Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Астана мен Шымкентте жүк көлігі қағып кеткен балалардың ата-аналары жауапкершілікке тартылуы мүмкін

Жүк көлігінің дөңгелегі
Фото: freepik.com

Ішкі істер министрлігі Астана мен Шымкентте жүк көліктерінің астына түсіп қаза тапқан балалардың ата-аналарын әкімшілік жауапкершілікке тартылуы мүмкін екенін мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Бұл туралы мәжіліс кулуарында ішкі істер вице-министрі Санжар Әділов айтты. Оның айтуынша, шешім тек тексеріс аяқталып, барлық мән-жайлар анықталғаннан кейін қабылданады.

"Астанада КамАЗ-дың баланы қағып кету дерегі бойынша қылмыстық кодекстің 345-бабының 3-бөлігімен қылмыстық іс қозғалды. Жүргізушіге 5 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Ата-аналарға келетін болсақ, егер олардың әрекеттерінен әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 127-бабы бойынша белгілер анықталса, олар да әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Бұл Шымкенттегі де, Астанадағы да жағдайларға қатысты. Қазір тергеу жүргізілуде”, – деді вице-министр.

Айта кетейік, әкімшілік кодекстің 127-бабы кәмелетке толмаған балаларды тәрбиелеу, асырау және олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі міндеттерін орындамағаны үшін ата-аналарға немесе заңды өкілдерге жауапкершілік жүктейді.

Бұл бап бойынша бірінші рет құқық бұзғаны үшін 43 250 теңге (10 АЕК) мөлшерінде айыппұл қарастырылған. Егер бір жыл ішінде құқық бұзушылық қайталанса, айыппұл 64 875 теңгеге (15 АЕК) дейін өседі, сондай-ақ бес тәулікке дейін әкімшілік қамауға алу жазасы да берілу мүмкін.

Еске салсақ, 2026 жылдың 26 мамырында Астанада велосипед мінген бала бетон араластырғыш көліктің астына түсіп, қаза болған еді. Ал Шымкентте дүкенге бара жатқан 11 жастағы баланы жаяу жүргіншілер өткелінде жүк көлігі басып, мерт қылды.  

Дана Русланқызы
Сәрсенбі, 03 Маусым, 2026 19:09