Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Жүк көліктерінің қалаға кіруіне тыйым салына ма – ІІМ мәлімдеме жасады

жүк көліктері
Фото: magnific.com

Шымкент пен Астанада кәмелетке толмағандардың қазасына әкелген жол-көлік оқиғаларынан кейін қоғамда жүк көліктерінің қала ішінде жүруіне тыйым салу туралы ұсыныстар айтылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов кәмелетке толмағандардың өліміне әкелген жол-көлік оқиғаларынан кейін қалаларда жүк көліктерінің қозғалысына толық тыйым салу мәселесіне қатысты пікір білдірді.

Шымкент пен Астанада болған резонансты жол апаттарынан кейін журналистер Мәжіліс кулуарында ауыр жүк көліктерінің қала ішінде жүруін шектеу жоспары бар-жоғын сұрады.

Санжар Әділовтің айтуынша, аталған екі оқиға бойынша да Қылмыстық кодекстің 345-бабының 3-бөлігі (Көлiк құралдарын басқаратын адамдардың жол жүрісі немесе көлiк құралдарын пайдалану қағидаларын бұзуы) бойынша қылмыстық істер қозғалған.

"Екі дерек бойынша да жедел түрде қылмыстық іс тіркелді. Шымкенттегі жол апатынан кейін жүргізуші ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазір қажетті сот-техникалық сараптамалар тағайындалып, тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр. Тергеу заңда белгіленген мерзімде аяқталады", – деді ол.

Министр орынбасары әрбір қылмыстық іс аясында құқық бұзушылыққа себеп болған жағдайлар мен факторлар мұқият зерттелетінін айтты. Оның сөзінше, жүк көліктерінің қала аумағына кіруіне толық тыйым салу мүмкін емес.

"Қазір еліміз әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан қарқынды дамып келеді. Жүк көліктері құрылыс саласында, коммуналдық қызметтерде, логистикада және қалалық инфрақұрылымның жұмысын қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарады. Сондықтан олардың қалаға кіруі мен қозғалысына толықтай тыйым салу мүмкін емес", – деді Санжар Әділов.

Сонымен қатар ол жүк көліктерінің қозғалысы қолданыстағы жол қозғалысы ережелерімен нақты реттелетінін атап өтті. Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанда жаз мезгілінде ауыр жүк көліктерінің кейбір республикалық трассаларда жүруіне уақытша шектеу енгізілетіні хабарланған еді.

Еске салайық, Ақтөбе облысында адам өліміне әкелген жол апаты бойынша куәгер ретінде жауап берген жүк көлігінің жүргізушісі Рустам Кашаков тергеу мен сотта жалған айғақ бергені үшін кінәлі деп танылды. Сот оның әріптесін жауапкершіліктен қорғау мақсатында оқиғаның мән-жайын әдейі бұрмалағанын анықтап, үш жылға бас бостандығын шектеу жазасын тағайындады. Ал жол апатына кінәлі деп танылған Renault Magnum жүргізушісі 2,6 жылға сотталып, бес жылға көлік жүргізу құқығынан айырылды. Сонымен қатар ол жәбірленуші тарапқа 13,3 миллион теңгеден астам өтемақы төлеуге міндеттелді.

Айым Атамбаева
Сәрсенбі, 03 Маусым, 2026 13:07