екен. Тұрғындар сөзінше үш адамның өмірін жалмаған апатқа күдікті мектеп мұғалімі. Қала тұрғындары қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен беретін ұстаз өзін қуған полицейлерден қашып келе жатқанын айтады.
Айдаровтар әулеті айдын күннің аманында келіні мен немересінен айырылды. Қайғыдан қан жұтқан отбасы жантүршігерлік жол апаты қас-қағым сәтте болды дейді. Аулада 30 жастағы Айшолпан көрші тұратын құрбысы және балаларымен алаңсыз отырған екен. Сол сәтте жүйткіп келген көлік кірпіш қоршауды бұзып, алты адамды жан-жаққа ұшырып жіберіпті.
“Машина соққан келіп. Топырақтың астынан тауып алдық кішкентайымызды. Келініміз қораның ішіне кіріп кеткен. Ұшырып жіберген ары қарай. Қатты келді дейді. Баспаған. Тормоз баспаған. Кеше полициялар келді. Тормоздың ізі де жоқ мына жерде. Ішіп алған. Тойып алған. Ол кісі Адамбек мектебінің мұғалімі. Қазақ тілі пәнінен береді. Жиі ішіп тұрады. Ішіп жүргенін де көретінбіз”, – дейді марқұмның туысы Ғани Айдаров.
Тұрғындардың айтуынша, көліктің рөлінде отырған мектеп мұғалімі мас болған. Ол аздай, машинадан түсе сала із суытқан. Сұмдығы сол, жантүршігерлік жол апаты балалардың көз алдында болған екен.
Оқыңыз“Балалары өзіміздің есік алдында ойнап жүрген. Енді мен келген кезде айтып отыр ғой мамам талып қалды деп. Олар енді кішкентай балалар ғой. Өз көзімен көріп отыр. Сөйлей алмайтын баласының өзі маған қарай жүгіріп шықты. Балаларының көз алдында болып жатқан сұмдық жағдай ғой бұл. Інім үйдің асыраушысы қауын анау мынау сатып жүрген. Ол да көрмей кетті ғой енді”, – дейді марқұмдардың туысы Раушан Айдарова.
Апаттан үш адам ажал құшты. 30 жастағы Айшолпан ауруханаға бара жатқан жолда жан тапсырса, екі жастағы ұлы мен көршісінің 5 жастағы қызы оқиға орнында тіл тартпай кеткен. Ал марқұм қыздың анасы мен бір жарым жасар інісі қазір ауруханада жатыр. Тағы бір зейнеткер амбулаториялық емге жіберіліпті.
“1 жас 6 айлық бала жансақтау бөліміне ауыр жағдайда түсті. Бас ми шайқалуымен, оң жақ қабырғаларының көптеген жабық сынығы және сол жақ санының жабық сынығымен. 30 жастағы науқас хирургия бөліміне жатқызылды. Орта дәрежелі жағдайда”, – деп мәлімдеді Арыс аудандық орталық ауруханасының дәрігері Айдар Ақбаров.
Көз жұмған және ауруханада жатқан әйелдер балабақшада тәрбиеші болып жұмыс істеген. Ал, үш адамның өліміне себепші болған 52 жастағы күдікті қазір қамауда отыр. Тұрғындардың айтуынша, ол бос уақытында жолаушы тасымалдап, нәпақа тапқан. Сөздеріне сенсек, тергеуге алынған ұстаз қайғылы оқиға күні ішімдікке сылқия тойып алып, полицейлерден қашып келе жатқан.
Еске салайық, бұған дейін Көкшетауда тұрғын үйдің автотұрағына кіреберіс жерде әйелді көлік қағып, оқиға орнында көз жұмған еді.
Әл-Фараби даңғылындағы жол апаты: Куәгерлер "сотталушы ішімдік ішті ме?" деген сұраққа жауап бере алмады